Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
Барлық деңгейлердегі әкімдердің жұртшылықпен жыл сайынғы есептік кездесулері өткен уақыт аралығындағы өзіндік белеске ғана емес, істелген жұмыс сапасының көрсеткішіне, оны бағалау және болашақ жоспарларға түзету енгізу мүмкіндігіне айналды.
Өткен жыл бүкіл қазақстандықтар үшін мерейтойлық күндер мен айтулы оқиғаларға толы болды.
Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 21 жылдығын атап өте отырып, экономикасы жоғары қарқынмен дамыған және азаматтарының әл-ауқаты ұдайы өсіп отырған бұрынғыдан да қуатты әрі мықты мемлекетке айналды.
Еліміз дүниежүзілік саясатқа айтарлықтай үлес қосуды жалғастырып келеді. Халықаралық беделді “EXPO – 2017” көрмесін өткізу құқығының Қазақстанға берілуі осының айқын айғағы. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз және орасан зор жетістігіміз.
Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі Стратегиясы қабылданып, ол төтеп беріп қана қоймай, еліміздің болашақта ұшқыр дамуының берік іргетасын қалады. Бүгінгі күні бағдарлама барлық негізгі өлшемдер бойынша табысты жүзеге асты.
2012 жылғы 14 желтоқсанда Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты жаңа даму бағдарламасын ұсынды. Бұл Жолдау Қазақстанның дамуы мен көркеюінің жаңа кезеңін білдіреді. Ол тағдыршешті және тарихи маңызға ие құжат.
Ауқымды мақсаттар барлық солтүстікқазақстандықтардың белсенділігі мен жұмысына қуатты серпін береді.
Елбасы алға қойып отырған басты мақсат – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену.
Біз осынау өршіл де жоғары мақсатқа жету үшін айтарлықтай үлес қосатынымызға сенімдімін. Ол үшін әлеуметтік маңызы зор жаңа қолжетімді тұрғын үй құрылысын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, индустриялық-инновациялық даму, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру мәселелерін шешу жөніндегі аса ауқымды жұмыстарды жалғастыратын боламыз.
Қымбатты жерлестер!
Жыл сайынғы өткізілетін есепті кездесулер азаматтардың мемлекеттік басқару үдерісіне белсене қатысуына мүмкіндік береді.
Ашық диалог барысында атқарушы органдардың тұрғындар алдындағы есептілігі мен жауапкершілігі артады. Өңірді дамыту бойынша міндеттерді жүзеге асыру жалғасады, нақты мәселелер және оларды шешу жолдары қарастырылады.
Облыстың әр тұрғыны өзін толғандырып жүрген мәселелері бойынша жауап алғысы келеді, ал атқарушы билік олардың пікірлерін ескере отырып, өз жұмысына нақты түзетулер енгізеді.
Есепті кездесулер барысында бізге тұрғындардан көптеген хаттар мен өтініштер түседі. Ондағы айтылған мәселелер жеке сипатқа ғана ие емес, сонымен қатар қоғамымыздың барлық салаларын қамтиды.
2012 жылы 919 кездесу өткізіліп, оларға 117 мыңнан астам адам қатысты. 2081 ескерту мен ұсыныс жасалды, оның 97%-ы әлеуметтік тұрғыда болды. Түскен 1899 ұсыныстың 811-і бақылауға алынды. Қалғандары жергілікті жерлерде шешімін тапты және оларға тиісінше түсініктеме берілді.
Жүгінулер мен ұсыныстардың көпшілігі елді мекендерді абаттандыру, жолдарды және әлеуметтік сала нысандарын жөндеу, тұрғындарды тұрғын үймен, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі балалар мекемелері жүйелерін кеңейту, қызмет көрсету аясын дамыту және тағы басқа да мәселелерді шешумен байланысты.
Әрбір қойылған мәселені шешудің нәтижесінде әр отбасының, сонымен бірге жеке адамдардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік туғызылатынын атап өту керек.
Сондықтан біз олармен өз жоспарымызды реттейміз және алдымызға нақты міндеттер қоямыз. Барлық өзекті мәселелер мен міндеттерді тиімді шешу, ең алдымен, тұтастай алғанда өңіріміздің экономикалық ахуалына байланысты. Сондықтан алдымен 2012 жылғы келесі макроэкономикалық көрсеткіштерге қысқаша тоқтала кетейін:
– 9 айдағы өңірлік жалпы өнім 430,9 млрд. теңгені (ИФО 99,2%) құрады;
– ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 238 млрд. теңгеге жетті;
– қаланың өнеркәсіп кәсіпорындарында ғана құны 81 млрд. теңге шамасында өнім шығарылды және қызмет көрсетілді;
– негізгі капиталға инвестиция 35%-дай ұлғайтылды және 96,7 млрд. теңгені құрады;
– жұмыссыздар деңгейі 5,1%-ға дейін төмендеді.
Бұл – тек осыған негізделіп маңызды стратегиялық міндеттер шешілетін базалық экономикалық тұғырнама. Бұл өз кезегінде әрбір солтүстікқазақстандықтың ықтиятты еңбегінің арқасында жасалған және облыс бюджетін қалыптастыратын негізгі ұстанымды құрайды. Ол республикалық бюджеттің мақсатты трансферттерінің түсімін есепке алғанда, 2012 жылы 105,4 млрд. теңгеге жетті. Бюджеттің басым бөлігі – шамамен алғанда 62 млрд. теңге немесе 57 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл жұмыс істеп тұрған әлеуметтік нысандарды қалыпты деңгейде ұстауға және білім беруді, денсаулық сақтауды, мәдениетті және тағы басқаны дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған. Айтарлықтай бөлігі коммуналдық салаға – инфрақұрылым нысандарын жөндеу мен құрылысқа, абаттандыруға, жарықтандыру және көгалдандыру, тағы басқа мәселелерін шешуге жұмсалады.
