Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шал ақын ауданының әкімі Марат Омаров аудандық Мәдениет үйінде өткен қорытынды кездесуде аудан жұртшылығы алдында есеп берді. Ол аудан басшылығына осы жылдың басында келгеніне қарамастан, аудан әкімдігінің былтырғы жұмысына кең көлемді талдау жасай отырып, алдағы кезеңнің басты міндеттерін белгілеуге күш салды.
Шал ақын ауданында бұл орайда мақтан етерліктей жетістіктері көп емес. Облыс аудандары ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер рейтингісі бойынша кейінде қалып келе жатқандығы да сондықтан. Оның басты себептерінің бірі – соңғы он шақты жылдан бері аудан басшыларының жиі-жиі ауыса беруінен деуге де болады. Қалай дегенде де, аудан тізгінін жаңа қолға алған басшыға жеңіл жүк қалып отырған жоқ.
Аудан экономикасын тұрақты дамыту бағыты агроөнеркәсіптік кешенді, соның ішінде бірінші кезекте егіншілікті дамытуға негізделген. Өткен қуаңшылықты жылы гектар шығымдылығы 9,6 центнерден айналып, 183 мың тонна астық жиналған.
Ал мал шаруашылығындағы жағдай мәз емес. Жеке үй шаруашылықтарынан басқа аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары ұстайтын мал басы әлі аз. Өкінішке қарай, бұл жұмыс қажетті қарқында дамымай отыр. Өткен жылы 17 ауыл шаруашылығы құрылымы 649 бас ірі қара әкелді, бұл жоспардың 26 пайызын ғана құрайды. Мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасы бойынша небәрі 8 жоба игеріліп, 77,7 млн. теңге кредитке 363 бас мал алынды. Сол сияқты “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша да небәрі 46 бас мал қосылды.
Есепті баяндамада ауданда кәсіпкерлікті дамыту жайы да кеңінен сөз болды. Ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің 1086 субъектісі тіркелген болса, 976-сы нақтылы жұмыс істеуде. Алайда, өнеркәсіп саласындағылары әлі аз, есепті жылда жаңадан 5 өндіріс орыны ғана ашылған.
Ауданда тұрғын үй құрылысы тұралап тұр деуге болады, өткен жылы жеке құрылыс салушылар есебінен жалпы көлемі 1676 шаршы метр 12 тұрғын үй ғана пайдалануға берілді. Бар көзге көрінетіні – Сергеевка қаласының орталық стадионы қайта жөндеуден өтті. Сондай-ақ 10 тұрғын үйге инженерлік коммуникациялар жұмыстары жүргізілуде.
Әкімнің есепті баяндамасында, сонымен бірге тұрғындарды сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу мен күтіп ұстау, елді мекендерді көркейту мәселелері де жан-жақты талданды. Жыл ішінде тұрғындардан келіп түскен 80-нен астам сұрақ пен өтініш-тілектердің көпшілігі осы әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге қатысты. Олардың ішінде шешімін тауып жатқандары да жоқ емес, мысалы, бақылауға алынған 40 өтініштің 38-і шешіліпті.
Аудандық автокөлік жолдарының ұзындығы 557 шақырымды құрайды, оның 107 шақырымы – республикалық, 153 шақырымы – облыстық және 297 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. 2012 жылы оларды жөндеп, күтіп ұстау үшін аудандық бюджеттен небәрі 4,8 млн. теңге бөлінді. Мұндай қаржыға аудандағы жолды жыл бойы дұрыс ұстау мүмкін емес. Оның өзі көптеген реніш туғызып, аудан тұрғындары қиындық көріп келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдердің жоспары асыра орындалған. Бірақ одан аудан экономикасы мен әлеуметтік салалардың оңалып кете алмай келе жатқаны, әрине, өкінішті. Баяндамада айтылғанындай, тұрғындарды жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғауда ауқымды шаралар қолға алынып жатқанымен, олар әлі де жеткіліксіз. Жыл ішінде небәрі 34 адам кәсіптік оқытудан және қайта оқытудан өтіп, өз мамандықтары бойынша жұмыс тапқан. Сол сияқты ауданда 57 адамның ғана жұмыссыз отырғаны, аз қамтылғандар банкіне 54 отбасының ғана енгізілгені сендіре қоймайды. Ал шын мәнінде олардың көп екені сөзсіз.
Спорттық және мәдени шараларда әлі де намысты қолдан бермей келе жатқан ауданда білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы олқылықтар көзге ұрып тұр. Айталық, Ұлттық бірыңғай тестілеуге түлектердің 52,2 пайызы немесе 131 оқушы ғана қатысқан болса, соның өзінде орташа көрсеткіш 74 балды құрайды. Аудандық денсаулық сақтау жүйесінің базалық тірегі – орталық аурухананың қазіргі жағдайы дабыл қағарлықтай, ғимараты жедел күрделі жөндеуді қажет етеді, 10 дәрігер және 8 орта медицина қызметкері тапшылығы бар.
