«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМЗАТТЫҢ АҚЫРҒЫ ПАЙҒАМБАРЫ Оған деген сүйіспеншілік бәрінен биік болуға тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алланың рақым етіп жіберген елшісі – Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) дүниеге келген күні биыл қаңтар айының 24-ші жұлдызына сәйкес келді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Мәуліт мерекесі белгіленген тәртіп бойынша жыл сайын аталып өтеді. Бүгін біз әлемді қараңғы қапастан иман нұрына алып шыққан адамзаттың сардары – Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) сүйіспеншілік турасында әңгімелекшіміз.

Қасымхан ИСАЕВ,

ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) жайлы білім деңгейінің таяз болуы мұсылман үшін лайықты емес сипат. Бұл – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігіміздің аздығының дәлелі. Нағыз мұсылманның көкейінде Аллаға және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік барлық нәрседен де биік тұруы тиіс. Себебі, кім қаншалықты Алланы сүйсе, оның Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі де соншалықты болғаны. Құранда Алла тағала: “Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: “Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла тағала сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді де”. (Әли ғымран, 31) деген.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: “Ұлы Жаратушы Жәббәр Алламен ант етемін! Мені өздеріңнен де, ата-аналарыңнан да, отбасыларыңнан да және дүниедегі барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше, сендердің ешқайсыларың иман келтірген болмайсыңдар” деген.

Көркем мінездің барлық қасиеті бойына дарыған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратқа толы ғұмырын оқи отырып, оған деген сүйіспеншіліктің оянбауы мүмкін емес. Тәрбиешілердің ұлысы Алланың тәрбиесінде болған ол кіршіксіз таза өмір жолын кешті. Айша анамыздан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы сұрағандарға: “Оның мінезі Құран болатын” деп жауап қататын. “Ухуд тауындай байлығым болса, оны үш күннен артық ұстамас едім” деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйіне келген сый-сияпатты сол арада-ақ жоқ-жітіктерге таратып беретін. Үйінде айлар бойы тамақ асылмай, құр құрма мен суды қанағат еткен күндері де аз емес еді. Үй ішінде өз киімін өзі жамап, аяқкиімін өзі жөндеп, ешкі де сауатын. Әрдайым науқастарды зиярат етіп, олардың көңілін сұрайтын, көршілерімен тату болатын, сахабаларының арасында өзін тең дәрежеде ұстайтын. Қарапайымдылықты ұнатқан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзін басқалардан бөлектегенді ұнатпайтын. Ол адамдардың арасында ең жомарты, ең батылы, тілі тек туралықты сөйлейтін шыншыл, әрі ең әділі болатын.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын оқитын болсақ, оның өмірінің әрбір тұсы – біз үшін ғибратқа толы өнеге. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі, тумай жатып әкесінің қайтыс болуы, алты жасында шешесінің дүниеден озуы, балалық шағында періштелердің көкірегін тазалауы, өсе келе өзінің әділдігімен, сенімділігімен танылуы, уахидің келуі, алғашқы сахабалар, мүшіріктерден көрген зорлық-зомбылығы, сахабаларымен қарым-қатынасы, отбасымен байланысы, басқа дін өкілдеріне жасаған кеңшілігі осының барлығы мұсылмандар үшін кемелділікке апарар баспалдақ.

Оның ұлы ахлаққа ие екендігі туралы Алла тағала Құранда: “Шын мәнінде сен ұлы көркем мінез иесісің” (әл-Калам: 4) дейді. Осыншалықты көркем мінез иесі болып табылатын Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) сүймеу мүмкін емес шығар.