Бұған қоса, біздің 2012 жылғы жеке кірісіміз барлығы 23,6 млрд. теңгеге жетті. Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстанның басқа да көптеген өңірлері сияқты демеуқаржылық болып табылады, яғни біздің ішкі мәселелерді шешуге арналған қаражаттың айтарлықтай бөлігі республикалық бюджеттен түседі. Осыған байланысты, бүгінгі күні Елбасы біздің алдымызға макроэкономикалық саясатты толық қайта қарау туралы нақты міндет қойды. Президенттің айтуынша, біз жаңа экономикалық қағидатпен қарулануға, яғни ұзақмерзімді болашақтағы қаражаттың сақталуын қамтамасыз етіп, тек өз мүмкіндіктеріміздің шеңберінде ғана жұмсауға тиіспіз.
Сонымен бірге, бірінші кезекте өңір экономикасындағы әлдеқайда келешегі бар бағыттарды дамыту, экономикалық өсімнің жаңа көздерін анықтау қажет. Сонда ғана біз пайда түсіріп, инвестицияны қайтарып, бәсекеге қабілетті бола аламыз.
Агроөнеркәсіп кешені
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген жаһандық сұраныстың артып отырғандығын айта келіп, ауыл шаруашылығын көлемді жаңғырту жөнінде нақты міндет қойды.
Әлемдік азық-түлік нарығында көшбастау және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бізге:
– ең алдымен жаңа агротехнологияларды енгізу есебінен егін шығымдылығын айтарлықтай арттыра отырып, оның көлемін ұлғайту;
– жемазық базасын кеңейту үшін қолда бар зор әлеуетті пайдалану;
– экологиялық таза өнімдерге екпін түсіре отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құру;
– ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен саудада фермерлікті, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуды қамтамасыз ету;
– егіншілік мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығы дәстүрлерін қайта өркендету қажет.
Бізде осы мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктер мол екендігіне сенімдімін. Бұған қоса, бұл жұмыс үшін айқын негіз бен жеткілікті әлеует бар. Есепті кезеңдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуын қорытындылай отырып, жалпы алғанда, осы сала бойынша өткен жылды біздің өңіріміз жақсы көрсеткіштермен аяқтағанын атап айтқан жөн.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өңіріміз бойынша жоғары жалпы өнім жиналды. Өңірімізде орташа шығымдылық гектарына 12,9 центнерден айналып, 4,8 млн. тонна астық жиналды, ол жалпыреспубликалық көлемнің 34%-ын құрады. Осының бәріне жаңа ылғал сақтайтын технологияларды пайдаланудың арқасында қол жеткізілді. Негізгі капиталға инвестицияның түсімі 2011 жылмен салыстырғанда 32 пайызға өсіп, 39,7 миллиард теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы өндірісін қаражаттандыруға 7,7 миллиард теңге бөлінді, оның 4,9 миллиард теңгесі – егіншілікке, 2,8 миллиард теңгесі мал шаруашылығына жұмсалды.
“ҚазАгро” акционерлік қоғамының институттарының агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемі 30,9 миллиард теңге болды.
Өсімдік шаруашылығында құрылымдық және технологиялық әртараптандыру бойынша жұмыс жалғастырылды. Егістік алқап 4,5 миллион гектарға дейін, оның ішінде дәнді дақылдар алаңы – 3,8 миллион гектарға дейін, майлы дақылдар – 383 мың гектарға дейін және жемазықтық дақылдар 323 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Суаруды, оның ішінде тамшылап суаруды қолдана отырып, картоп пен көкөніс өсірудің осызаманғы технологиялары игерілді, 2011 жылмен салыстырғанда суару алқабы 4 есе ұлғайтылды.
Өңірімізде жыл сайын осызаманғы ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынады. 2012 жылы облысымыздағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына сомасы 14,9 миллиард теңге болатын 1155 бірлік техника жеткізілді. Оның ішінде “ҚазАгроФинанс” акционерлік қоғамы арқылы лизингке 6,7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 394 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көп.
“Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасының шеңберінде 28 мың бастан астам ірі қара, оның ішінде 4,2 мыңы шетелдік селекциядағы мал сатып алынды. 2 мың бас малға арналған екі бордақылау алаңшасы құрылды, ангус, герефорд және симменталь тұқымындағы импорттық ірі қара әкелумен 4,9 мың басқа арналған 6 репродуктор ұйымдастырылды.
Жергілікті бюджеттен бөлінген сомасы 320 миллион теңге қаржы есебінен 1300 бастан астам импорттық өнімді етті тұқымды мал сатып алынды. Биыл “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 15 пайыздық қатысуымен тағы да 900-ге жуық бас мал сатып алу жоспарланып отыр.
Соның нәтижесінде асылтұқымды ірі қараның үлесі 6 пайызға өсіп, барлық малдың 14 пайызын құрады.
Облысқа сонымен қатар 1,5 мың бас асылтұқымды қой әкелінді.
Жыл қорытындысы бойынша тұтастай алғанда қойдың саны 3 пайызға, жылқы 3 пайызға, шошқа 1 пайызға, құс 4 пайызға өскен.
