Сәрсенбі күні облыстық тарихи-өлкетану мұражайында фотокөрме өтті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Көрме көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болған Фазыл Кәрібжановтың 100 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Оның туып-өскен ортасы мен қызмет еткен орындарына дейін толық мағлұмат беретін құжаттар көрмеге аз да болса қойылған. Шағын көрмені ұйымдастыру үшін мұражай қызметкерлері Алматы қаласындағы мемлекеттік мұрағат пен оның облысымыздағы филиалынан құжаттардың көшірмесін алдыртқан екен. Құжаттар арасынан Фазыл Кәрібжановтың өз қолымен жазған өмірбаяны ерекше көзге түседі. Ол 1912 жылы Омбы облысында дүниеге келіп, 1938-1940 жылдары – агроном, 1941-1945 жылдары – нұсқаушы, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған.
– Фазыл Кәрімұлы облысымызда Ұлы Отан соғысы жылдары қызмет етті. Осы жылдар ішінде майданға үлкен көлемде азық-түлік жіберіп, үздік көрсеткіштерге ие болған. 1946 жылы Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы, кейін облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады.1953 жылдан бастап ауыл шаруашылығы министрі, 1960 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы қызметтерін атқарды. 48-ақ жыл өмір сүрсе де, аз уақыттың ішінде елдің дамуына үлкен үлес қоса білді, – деді тарихи- экспозициялық бөлімнің маманы Вера Андреева.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.