Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше облыстық мәслихаттың кіші залында ардагерлер активімен кездескен облыс әкімі Самат Ескендіров өз сөзін осылай бастады. Бұл лебіз көпшіліктің көңілін лекітті: әрқайсысының есімдері аталғанындай бәрі де қуанып қалды. “Армысыздар?!” деген ұғымның да аясы кең ғой: үй ішінің, бала-шағаның, немере-жиендердің амандығы, денсаулықтың жағдайы – бәрі де бір сөзге сыйып тұрған жоқ па?!
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовтің қысқаша хабарламасынан кейін сөз алған өңір басшысы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бес саусағындай білетіндігін паш етті: ешқандай қағазға қарамастан, бәрін де жайып салды. Алдымен ауыл шаруашылығына тоқталған ол Аққайың ауданының екі серіктестігі лизинг арқылы шетелден сатып алған көп малдың індетке ұшырағанына қатысты былай деді: “Мен аграршылармен кездестім. Әкімдіктің ұстанымы – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін шығынға жол бермеу. Біріншіден, мал лизинг арқылы әкелінді. Ол “ҚазАгроФинансқа” тиесілі. Біздің аграршылар бастапқы жарнаны төлеген болатын, малды бес ай күткен шығынды қосыңыз. Біз мынаған келістік: министрлік пен әкімдік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бүкіл шығынының орнын толтыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге тиіспіз”.
Мал қыстату да ойдағыдай өтіп жатқанын айта келіп, өңір басшысы биыл жарық, жылу және сумен жабдықтау желілерінде апат жиілей түскеніне қынжылыс білдірді.
Міне, осылай Самат Сапарбекұлы өнеркәсіптен бастап, мәдениетке дейінгі барлық саладағы жай-жапсарымызды жіпке тізгендей баяндап берді.
Бәрі дерлік басшы қызметтер атқарған ардагерлерге осыдан кейін кезек берілді. Бірінші болып бой көрсеткен Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь Қызылжар қарияларының санына қатысты статистикалық деректерді айта келіп, Жеңіс саябағын одан әрі көркейтіп, онда Кеңес Одағының Батырлары саяжолын салу туралы ұсыныс жасады. Александр Липовой футбол спортын дамыту уақыт талабы екендігін білдірді. Ал Болат Сағындықов облыс орталығындағы Еске алу қабырғасын мемориалға айналдыру мәселесінің шешімі табылуын тілейтінін жасырған жоқ. Кезінде облыс өнеркәсібіне жетекшілік жасаған Виктор Агеев бұл күні көп сөйледі, бірақ дөп сөйледі дей алмаймыз. Кеңестік кезеңде өнеркәсібіміздің көрсеткіштері тау-тау астығы бар ауыл шаруашылығынан кем болмаған көрінеді. Осы олқылықтың орны толмай тұрғанына қынжылған ол қорғаныс зауыттарының келмеске кеткенін түсінгісі келмейтіндей сыңай танытты. Қазіргі жоғары технологияның заманында бір адам он адамның жұмысын тындыра алатындығын ескере бермейтініміз қалай? Зинаида Беева болса, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында басшылар құтаймай қоймағанына қынжылды. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Самат Ескендіров айтылған нәрселер аяқсыз қалмайды деп сендірді.