Жақында Бішкекте бокстан Кеңес Одағының Батыры Дуйшөнкул Шопоқовты еске түсіруге арналған халықаралық дәстүрлі турнир болып өтті. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қытай сияқты елдерден 200 боксшы қатысқан халықаралық турнирде біздің еліміздің бірнеше былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Олардың арасында болған Игорь Шанин екінші орынды иеленді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сайыста жүлделі орын алып келген спортшыны жеңісімен құттықтау мақсатымен облыс орталығындағы “Бокс” балалар мен жасөспірімдер мектебіне бардым. Кең жаттығу залында өзге боксшылармен бірге жаттығып, қара терге түскен 20 жасар Игорьдің жетістігіне бапкері Ринат Сейітмұхаметов қуанып отырғандығын жасырмады.
– Жарыс біздің жігіттерімізге оңайға түскен жоқ. Бұл турнирде боксшыларымыз 2 алтын, 5 күміс, 4 қола жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынға ие болды. Командалық есепте бірінші орынды Қырғызстан иеленді. Жалпыкомандалық есепте екінші орынға өзбектер орналасты.
Бішкекте 90 килограмнан жоғары салмақта сынға түскен Игорь осал еместігін алғашқы кездесуінде байқатты. Алғашқы жекпе-жегінде қырғыз боксшысымен қолғап түйістірген ол қарсыласын нокаутпен ұтыпты. Екінші және үшінші кездесулерде екі қытайлықтың біреуін – нокаутпен, екіншісін ұпай санымен ұтқан. Ал жарыстың финалында техника мен айла-тәсілін жасап, қарсыласынан басым түскенімен, бірақ төрешілер шешімі мүлде басқа болды. Сөйтіп, жеңіс өзбек боксшысына бұйырды.
Петропавл темір жол колледжін тамамдап, биыл Ақмола облысының “Көкше” академиясында сырттай оқуын жалғастырып жүрген Игорь 1992 жылы облыс орталығында туыпты. Алғаш рет бокс үйірмесіне досымен еріп келген.
– Сол күннен бастап Ринат Сейітмұхаметовтің қарамағында 6 жылдай жаттығып жүрдім. Өмірімді бокссыз елестете алмаймын. Бокспен айналысуға ниет білдіргендердің басым бөлігі жұдырықтасуды ғана үйренгілері келеді. Ал мен болсам, бокста чемпион атанып, кәсіби боксшы болуды алдыма мақсат қылдым, – деген Игорьдің осы жылдардың ішінде жеткен жетістіктері аз емес. Ол – бокстан ел біріншілігінің күміс жүлдегері, Алматыда өткен халықаралық турнирдің чемпионы.
Сөз соңында спортшы бала кезінен келе жатқан асыл арманы барын жасырмады. Игорь өз салмағында абсолюттік чемпион дәрежесіне жету, халықаралық сайыстар мен олимпиадаларда жеңіс тұғырына көтерілуді көздейді.