«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЫЛТЫРҒЫ ЖЫЛ САЛЫҒЫ ТОЛЫМДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайрат ЖОЛМҰХАМБЕТОВ,

облыстық салық департаментінің бастығы.

Облыстық салық департаменті 2012 жылды табысты аяқтады. Жалпы өңір бойынша салықтар мен басқа міндетті төлемдерден салық органдарының есепшотына 45,8 млрд. теңге түсті, соның ішінде республикалық бюджетке – 23,9 млрд. теңге, жергілікті бюджетке – 21,9 млрд. теңге. Бюджеттердің барлық деңгейлерінің болжамдары 100 пайыздың үстінде орындалды. Түсімдердің өсу қарқыны қамтамасыз етілді: ол 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 6,5 млрд. теңгеге артық болды (республикалық бюджетке – 4,3 млрд. теңге, жергілікті бюджетке – 2,2 млрд. теңге көп түсті).

 

Облыс бойынша түспеген салық сомасы жыл басымен салыстырғанда 14,0 млрд. теңгеге немесе 73,0 пайызға азайды, егер ол жыл басында 19,0 млрд. теңгені құраса, жыл соңында 5,2 млрд. теңге болды. Сол сияқты Кеден одағы аясында тауар импорттаушылардан алынатын жанама салық түсімінің өсімі байқалды, атап айтқанда, ол 2010 жылы 4,2 млрд. теңгені құраса, 2012 жылы 13,8 млрд. теңгеге жетті.

Жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін департамент көп істер атқарды, онда, әсіресе, салықтар мен төлемдерді әкімшілдендіруді күшейту жолымен бюджеттің кіріс бөлігін атқаруды қамтамасыз ету негізгі бағытымыз болды, соның ішінде камеральдық бақылауға, жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен бірлесе жүргізілетін іс-қимылдарды күшейтуге ерекше назар аударылды. Салықты әкімшілдендіру нәтижесінде облыс салық органдары қосымша 2,8 миллиард теңгенің түсімін қамтамасыз етті.

Бүгінде облыс салық қызметкерлерінің қолындағы техникалық мүмкіндіктер мен ақпараттық технологиялар кабинетте отырып-ақ барлық жүргізіліп жатқан шаруашылық операцияларын қадағалап, оған басшылық жасауға мүмкіндік береді. Облыста ақпарат қабылдау және оны өңдеу орталықтары (АҚО) жұмыс істейді. Тұрғындардың неғұрлым белсенді бөлігі осы орталықтың салық заңнамасында қарастырылған барлық қызметтерін пайдаланады. Орталық арқылы жылына 357 мыңға жуық құжат өңдеуден өтеді, бұл орта есеппен күніне 1,5 мың құжатты құрайды. Өткен жылы Петропавл қаласының АҚО-да кезектегі күту уақытын реттеуге мүмкіндік беретін “электрондық кезек жүйесі” орнатылды.

Бүгінде салық органдарында 35 өтініш түрлерінің 14 түрі бойынша электрондық нұсқада тапсыру мүмкіндігі жүзеге асырылды. Есепті электрондық әдіспен тапсыру артықшылықтарын түсіндіру жөніндегі жүргізіліп отырған жұмыс өз нәтижелерін беруде – салық төлеушілердің 92 пайызында электрондық кілттері бар, салық есебі түрін (СЕТ) Интернет арқылы тапсыра алады. Ал Интернетке қолы жетпейтін тұлғалар үшін қабылдау және өңдеу орталықтарында, сол сияқты 46 ауылдық округте “Салық төлеушісінің терминалы” қойылған. Солар арқылы шағын бизнестің, соның ішінде шаруа қожалықтарының салық басқармаларына бармай-ақ жергілікті жерде СЕТ тапсыру мүмкіндігі бар.

Облыстық салық департаменті қабырғасында “Ақпараттар қабылдау және оларды өңдеу орталығының үздік қызметкері” аталымымен өтетін байқаудың қанатқақты жобасы да жұмыс істейді. Бұл байқау орталық қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін көтеруге, мамандардың шығармашылық және іскерлік белсенділігін ынталандыруға мүмкіндік береді. Үздік қызметкерлерді салық төлеушілер олардың жұмысын қарапайым сауалнамалау арқылы бағалау жолымен, сол сияқты әрбір айдың қорытындысы бойынша электрондық нұсқа арқылы анықтайды. Жыл қорытындысында байқаудың екінші кезеңінің жеңімпазы Құрмет грамотасымен марапатталады және айлық жалақы көлемінде сыйақы алады.

Жоғары салық органдары қызметінің тоқсан сайын бағалау өлшемдерінің үлгісін жасаған, онда негізгі 3 өлшем бойынша қызметтер сапасын бағалау көрсеткіштері қарастырылған. Бағалау сауалнамалау жолымен салық төлеушілер қауымдастығының бастамасы бойынша 2007 жылдан бері жүзеге асырылуда. Сұрау салуды тәуелсіз әлеуметтік ұйымдар жүргізеді. Әлеуметтік сұрау салу деректері бойынша 2012 жылы облыстық салық департаменті мақсатты көрсеткіштердің бәріне қол жеткізді.

Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер сапасының бағасын тікелей біздің орталықтарға келуші салық төлеушілердің өздері де бере алады. Осы мақсатта өткен жылғы қараша айында Петропавл қаласы бойынша салық басқармасының орталығында бүгіндері салық төлеушілері тарапынан оң ризашылық тапқан электрондық кезек жүйесі іске қосылды. Орнатылған аталмыш жүйе әрбір келушіге алған қызмет сапасын бағалауға және салық қызметкерлеріне жұмысындағы олқы тұстарды уақтылы байқап, жедел түзетуге мүмкіндік береді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында жаңа салық саясатының әлеуметтік бағыт алуы тиістігі айтылды. Осы ұзақмерзімдік бағдарламалық құжатта көрсетілген тапсырмаларды тура орындау мақсатында салық салу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар ҚР Салық кодексінің 270-тен астам бабына қатысты, олар атап айтқанда, арнайы салық режімдерін таңдау тетіктері, бухгалтерлік есеп жүргізбейтін жеке кәсіпкерлер үшін салық есебін жүргізу ерекшеліктері, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің жекелеген санаттарын таратудың жеңілдетілген тәртібі, әкімшілік тәжірибедегі өзгерістер мәселелерін реттейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp