«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЛІК пен ХАЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМДІ НЫҒАЙТУ – “Нұр Отанның” басты мақсаты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық Мәдениет үйінде “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының кезектен тыс XVI конференциясы өтті. Оған “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, өңір басшысы Самат Ескендіров, мәслихат депутаттары, партияның облыстық филиалының белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелері қатысты.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Самат ЕСМАҒИ,

журналист.

Өңірлерді дамыту жөніндегі соңғы өткен кеңес барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар мемлекеттік бағдарламаның тиімсіз орындалғаны үшін облыс басшылығын сынға алған болатын. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің осы жолғы алғашқы сапарының басты мақсаты өңірдегі нақты хал-ахуалды білу және партиялық филиал жұмысымен танысу екен.

 

Бауыржан Байбек іссапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың нақты мәселелері бойынша жергілікті партия өкілдеріне оларды шешу жөнінде тапсырмалар берген.

Конференцияда өңір басшысы Самат Ескендіров “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Облыс әкімі өзіне сеніп тапсырылған жаңа қызметін адал атқарып, Елбасы қойған міндеттер мен тапсырмаларды орындауға бар күш-жігерін жұмсауға уәде берді.

Бауыржан Байбек партия белсенділері алдында сөйлеген сөзінде “Нұр Отанның” алдағы уақытта іске асырылатын жұмыс бағыттарын ортаға салды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы, партия Төрағасының тапсырмасы бойынша өңірлердегі жұмыс пен жастар саясаты басты назарға алынатыны туралы айтылды. “Партияның басты мақсаты билік пен халық арасындағы сенімді нығайту болып табылады. Осыған орай партияның қоғамдық қабылдау бөлімдерінің қызметі жаңартылады: азаматтардың жеке қабылдауын тек қана депутаттар емес, сондай-ақ министрліктер мен мекемелердің бірінші басшылары да өткізетін болады”, – деді Бауыржан Байбек.

Бүгінгі күні СҚО бойынша “Нұр Отанға” 45 мың адам мүше. Ал депутаттардың 99 пайыздан астамы осы партия атынан қызмет етуде. Нұротандықтардың басты міндеті 2050 жылға дейінгі Стратегия негізінде әрекет етіп, Қазақстанды бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елдің қатарына енгізу болып отыр.

* * *

Облысымызға іссапары барысында “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттерімен кездесті.

Жастардың мәселелерін шешуді қарастырған жиын бұл. Сондықтан да оған өздерінің болашақтарына жүрдім-бардым қарамайтын белсенділер қатысты. Отырыста жергілікті жердегі жасотандықтардың атқарылған жұмыстары сараланып, алдағы бағыт-бағдарлары ортаға салынды.

Ол жайында “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Самат Жәкенов құлағдар етті. Басқосуда жас отбасыларға арналып салынатын баспана мәселесіне баса назар аударылды. Ол үйлердің іргетастары қаланып та қойған. “Бұл үйлердің барлығы бір маңайға орналастырылады. Ол жастар ықшамауданы болмақ. Қазір аталмыш құрылыс алаңында партиялық бақылау бекеті жұмыс істеуде. Ол құрылысшылардың қордаланған мәселелерін шешуге, құрылыс барысын бақылауға және пәтер бөлу мөлдірлігін қамтамасыз етуге септеседі деген ойдамыз”, – деді Самат Жәкенов.

Жастарды жұмысқа орналастыру да біртіндеп сәтті шешіліп келеді. Алайда, мәселе де жоқ емес. Мәселен, аудандарда жастар саясаты бағдарламасын жүзеге асырудың сылбырлығы. Бірақ ауыл жастары еліміздің саяси өміріне белсене араласуда. “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: “Бұл өте дұрыс, қазіргі күні белсенді жастарға барынша жағдай жасалуда, олар үшін мол мүмкіндік қарастырылған. Салынған зауыттар, мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың барлығы – елдің де, жердің де көркі. Сол себепті біз, жастар оны қорғап, қолға алып, ата-аналарымыздың бастаған ісін жалғастыруымыз керек. Елбасы да мұны жиі айтады”, – деді.

Жиында жетекші партияның алда атқарар жұмыстары жайында да көп ойлар ортаға салынды. Бауыржан Байбек бұл ретте әрбір партия өкілі қарапайым халық пен билік арасындағы көпір іспеттес болу керек деген ойда. “Нұр Отан” партиясының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – осы.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Самат Ескендіров солтүстікқазақстандық жастардың алдындағы бағындырар асулардың көптігіне тоқталды. “Бұл оқу орнында тек қала емес, әрбір ауданнан келген студенттеріміз бар. Бүгінгі кездесуден кейін жұмыстарымызды бірге жалғастырамыз деген үміттемін”, – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp