Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Кімде-кім Расулулланың (с.ғ.с.) Мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол адам, шынында да, иманды”. Ислам ғұламаларының бірі айтқан бұл сөзді бәріміз бірдей оқысақ та, оқымасақ та, Мәулітке қатысудан сауап табатындығымызды біледі екенбіз: өткен сенбі күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының кең залында Мұхаммед пайғамбардың туған күнін тойлауға жұртшылық аз жиналған жоқ.
Олардың барлығы болмағанмен, басым дені Құран Кәрімде: “Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік”, – деп жазылған Пайғамбарымыздың ғұмыр жолынан бірсыдырғы хабардар. Бәріміз де Алланың елшісін ардақ тұтамыз: оған дейінгі барлық пайғамбарлар арнайы бір қауымға белгілі бір кезең үшін ғана келсе, Мұхаммед (с.ғ.с.) бүкіл адамзаттың қияметке дейінгі ақырғы пайғамбары болып жіберілген, деп.
Жасыратыны жоқ, Құранды да, хадистерді де, әсіресе, жұма сайын жүгіртіп қана оқып жүрсек те, адамзат тарихының дамуын күрт өзгертіп, рухани және қоғамдық салада ең ұлы төңкеріс жасаған Мұхаммед пайғамбар туралы білетініміз теңіздің тамшысындай ғана. Осы Мәулітте мінбеге көтерілгендердің бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни уағыз-насихат бөлімінің бас маманы Алтынбек Ұтысханұлы асыл пайғамбарымыздың бұрын-соңды ести қоймаған қасиеттері хақында тамсандыра баяндап бергенінде осыған көз жеткізгендей болдық.
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ саздыдрама театрының белді артистерінің бірі – Біржан Жалғасбаев жүргізген Мәулітті “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы Ибраһим Халип ашты: ол аят оқыды. Одан соң ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, орталық мешітіміздің бас имамы Қасымхан қажы Исаев Мәуліттің мән-маңызына тоқталды. Шынында да, “Ахзаб” сүресінде жазылғанындай, “Әй, иман келтіргендер, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!” – деген аят бар.
Бұл күні Мәуліт салауаты тартымсыз болған жоқ: бұрынғыдай имамдар емес, бір-ақ кісі оқып, хорда тұрғандай тізілген шәкірттер қосылумен болды. Одан кейін Сібір федералдық округінің мүфтиі Әнуарбек қажы Жүнісов өз лебізін білдіріп, батасын берді.
Мерекенің шырайын жандандыратын ән мен күйге де кезек берілді. Дәмеш Құрманкина өз оқушыларымен бірге “Аллаға шүкір” әнін әдемі орындады. Мәулітке тоғысқандар айтыстың да қызығына куә болды: сөз сайысына түскен Жарқын Жұпархан мен Аманжол Зағыпардың бірі – тегеурінді, екіншісі тайпала басқан жорғадай сүрінбейтіндігін көрсете білді.
Марапатпен түйінделетін мерекелік дәстүр бұл жолы бұзылған жоқ: аудандардың таңдаулы имамдары мен “Зекет” қорына мол үлес қосқан кәсіпкерлерге “Қызылжар” орталық мешітінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Пайғамбарымызға салауат айтуға келгендердің бәрі де Мәуліт дастарқанынан дәм татуға мүмкіндік алды. Білген адамға бұл да сауап…
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.