Сахабалардың Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қалай жақсы көргендігі туралы кейбір хадисті мысалға келтірсек: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында әрдайым жүретін сахабалар оны бір сәт көрмесе тағат таппай, сағыныштан оны қайта көруге асығатын. Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір сахаба келіп: “Иә, Алланың елшісі, шын мәнінде, мен сені өзімнен де, балаларымнан да, бүкіл адамдардан да артық жақсы көремін. Ал қашан мен үйге барып, сен туралы отбасының арасында айта бастасам, менің күш-қуатым мен сабырлығым оған жетпей, сені қайта көру және сенің дауысыңды есту үшін мен үйден атып шығып, саған қарай аялдаймын. Бірақ мені бір нәрсе алаңдатып жүр. Алла тағала жәннаттің ең жоғарғы сатысын саған беруге уәде етті. Егер сені онда көре алмасам, ол жақта мен не істеймін?” дейді. Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) еш нәрсе деп тіл қатпады. Себебі, ол не жауап қатарын білмеген еді. Бірақ та кейін оның жауабын Алланың өзі жіберген еді:

“Ал және кім Аллаға, Пайғамбарға бойұсынса, міне, солар Алла тағала нығметке бөлеген Пайғамбарлар, шыншылдар, шәһиттер және игілермен бірге болады. (Ниса 69).

Иә, бұл Аса Мейірімдіден болған ұлы жауап еді. Жақсылықтың қайтарымы – тек қана жақсылық.

Сол сияқты мына бір оқиға қандай да бір адамды болсын таңырқатпай қоймасы анық: Хунай шайқасында жеңіске жетіп, қайтып келе жатқанда мұсылмандардың алдарынан қарсы келе жатқан бір сахаба әйелді көрген Омар оны бірден тани кетті. Бұл соғыста оның үш бірдей жақыны Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) қорғаған шәһидтердің қатарында болған еді. Сонда Омар оған әкесінің қайтыс болғанын айтты. Бірақ та әйел әкесін іздеп жүрмегенін айтты. Бұл жауапқа таңырқаған Омар оған бауырының шәһид болғанынан хабар берді. Әйел бауырын да іздеп жүрмегенін айтты. Бұған одан да бетер қайран қалған Омар оның күйеуінің де қайтқанын білдірді. Сонда әлгі әйел: “Мен күйеуімді де іздеп жүрген жоқпын, мен Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) іздеп жүрмін, ол үшін қатты қорқамын, оған бірдеңе болып қалған жоқ па, жаралы емес пе екен?” деп жауап берді. Міне, бұл сахабалардың әйелдерінің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігінің бір ғана көрінісі еді.

Олардың сүйіспеншіліктері еш риясыз болатын. Тек бір Алланың разылығын іздеген, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) адал жолдас болған жандар еді. “Ухуд тауындай алтынды садақа етсеңдер де, сахабаларыма жете алмайсыңдар” деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оларға деген сүйіспеншілігі де ерекше еді.

Ал біз Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сезімімізді қалай білдіреміз?

Бүгінгі күні біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігіміз әлсіз. Бір-бірімізбен кездесе қалсақ, Пайғамбар туралы өте аз айтамыз немесе тіпті еске де алмаймыз. Керісінше, біз өмірдегі мәселелерді, жұмысымыз жайлы, балаларымыз туралы сөз қозғауымыз көбірек кездесіп жатады. Бұл иманның әлсіздігінен. Негізінен әрбір мұсылман үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) орны бәрінен артық болуы қажет. Себебі, кімде-кім біреуді қатты жақсы көрсе соның айтқанымен жүруге немесе істеген ісін қайталауға тырысып бағады. Сондықтан, біздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігіміз оның сүннет амалдарын оқып, үйрену, амал ету арқылы күшейеді. Ал оның сүннеті бүкіл өмір жолы болып табылады. Оның ғұмыры тек Аллаға бойұсынудан, оның әмірін адамдарға жеткізуден тұрады. Ал біз қаншалықты Пайғамбар өмірін білсек, соншалықты оның сүннетін орындай аламыз. Оның сүннетімен жүру арқылы біз оған деген сүйіспеншілігімізді дәлелдейміз. Ал Нәбиге деген сүйіспеншілік – Аллаға деген сүйіспеншіліктің айғағы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp