Жыл сайын қалыптасқан әдетпен биыл да оқу-әдістемелік орталықта облыстың балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің он екі айдағы жұмысын қорытындылаған жиын болып өтті.
Есілбай ОМАРОВ,
спорт мектептерімен жұмыс бойынша облыстық оқу-әдістемелік орталықтың
әдіскері.
Бұл байқауға үш аталым бойынша он бір аудандық (Уәлиханов, Айыртау аудандарынан басқа), жеті қалалық және олимпиадалық резервтегі алты спорт мектептері қатысты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер спортшылардың жетістіктеріне және ұйымдастырушылық жұмыстарға орай жинаған ұпайлары басшылыққа алынып, анықталды.
Аудандық мектептердің көшбасшысы – Ақжар ауданы (директоры – Мұхаммед Шәпенов) 3440 ұпай алды. Екінші және үшінші орындарды, тиісінше, Аққайың (директоры – Сұлтан Норбаев, ұпайы – 2410), Тайынша (директоры – Самат Ағзамов, ұпайы – 2290) бөлісті.
Қала спорт мектептерінің үздігі Серік Сүлейменов басқаратын “Гимнастика” мектебі 5605 ұпай алды. Екінші жүлде иеленген “Күрес” мектебі (директоры – Ғалым Өркешов) 4005 ұпайға қол жеткізді. Үшінші жүлдені 2260 ұпаймен ұлттық спорт мектебі (директоры – Есләмбек Бекмұрзин) еншіледі.
Олимпиадалық резервтегі мектептердің топжарғаны – 5930 ұпай алған “Дельфин” мектебі (директоры– Теміртас Әлжанов). Одан кейінгі орындар велосипед спорты мектебіне (директоры – Владимир Парахин, ұпайы – 4560) және “Жеңіс” мектебіне (директоры – Виктор Лаврик, ұпайы – 4070) бұйырды.
Спорт мектебінің жұмысын безендіру бойынша қосымша санаттың жеңімпазын анықтаған комиссия мүшелері бұл атаққа Ақжар аудандық оқу орнын лайықты деп тапты.
Ауылдық жерлердегі мектептердің арасында Шал ақын және Қызылжар аудандық мектептері оқу-жаттығу үрдісін ұйымдастырудағы олқылықтарға сәйкес тиісінше оныншы және он бірінші орындарды місе тұтты. Ал “Футбол” мектебі қалалықтардың көш соңында қалды.
Жеңімпаз болған қалалық “Гимнастика” және олимпиадалық резервтегі “Дельфин” мектептерінің әрқайсысына 500 мың теңге, аудандар ішінен Ақжар ауданына – 250 мың теңге, Аққайың ауданына – 150 мың теңге, Тайынша ауданына 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.