Ветеринарлық-санитарлық саулықты арттыру мақсатында өңіріміздің ауданында ветеринарлық станциялар құрылды, олардың қаржылық капиталын қалыптастыруға облыстық бюджеттен 112 миллион теңге қаржы бөлінді.
Елді мекендерде мал дәрігерлерінің жетіспеуі мәселесі шешімін табуда. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы шеңберінде осы саланың мамандары үшін өткен жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың ынталандыру шаралары енгізілді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытумен облыс тұрғындары үшін маңызды болып табылатын тағам өнімдеріне бағаның қалыптасу мәселесі тығыз байланыста болып отыр. Былтыр облыста инфляция деңгейі 6 пайызды құрады.
Азық-түлік рыногында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін облыс орталығындағы көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындарының, базарлардың басшыларымен тағам өнімдерімен қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін базарлар мен сауда кәсіпорындарына тура жеткізу қамтамасыз етілуде.
Ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін өткізу жалғасын табуда, ол тұрғындарға өнімдерді базарларға қарағанда арзан бағаға сатып алуға мүмкіндік береді.
Аграрлық азық-түлік рыногына реттеуші іс-әрекет мақсатында облыстық азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қоры құрылды. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Тұрақтандыру қорының сауда нүктелері санын ұлғайту керек.
Өнеркәсіп және инновация
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру облыстың өнеркәсіп кешенінде өндірістің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2012 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 122 миллиард теңгеден астам болды және 2011 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,3 пайызға өсті.
Экономикалық оңай емес және айтарлықтай қатал бәсекелестік жағдайда өнеркәсіптің жетекші кәсіпорындары тұрақты түрде бәсекеге қабілетті, барлық халықаралық талаптарға сәйкес келетін өнімдерді игеру жөніндегі жұмыстарды жүргізуде.
Бүгіндері республиканың Индустрияландыру картасына құны 43 миллиард теңгеге жуық өңірлік 31 жоба еніп отыр. Бұл осы нысандарда 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
2012 жылы облысымызда сомасы 8,7 миллиард теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылды. Өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы мақсаттарында 5 нысан салынды. Петропавл құрылыс материалдары зауытында су қысымды полиэтилен құбырларының ассортименті кеңейтілді, Қызылжар ауданында екі жел энергетикасының қондырғысы іске қосылды, асыл тұқымды ірі қара бағатын 2 мал шаруашылығы кешені салынды.
“Мұнаймаш” акционерлік қоғамында мұнай кәсіпшілігі қондырғыларының өндірісін жаңғырту аяқталды. Мағжан Жұмабаев ауданында сыйымдылығы 15 мың тонна элеватор іске қосылды. ТМД елдері арасында ең осызаманғы сүт зауыты “Сүт өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ашылды. Мемлекет басшысы былтыр күзде біздің облысқа жұмыс бабындағы сапары барысында осы зауытта болып, оның жұмысына жоғары баға берді.
Үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде 4 жоба жүзеге асырылатын болады. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің сүт зауыты салынып бітуге жақын. Бройлерлік бағыттағы және ірі қараның асылтұқымды репродукторларын, сондай-ақ Айыртау ауданындағы құрамында қалайы бар кенді өңдеу жөніндегі тау-кен өңдеу кешенін (“Сырымбет” АҚ) салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, бүгіндері тағам өнімдерінің өндірісі өңдеу өнеркәсібі көлемінің 50 пайызын құрайды.
Есепті кезең ішінде тұтастай алғанда ет және екінші санаттағы қосымша субөнімдердің: құс етінің, күнбағыс және рапс майларының, сұйық сүттің, бидай ұны мен макарон бұйымдарының өндірісі өскені байқалды.
Өңірде өңдеу кәсіпорындарының желісі біршама кеңейді. 2012 жылы облыс орталығында және аудандарда 17 жаңа өндіріс орны ашылды.
Өндірістегі инновацияның өзектілігі жыл сайын арта түсуде. Әсіресе, энергияның баламалы түрлерін пайдалану, жел мен күн энергиясын қолданатын жаңа технологияларды енгізу мәселесі ерекше өзекті. Республика Президенті “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында бұл басымдықты ерекше атап көрсетті. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің Германияда шығарылған екі жел энергетикасы қондырғысын сатып алуы және оларды Новоникольск ауылына орнатуы бұл бағыттағы инновациялық қадам болып табылады, олар жылына 8 миллион кВт/сағаттан астам электр энергиясын өндіреді. Осы станциялардың қуаты шаруашылықтың барлық қажетін өтеуге және электр энергиясын басқа мақсаттарға пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Петропавл қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларын жарықтандыру үшін күн батареяларын орнату басталды.
Осыған байланысты әр салада энергияның балама көздерін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандыру, денсаулық сақтау, білім және басқа да бюджеттік мекемелердің нысандарын жылыту үшін жылу сорғыларын пайдалану мүмкіндігін зерттеу қажет.
Ауыл шаруашылығы басқармасы шұғыл түрде энергияның баламалы көздерінен фермерлік шаруашылықтарға, отарлы мал жайылымдарына және мал шаруашылығының басқа да нысандарына электр энергиясын жеткізу мүмкіндігін қарастыруы тиіс.
Үкімет жаңартылатын энергетиканың нысандарын сатып алуға және орнатуға кететін шығындардың 50 пайызының орнын толтыру тетіктерін қарастыруда. Бұл мәселе бойынша тиісті заң актілеріне түзетулер әзірлену үстінде.
Кәсіпкерліктің дамуы
Мемлекет басшысы еліміздің халқына өзінің жаңа Жолдауында кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша көңіл бөлді.
Бүгіндері бұл сала нақты экономикалық күш-қуатқа ие. Мемлекет бұл үшін барлық қажетті жағдайды жасауда.
Еліміздің Президенті бастамашысы болған “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытудың маңызды кезеңіне айналды, бұл үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бұған қоса өткен жылы Мемлекет басшысы оған бірқатар түзетулер енгізуге, атап айтқанда, қаржыландыру және жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге консалтингтік көмек беру тетіктерін көрсетуге тапсырыс берді.
Облысымызда бағдарламаны жүзеге асыруға 2012 жылға республикалық бюджеттен 928 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы демеуқаржы беруге және кредиттерге кепілдікке, гранттар беруге, сервис қызметтеріне және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды.
Облыстың қаржы ұйымдары сомасы 25 млрд. теңгеден астам кредиті мен шағын кредитін берді.
Бағдарламаны жүзеге асыру 251 млрд. теңгеден астам мөлшерде шағын және орта бизнес субъектілерінің өнімін шығаруды қамтамасыз етті.
Бүгіндері Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі ықпалдасу үдерістері біздің алдымыздан Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерімен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, дамытудың кең мүмкіндіктері мен келешегін ашып отыр.
Ресейдің біздің облысымыздың сыртқы сауда айналымының жартысын алып отырғаны осының айғағы болып табылады.
Бұл ретте өңірімізге шетелдік инвестицияларды тартудың маңызы зор.
Бүгіндері Солтүстік Қазақстан облысы таяу, сондай-ақ алыс шет- елдермен байланыстарды жолға қойған. Олардың ішінде: Канада, Германия, Қытай, Ресей, Израиль және басқа көптеген елдер бар. Әлемнің жетпістей дерлік елімен ынтымақтастық орнап отыр.
Ресейлік әріптестермен көптеген кездесулер өткізілді. 2012 жылы біздің делегациямыз ресми сапармен Омбы облысында болып қайтты.
Омбы үкіметінің және Солтүстік Қазақстан облысының арасында бекітілген келісімді жүзеге асыру бойынша 2013-2015 жылдарға арналған шаралар жоспарына қол қойылды. Шекаралас аймақта Логистикалық орталық құру оның бір буыны болып табылады. Мұндай орталықтың ашылуы тауарлар тасқынын оңтайландыруға мүмкіндік береді, олардың тиімділігі мен оралымдылығын арттырады.
Өткен жылы өңірімізде Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады. Инвесторлардың Халықаралық форумы өтіп, онда өңіріміздің келешегі бар инвестициялық жобалары мен салалары көрсетілді. Соның нәтижесінде Швейцарияның, Қытайдың, Корея мен Ресейдің іргелі кәсіпорындарымен бірқатар келісімдерге қол қойылды. 2015 жылға шетелдердің инвестицияларының жиынтық көлемі 200 млн. долларға дейін жетеді деп күтілуде.
Тұрғын үй құрылысы
Мемлекет азаматтарды жаңа қолжетімді тұрғын үйлермен қамтамасыз етуге көп күш-жігер салып отыр.
Мемлекет басшысы бастамашысы болған “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы осы мәселелерді шешу мақсатын көздеп, есепті кезеңде оның шеңберінде өңірімізде 100 мың шаршы метрден аса тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
2012 жылы 2 жалгерлік-коммуналдық үйдің (190 пәтер) құрылыс жұмыстары тамамдалды, Петропавл қаласында тағы 2 және облыс аудандары бойынша 3 үйдің құрылысы жалғастырылу үстінде.
Жас отбасылары үшін жалгерлік тұрғын үйдің, соның ішінде Петропавл қаласында 7 және Тайынша қаласында бір үйдің құрылысы басталды.
“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ тарапынан Петропавл қаласында 2 үй (181 пәтер) пайдалануға берілді және тағы 3 үйдің құрылысы басталды.
Биылғы жылға “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының шеңберінде салынып жатқан үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысына 1 млрд. 168 млн. теңге сомасында қаржы қарастырылған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
Тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту Президенттің жаңа әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылады.
Есеп беріліп отырған жылда ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге республикалық бюджеттен 812,5 млн. теңге бөлінді, мұның өзі 2011 жылғыдан 2 есеге арта көп.
Қаржы толық көлемінде игерілді, 52 үй жөнделді. Соның ішінде Петропавл қаласында 44, облыстың үш ауданында 8 (2 үй Айыртау, 2 үй Тайынша және 4 үй Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда) жөндеуден өтті.
Тұрғындардың аз қамтылған топтарына қолдау көрсету үшін жалпы сомасы 103 млн. теңгені құрайтын тұрғын үй жәрдемін 1383 пәтер иелері пайдаланды.
Тұтастай алғанда, бағдарламаны жүзеге асырған 2 жылда 98 үй жөнделді.
Шатырларды, қасбеттерді, инженерлік тораптарды жөндеу және лифттерді ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Үстіміздегі жылы кондоминимум нысандарындағы жалпы үйлер мүліктерін жөндеуге 1 млрд. 625 млн. теңге бөлу жоспарланған.
2012 жылы өңірлерді дамыту бағдарламасының шеңберінде 280,5 млн. теңге қаржыға Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында қазандық салынды. Іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізгеннен және жылыту желілерін қайтадан қалпына келтіргеннен кейін қазандықты осы жылдың аяғының өзінде-ақ пайдалануға беру көзделіп отыр.
Сондай-ақ Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында орталық қазандықтың құрылысы басталды. Жобаның құны 591,3 млн. теңгені құрады. Мұнда да жұмыстарды үстіміздегі жылы тамамдау жоспарланып отыр.
2012 жылы Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығында өзінің қуатын тауысып келе жатқан №7 қазан агрегаты жалпы көлемі 2 млрд. 860 млн. теңге күрделі қаржы жұмсалып, қайтадан қалпына келтірілді. Осы шаралардың нәтижесінде қазан агрегатының қуаты 22 пайызға артты.
Коммуналдық шаруашылық саласында, сондай-ақ тозған инженерлік тораптарды ауыстыру мәселелері аз рөл атқармайды. Соңғы уақыттарда жылыту, су тарту және кәріз тораптарының жұмысында оқтын-оқтын іркіліс болып тұрады. Бұл проблемаларды шешу үшін техникалық шаралар кешені қажет.
Облыс орталығында тораптық кәріздік коллекторларды қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
1,5 млрд. теңге қаржыға ұзындығы 4,7 шақырым “Северный” коллекторында 2011 жылы басталған жұмыстар тамамдалды.
2 млрд. 180 млн. теңге қаржыға ұзындығы 8,8 шақырым “Южный” коллекторын, сондай-ақ 500 млн. теңгеге кәріздік-тазарту құрылыстарының екінші және үшінші кезектерін қайтадан қалпына келтіру аяқталды.
Жол-көлік инфрақұрылымы
Жол-көлік инфрақұрылымы облыс коммуникацияларының жанды буынын құрайды. Бүгіндері оған автомобильдер санының шапшаң артуымен байланысты айтарлықтай күш түсуде.
Мұның, әсіресе, аумағы бойынша шағын облыс орталығына қатысы бар. Мұнда соңғы кездері кептелістерді жиі ұшыратуға болады. Бұл ең алдымен қаланың негізгі көшелеріне көп күш түсуімен, сондай-ақ инженерлік және коммуникациялық тораптарды жөндеу жұмыстарын жүргізумен байланысты. Бұлар жоспарлы жұмыстармен байланысты уақытша қолайсыздықтар және біз оларды ұдайы бақылауға алып отырмыз.
Тұтастай алғанда, қаланың шағын аудандарының басым көпшілігінде жолдарды, негізінен, шұқырларды жөндеу бойынша көп жұмыс тындырылды. Петропавл қаласы бойынша барлығы 30 мың шаршы метрден аса алаңда жөндеу жүргізілді.
Бұған қоса, облыста өңірлік және аудандық маңыздағы 7,5 мың шақырым автомобиль жолдары бар. 2012 жылы оларды жөндеуге және ұстауға 2,9 млрд. теңге бөлінді, соның ішінде 2 млрд. теңгені республикалық трансферттер құрады.
Тайынша ауданының КТ-68 “Лавровка-Келлеровка-Тайынша- Чкалово” автомобиль жолы қайтадан қалпына келтірілді, облыстың басқа аудандарында 29 шақырым жол күрделі жөнделді. Облыстық және аудандық маңыздағы барлық жолдарды ағымдағы жөндеу мен ұстау үшін 829 млн. теңге игерілді.
Соған қоса, 2012 жылы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын қалпына келтіруге республикалық бюджеттен – 5,4 млрд. теңге, соның ішінде “Астана-Петропавл” автожолына, “Бурабай-Көкшетау-Петропавл” транзиттік дәлізіне 4 млрд. теңге бөлінді, Иман-Борлық өзеніндегі көпірді күрделі жөндеуді тамамдауға 372 млн. теңге жұмсалды.
Ауыз су
Таза ауызсу – бүгінгі өмір сапасының басты шарттарының бірі. Сумен қамтамасыз етілу, оның сапасы, сумен жабдықтау нысандарын орынды пайдалану барлық аудандар әкімдерінің, тиісті департаменттер мен басқармалар басшыларының күн сайынғы жұмысын талап етеді.
2012 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасының шеңберінде су шаруашылық шараларын жүзеге асыруға – 1,65 млрд. теңге, соның ішінде 1,5-і республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттерден және 147 млн. теңге жергілікті бюджеттен бағытталды.
99 шақырымнан аса су құбырлары мен тарату желілері тартылып, қайтадан қалпына келтірілді.
Жылдың қорытындысы бойынша 13 сумен жабдықтау нысаны пайдалануға берілді. Облыстың 7,5 мыңнан аса адам тұратын 10 ауылына су жеткізілді, 20 мыңнан аса тұрғыны бар 6 ауылды сумен жабдықтау жақсартылды.
2013 жылы, сондай-ақ су құбырлары желілерін одан әрі қайтадан қалпына келтіру және салу көзделуде. Бұл мақсаттарға 2,6 млрд. теңге бюджет қаржысы қарастырылды.
Тұтастай алғанда, сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешуге, сөзсіз, бірінші кезекте маңыз беріледі. Өкінішке қарай, біз барлық елді мекендерді бір мезетте қамти алмаймыз. Алайда, бұл мәселелер ұдайы бақылауымызда және бірте-бірте шешілетін болады.
Жұмыспен қамту
Ауқымды әлеуметтік жаңғырту мемлекеттік саясаттың маңызды жүйе құрушы бағыты болып табылады.
Мемлекет басшысы ұсынған Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясында әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру маңызды буындардың бірі болып табылады.
2012 жылы аумақтарды дамыту және “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары аясында 30 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жұмысқа орналасты, оның 70 пайыздан астамы тұрақты жұмыс орнына.
Ол тұрғындарға мынадай мүмкіндіктер берді:
– кәсіби даярлықтан өтуге және қажет етілетін мамандықтар бойынша қайта даярлануға;
– әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесі бойынша қосымша жұмысқа орналасуға;
– өз ісін ұйымдастыру үшін жеңілдетілген кредит алуға;
– болашағы жоқ ауылдардан жаңа салынған үйлерге қоныс аударуға және жұмыспен қамтылуға.
Облыста 2011 жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. 2012 жылы – одан 1,5 еседей көп, 3 млрд. теңгеден астам.
Өткен жылы бағдарлама аясында 500-дей адам кәсіби оқуға жіберілді. Оқу аяқталғаннан кейін 400-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан басқа, 1283 бағдарламаға қатысушы әлеуметтік жұмыс орнына тартылды. 1271 жас маман жастар тәжірибесіне жіберілді.
Екінші бағыт бойынша кәсіпкерлікті дамытуға, ұтқыр және еңбек ресурстарын арттыруға жағдай жасау мақсатында жалпы сомасы 600 млн. теңгенің 268 кредиті берілді, ол 2011 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. 400 адам бизнес жүргізудің негізін оқу курстарынан өтті.
Үшінші бағыт аясында 290 пәтерлік 278 үй пайдалануға берілді. Оларға 220 отбасы қоныс аударды және жәрдемқаржы алды.
Төртінші бағытты жүзеге асыруға 2012 жылы республикалық бюджеттен 451 млн. теңге қаржы бөлінді, ол ауылдық жерлерде 29 инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін 481 қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Солтүстік Қазақстан облысы биылдан бастап “Жұмыспен қам ту – 2020” бағдарламасының бірінші және үшінші бағыттары бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Негізінен, ондағы өзгеріс, бағдарламаға жұмыс берушілердің қатысуын кеңейтуге қатысты болады. Енді өзінің болашақ қызметкері қайда оқитындығын жұмыс беруші ғана шешеді. Бұрын бұл міндет тек мемлекеттік органдарға жүктелетін.
Үшінші бағыт бойынша 2013 жылы, сондай-ақ жұмыс берушілердің қатысуымен қызмет үйлерін салу жоспарлануда. Бұл жағдайда бірлесіп қаржыландыру тұрғын үй құнының кемінде 10 пайызын құрайды.
Біз Петропавл қаласында әр-қайсысы 100 орындық екі жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте міндетті түрде еңбек шартын жасасқан және тұрғын үй жинағы жүйесіне қатысқан жастарға жатақхана берілетін болады.
Білім беру
Білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. 2012 жылы осы саланы дамытуға 35,6 млрд. теңгедей қаржы бөлінді, бұл 2011 жылдың деңгейінен 6 пайызға көп.
Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету осы саланың маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірде балалардың мектепке дейінгі ұйымдарының желісі 2012 жылы 17 бірлікке көбейді. Балаларды қамту 77-ден 86 пайызға дейін өсті. Петропавл қаласында – 320, Ақжар ауданының Талшық ауылында 60 орындық балабақша пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі ұйымдар желісінің даму қарқыны мен іске қосылатын резервтер 2015 жылға қарай сәйкес жастағы барлық балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда мемлекеттік-жеке серіктестіктің әлеуеті зор. Біз жеке балабақшалар мен шағын орталықтардың ашылуын жан-жақты қолдауға ниеттіміз.
Білім беру саласының келесі деңгейі – орта мектеп.
Облыста сапалы білім алу, осы– заманғы әдістер мен технологияларды енгізу үшін қажетті жағдайлар жасалу үстінде.
Бүгінгі күні барлық жалпы білім беретін мектептер компьютерлендірілген және Интернет желісіне қосылған. Орта және негізгі мектептердің жартысынан астамы лингофонмультимедиа кабинеттерімен және интерактивті тақталармен жабдықталған.
Жаңа нысандар салу жалғасуда. 2012 жылы Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында орта мектеп пайдалануға берілді.
Петропавл қаласында Тұңғыш Президенттің Зияткерлік мектебі және Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында негізгі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жыл сайын біздің оқушылар беделді халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Есепті кезеңде солтүстік-қазақстандық оқушылар ғылым негіздері бойынша республикалық олимпиадаларда 25 медаль, 6 грамота, 2 сертификат, ЖОО-ларда оқуға 3 грант жеңіп алды. Олимпиада нәтижесі бойынша біздің командамыз республикада жалпыкомандалық 2-орын алды. Халықаралық олимпиадаларда біздің оқушылар 28 марапатқа қол жеткізді.
“Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы ел халқына арнаған жаңа Жолдауында. Сондықтан біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Біз халықаралық үлгідегі сертификаттар тапсыру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи инженерлік мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуге тиіспіз.