Есепті баяндамадан кейін тұрғындар қойған сауалдар осы мәселені қозғады. Орталық аурухананың қызметкері Сәуле Мұқанова жас мамандарға тұрғын үй бөлу және аурухана ғимаратында күрделі жөндеу жүргізу жайын сұрады. Аудан әкімі медицина қызметкерлеріне биыл 4 тұрғын үй берілетінін, ауруханадағы ең тозығы жеткен кір жуатын орынға күрделі жөндеу қарастырылатынын айтты. Қаратал орта мектебінің жанындағы шағын орталықтың директоры Гүлнәр Тәжібаева босаған бұрынғы ауылдық кеңес ғимаратына жөндеу жүргізіп, орталықты сонда көшіру мәселесін қойды. Аудандағы бірденбір тұрғындары мен бала саны өсіп отырған бұл ауылда жалғыз шағын орталық емес, жаңа мектеп тұрғызу қажеттігі байқалып отыр. Аудан әкімі босаған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, оны шағын орталыққа беруге уәде етті.
Көпшілік тұрғындарды қаланың санитарлық-тазалық жағдайы, келе жатқан көктемде көшелерді су басып қалмау мәселесі алаңдатады екен. Победа көшесінің бір тұрғыны “Жәрдем” МКК-де су айдайтын машиналар жоқтығын, жылғалар мен арналарды тазарту мәселесін сөз етті. Оған қайтарылған жауаптан кәсіпорынның жаңадан 5 сорғы алғаны белгілі болды. Биыл қардың көп түсуі себепті көктемде айрықша сақтық шаралары жасалады. Су көтерілуі қаупі бар Жаңажол және Городецкое ауылдарының маңындағы жыралар тазартылып, кезекшілік ұйымдастырылмақшы. Келесі аптадан бастап тасқынға қарсы комиссия өз жұмысына кіріседі.
Ауданға танымал азамат, еңбек ардагері Маңыбай Үмітбаев кездесуде бірнеше сұрақ қойып, өткір мәселелерді көтерді. Ол алдымен “ТНС” ЖШС-нің бұрынғы кеңшар орталықтарындағы МТМ-ларды тасталқан бұзғанына реніш білдірді. Олар өз бизнес мәселесін шеше берсін, бірақ елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көңіл бөлсін, ауылдардағы мектеп пен шағын орталықтарға көмектесу міндетін оған жүктеу керек, сондай-ақ жемазық өндірумен айналысулары қажет деген ой айтты. Тұрғындардағы мал басының өсуі үшін дәстүрлі арпа, сұлы дақылдары себілуі керек, көпжылдық екпе шөптер егістігін жаңартпай болмайды. “ТНС” ЖШС-і әр ауылда өз өкілін ұстап, тұрғындардың талап-тілектеріне сергек қарауы тиіс, әйтпесе бұл жұмысқа жергілікті іскер жандарды тарту керек деген пікірін білдірді.
Ардагердің тағы екі ұсынысы қолдау тапты, олар – бұрынғы училище ғимаратын қайтарып алып, онда 150-200 орындық балабақша ашу және қалалық орталық моншада әйелдер жуынатын бөлімді іске қосу.
Залдан сөз алып сөйлеген қала тұрғыны, еңбек ардагері Қабдісәлам Шәріпов ауданнан облыс орталығына науқас әйелін жеткізген кезде ескі “УАЗ” “Жедел жәрдем” автокөлігінің қолайсыздығын мысал ете отырып, оны осызаманғы көліктерге ауыстыру қажеттігіне назар аударды. Оның тағы бір көңіл аударған мәселесі, жіктелген электр қуатының тарифтерін пайдалану үшін қойылған есептегіш құралдарын тәулік бөліктеріндегі өзгеріс сағаттарына байланысты қайта бағдарламалау машақаты жайында болды. Осы көтерілген мәселелерді шешуді аудан әкімі облыстық деңгейде көтеруге уәде етті.
Қала тұрғыны Ғабит Қоңырбаев аудан орталығының санитарлық-тазалық жағдайының өте нашарлығы, соның ішінде қалалық қоқыс төгу орнында тәртіп жоқтығы жайлы сын айтты. Қалдық төгетін жер жайылып, бір шеті Есілге, енді бір шеті қаланың Цветочный көшесіне таяқ тастам жер қалған. Осындай келеңсіздікке тоқтау салатын, өз қаласына жаны ашитын басшы болса деген тілек білдірді.
Аудан әкімінің есепті кездесуіне қатысып, сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мемлекеттік қолдау, көмектерінің беріліп жатқанына қарамастан ауданда кемшіліктердің әлі де көп екеніне тоқталды.
– Ауданды өркендету үшін бизнесті дамытып, салық түсімін көтеру керек, сонда көптеген мәселелер шешіледі. Қандай істі болсын жыл басынан жедел бастаған дұрыс, Үкіметтің берген қаржысын толық игеруге тырысу қажет. Ал бізде уақытты өткізіп алып, сан соғып қалатын кезіміз көп, міне, осындай себептен тұрғын үйлер уақтылы тұрғызылмайды, өндіріс іске қосылмайды. Залдан пікір айтқан азаматтар дұрыс сөйледі, егістік жер құрылымын қайта қарауымыз керек, жемазықтық және майлы дақылдар егістіктерін ұлғайтпай болмайды. Мықты жемазық базасынсыз мал шаруашылығын дамыта алмаймыз, – деді Айдарбек Сапаров.
Аудан әкімінің есепті кездесуіне жиналған жұртшылық ауданның нақтылы әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанығып, көкейлерінде жүрген өзекті мәселелерді ортаға салды.