М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың бастығы Виктор Молодовскийдің аталмыш жоғары оқу орнындағы жастар ұйымдарының мүшелерімен және республикалық жастар бірлестіктерінің өңіріміздегі филиалдарының көшбасшыларымен кездесуі өтті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру, сонымен қатар облысымызда жастар саясатын белсенді түрде дамытуға арналған жиында Виктор Молодовский өзі басқаратын мемлекеттік мекеменің қызметі, негізгі бағыттары, сондай-ақ жастар арасындағы мәселелерге тоқталды.
Басқарма бастығы жаңа құрылған ведомствоның басты міндеттерінің бірі – жастардың патриоттық тәрбиесі мәселесіне назар аударып, жастардың бүгінгі проблемаларын жан-жақты зерттеу, олардың бойында өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыру екендігін атап өтті.
Өткен жылы облыс бойынша жастар саясатын жүргізуге бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 498 жас маман ауылдық жерде жұмыс істеуге аттанса, “Жастар тәжірибесі” бойынша 700 адам еңбекпен қамтылып отыр. Сонымен қатар 170 адам “Жасыл ел” жасағында еңбек еткен.
Дей тұрғанмен, бүгінде облысымызда жастардың саны 148 мыңдай болғанымен, өңірде бар-жоғы 57 жастар ұйымы тіркелген екен. Олардың да тек жартысы іс жүзінде жұмыс істесе, қалғандары қағаз жүзінде ғана.
Жиында жастарды толғандырып жүрген жұмыссыздық пен жеке баспана мәселелері сөз болды. Жуырда жүзеге асырыла бастаған “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аталмыш мәселенің шешілуіне өз септігін тигізбек. Жастар масылдыққа бой алдыратын болса, мемлекеттің де болашағы бұлыңғыр болатыны белгілі. Осы орайда облысымызда жастардың еңбек биржасы жұмыс істей бастады.
Шара барысында сөз алған облыстық студенттер альянсының көшбасшысы Нұрсұлтан Әубәкіров пен СҚМУ жастар ісі комитетінің төрайымы, әлеуметтік және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Эльмира Танақұлова бүгінгі таңда жастардың басым бөлігі қоғамдық маңызы бар науқандарда белсенділік таныта қоймайтындығын, бұл өз кезегінде қоғамның алға жылжуына кесірін тигізетіндігін айтып, кез келген науқанға жастарды тартудың маңызы зор екендігін тілге тиек етті.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан облыстың жастар ұйымдары өз іс-шараларын қайталамауы үшін қарым-қатынасын жақсартып, ортақ ұйым құруды және жаңа оқуға түскен, қоғамдық өмірге белсене араласқысы келген әрбір студентке өңірлік жастар ұйымдары жайлы ақпарат қолжетімді болуы үшін СҚМУ-дің сайтында арнайы бет ашу ұсынылды. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың өкілдері мен жиынға қатысушылар ұсынысты бірауыздан қолдады.