Қолданбалы және ғылыми зерттеу бөлімшелерін көбірек дамыту керек. Есіл аграрлық-техникалық жоғары оқу орнын ашу қажеттігін ерекше атағым келеді. Екінші жоғары оқу орнын ашу аграрлық саласы өсіп келе жатқан өңірдің жоғары білімді мамандықтарға қажеттілігін шешіп қана қоймай, трансферт пен жаңа технологиялар генерацияларын, тұтастай алғанда, дуальды оқытуды, ғылым мен білім беруді дамыту, жаңа өндірістерді өрістету үшін өсудің өзегі, облыстың креативті жастары шоғырланатын және қолдау табатын орталық болуға тиіс.
Денсаулық сақтау
“Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі”, – делінген Президенттің ел халқына арнаған жаңа Жолдауында.
Біздің өңірдің денсаулық сақтау саласында жыл сайын оң серпін байқалады.
Саланы қаржыландыру өсе түсуде, ол облыс бюджетінің 30 пайыздайын құрап, 18 млрд. теңгедей болды. Бірінші кезекте бұл қаражатқа медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Жаңа нысандар саны өсе түсуде. 2012 жылы Петропавл қаласында Экстракорпоральды ұрықтандыру орталығы ашылды. Аудандық 4 емхананың құрылысы басталды.
Кардиологиялық орталықтың нәтижелі жұмыс істеуі қан айналымы жүйесі ауруынан болатын кісі өлімі көрсеткішінің 3,2%-ға азаюына мүмкіндік берді.
Жыл қорытындысы бойынша ана өлімі, қатерлі ісік, туберкулез және жұқпалы гепатит бойынша көрсеткіштердің жалпылай төмендегені байқалады.
2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік “Саламатты Қазақстан” денсаулық сақтау бағдарламасы аясында 2012 жылы ана мен баланы қорғау ұйымдары, сол сияқты кардиология және алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтері үшін медициналық жабдықтар сатып алынды.
Мүлдем жаңа жабдықтар жүректің қан тамырлары мен ұлпаларындағы өзгерістерді жедел анықтауға жағдай жасайды, тұрғындардың тәулік бойы кардиологиялық көмек алуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, өте жеңіл салмақта туған баланы аман алып қалуға, жаңа туған сәбидің есту кемістігін бастапқы сатыда анықтауға мүмкіндік беретін жабдықтар сатып алынды.
Онкология орталықтарын дамыту аясында арнайы компьютерлік томограф орнату арқылы диагностика бөлімшесінің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл жабдық облыстан тысқары орналасқан республикалық клиникалар мен ғылыми орталықтарға бармай-ақ, ісіктің баржоғын алғашқы сатыда анықтауға мүмкіндік береді.
Жедел медициналық жәрдем орталығына 9 реанимобиль сатып алу да жоспарда бар, ол шұғыл шақыруларға, сонымен бірге төтенше жағдайлар бола қалған кезде жылдам баруға жағдай жасайды.
Тұтастай алғанда, шалғай ауылдық аудандардың тұрғындарына үнемі көліктермен, сол сияқты санитарлық ұшақ қызметімен жедел көмек көрсетіледі. “Электронды денсаулық сақтауды” енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Алайда, бұл саладағы жағдайларға жүргізілген сараптама алдын алу жұмыстары мен диагностикалауды күшейту, әсіресе, облыстың аудандарында медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселесін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін көрсетті.
Дене шынықтыру мен спорт
Әрине, өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарау адамның өзіне байланысты. Бұл орайда адамның өзінің саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылуы, соған мүдделілігі басты болып қала береді.
Осы мақсатта тұрғындардың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту маңызды саналады. Мемлекет тарапынан ол үшін қажетті жағдайлар жасалуда.
2012 жылы спорт саласын қаржыландыру 14,3 пайызға өсіп, 1,6 млрд. теңгені құрады.
Бүгінгі күні өңірде 2263 спорт ғимараты жұмыс істейді. Есепті кезеңде спорт құрылыстарының желісі 53 бірлікке көбейді, оның ішінде инвестиция тарту арқылы Петропавл қаласында аквапарк, Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылында жабық хоккей корты салынды.
Жергілікті бюджет есебінен Жамбыл ауданындағы Казанка ауылында спорт және жаттығу залдары, 12 метрлік жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Бұдан басқа, облыс аудандарында 30 шағын стадион қалпына келтірілді және қайта жаңғыртылды.
2011 жылмен салыстырғанда дене шынықтырумен және спортпен белсенді айналысатындар саны 4 мыңға көбейіп, 140 мыңнан астам адамды немесе өңірдегі тұрғындардың жалпы санының 24 пайызын құрады.
Өткен жылы біздің спортшыларымыз солтүстікқазақстандықтарды өз жеңістерімен қуанышқа кенелтті. Бес үздік спортшымыз ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Олар – Александр Винокуров, Маргарита Мукашева, Ирина және Евгений Эктовтар, Владислав Поляков. Жерлестеріміз спорттық шеберліктің, біздің ұлттық құраманың мақсаткерлігі мен табандылығының жоғары деңгейін бүкіл әлемге танытып келеді.
Бұған жерлесіміз Александр Винокуровтың жеңісі жарқын дәлел. Ол алғашқылардың бірі болып Қазақстан құрамасы үшін алтын медальды жеңіп алды.
Бұған қоса, спортшыларымыз өзге де беделді әлемдік және халықаралық спорт жарыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бізде 2012 жылы әлем чемпионы атағына ие болғандар бар, олар: велоспорттан – Алексей Луценко, әскерилер арасында қоян-қолтық жекпе-жектен – Айбек Қырықбай, сондай-ақ, 2012 жылы Азия чемпионы атанғандар: жеңіл атлетикадан – Татьяна Юрченко, кикбоксингтен – Самат Қадырбеков, Азамат Нүрпейісов, Рауан Смағұлов.
Есепті кезеңде облысымыздың беткеұстар спортшылары республикалық және халықаралық жарыстар нәтижесі бойынша спорттың олимпиадалық түрлерінен – 186, олимпиадалық емес түрлерінен 328 медальға ие болды.
2012 жылы облыс жаттықтырушылары 30 Қазақстан Республикасының спорт шеберін, 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 1 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберін даярлаған.
Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
2012 жыл әрқайсымыз үшін маңызды және мерейтойлық оқиғалармен есте қалды.
Бұл жылы біз алғаш рет жаңа мемлекеттік мейрам – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өттік. Аталмыш оқиға барлық қазақстандықтардың тарихи таңдауының күні, халықтың өзінің Тұңғыш Президентіне және Көшбасшысына деген жоғары сенімі мен құрметін дәлелдеген кез болды.
Былтыр біз мемлекеттіліктің және ел егемендігінің мызғымас кепілі болып табылатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығын кең ауқымда тойладық. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап, бұл құндылықтар қазақстандықтардың топтасуының және рухани бірігуінің берік негізіне айналды.
Бұдан басқа, Солтүстік Қазақстан облысындағы Алматы қаласының Мәдениет күндері, Ресей, Қазақстан және Татарстанның 70-тен астам өкілінің қатысуымен авторлық әндердің халықаралық фестивалі, Болат Аюханов, Марат Бисенғалиев сынды ел мәдениетінің айтулы мәдениет қайраткерлері өткізген шығармашылық концерттер облыстың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалар болды.
Бұған қоса, облысымыздың танымал әншілері мен шығармашылық ұжымдары 11 беделді халықаралық және республикалық фестивальдар мен конкурстарға қатысты.
Ал биыл мәдениет саласында еліміздің шекаралас өңірлерімен тығыз байланыс орнатуға көп көңіл бөлінетін болады. Осы бағытта біз үлкен де жемісті жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Жалпы алғанда, бұрынғы жылдардағыдай, 2013 жылдағы жұмысымыздың негізгі бағыты – қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамды демократияландыру мен топтастыруға бағытталған жалпымемлекеттік бағытты жүзеге асыру.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа арнаған жаңа Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизм туралы идеясын паш етті, ол біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың табысының негізі болуға тиіс.
Осы бағыт бойынша біздің бүгінгі басты мақсатымыз қарапайым әрі түсінікті: біз басты байлығымыз – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтап, нығайта түсуіміз керек.
Өзімізді және балаларымызды жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуіміз керек. Бұл, ең алдымен, ел және оның жетістіктеріне деген мақтаныш. Бұл этникалық, діни және басқа да өзгешеліктерден тыс, барлық қоғамды біріктіруге тиіс.
Сол себепті республика бойынша ең көпұлтты болып табылатын біздің өңір тәжірибесі ерекше маңызға ие болғалы тұр.
Бүгінгі күні біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Қоғам елдің дәстүріне және мәдени нормаларына сәйкес діни санасезімді қалыптастыруы керек. Барлығы Конституция мен заңдар шеңберінде жүзеге асуы тиіс.
Мемлекет пен азаматтар радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлеріне және белгілеріне біртұтас күш болып қарсы тұруы керек. Бұған өңірде табысты жүргізілген діни бірлестіктерді қайта тіркеу, мұсылман қауымын – ҚМДБ-ға, православиеліктерді Православ шіркеуіне біріктіру септігін тигізеді.
Мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.
Мемлекет басшысы қоғамның рухани дамуындағы басты рөлді зиялы қауымға жүктейді. Олар қалыптасқан қоғам кезеңінде жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуда жетекші күшке айналуы тиіс.
Ұлтты топтастырудың басты факторларының бірі жауапты тіл саясаты болып табылады. Қазақ тілі – бұл біздің рухани өзегіміз. Біздің мақсатымыз – оны барлық салаларда қолдана отырып, дамыту.
Бүгінгі таңда біз балаларымыздың қазақ тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін белсене үйренуі үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қолданудамыз.
Облыста мемлекеттік тілде білім беру үдерісі жүргізіліп отырған мектептер саны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына қарағанда, екі есеге жуық көп.
Орыс және өзге ұлттар өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге түсіністікпен және құрметпен қарайтыны – сүйінішті жайт. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін пайдалана отырып, бұл жұмысты жалғастыру қажет.
Қымбатты солтүстікқазақстандықтар!
Жалпы алғанда, 2012 жылы үлкен де кешенді жұмыс атқарылды. Көп көрсеткіштер бойынша облыста өсу мен дамудың оң серпіні байқалады.
Әлбетте, тез арада шешілуін және мұқият көңіл бөлуді талап ететін бірқатар мәселелер қалып отыр.
Алдымызда Елбасының 2050 жылға дейінгі Қазақстанды дамыту Стратегиясында қойған жаңа міндеттері тұр.
Жолдауда аталған өңірлерді дамытудың стратегиялық бағыттары мен басымдықтары оған айрықша мәнмаңыз беріп отыр.
Сондықтан да осы ірі міндеттерді табысты орындау қайсымыздың абыройлы да адал және жігерлі еңбегімізді талап етеді.
Қазір бізге еліміздің көркеюі және болашақ ұрпақтарымыз үшін барлық күшжігерімізді жұмылдырып, бірігу қажет.