«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСҚАРУДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елена СТЕПАНЕНКО,

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің СҚО

бойынша басқармасының бөлім бастығы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың басты қағидаларын атап көрсетіп, еліміздің алдында тұрған негізгі міндеттерді белгілеп берді.

Өткен онжылдықта еліміз өз дамуында сапалы серпіліс жасады. Бұл кәсіби Үкіметті қалыптастыру бойынша “Қазақстан – 2030” Стратегиясының басымдықтарының бірін жүзеге асырумен тікелей байланысты. Аталмыш міндет мемлекеттің қызметін тиімді жүзеге асыруға қабілетті осызаманғы мемлекеттік қызмет құруды көздейді. 1990 жылдардың соңында-ақ Қазақстан мемлекеттік қызмет жүйесіне тікелей қатысты түбегейлі әрі кезең-кезеңімен әкімшілік реформалар жүргізуге кіріскен.

 

Бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік қызметтің барынша тиімді үлгісі қалыптасқан. Даму үшін зор әлеуетке ие, бірқатар өлшемдері бойынша шетелдік баламаларының ешқайсысынан кем түспейді. Кадрлар резерві құрылған. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің негізсіз жұмыстан босатылуы заңнамамен бекітіліп, қорғалған. Олардың әлеуметтік қорғалуына да көп назар аударылған, үздік қызметкерлерді көтермелеу жүйесі дамыған. Бұл мемлекеттік органдар жұмысын әлдеқайда ашық жүргізуге және мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыруға мүмкіндік берді.

Алайда, қоғамның дамуына орай мемлекеттік қызметшілерге деген талап та жылдан-жылға артып келеді. Қызметші әдебіне зор көңіл бөлінеді. Мемлекеттік қызметші азаматтардың өтініштерімен жұмыс істей білуі, олардың мәселелеріне терең бойлап, қалыптасқан жағдайды шешу үшін өз құзыреті аясында тиісті шара қабылдауы, оның өзінде қоғам мен мемлекет мүдделерін басшылыққа ала отырып, кез келген оқиғада заңға адалдық пен патриотизм көрсетуі керек. Әрине, бұл талаптар осыдан он жыл бұрын да өзекті болған. Бірақ Қазақстан өз дамуының кезекті кезеңіне өткен шағында осы талаптар өте ерекше көрініс тауып отыр.

Жаңа онжылдық экономикасын өз ісін жетік білетін әрі құзыретті кадрлар құратын болады. Ел дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының барлық идеологиясы осыған бағытталған. Мемлекеттік қызметте нағыз кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Елбасы да осы жайлы үнемі айтып келеді және бұл өмір талабы да болып отыр.

Қалыптасқан басқару кәсібилігі бұдан да жоғары деңгейге көтерілуі тиіс. Бұл мемлекеттік басқару идеологиясында адами әлеуеттің басымдығын мойындауға көшу керектігін білдіреді. “Қазақстан – 2050” Стратегиясына сәйкес мемлекеттік қызмет реформасы оны кәсібилендіруге жұмылдырылған. Осылайша мемлекеттік қызмет персоналын басқару – конкурстық іріктеуден мансаптық өсуге дейін оны өту кезеңдеріне сәйкес құрылатын болады. Ішінара мемлекеттік қызметке өту тәртібін жетілдіру бойынша шаралар қолданылады. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даму жүйесін жетілдіру аясында жыл сайынғы дербес жоспарлар енгізу көзделіп отыр. Онда мемлекеттік қызметшілердің аттестаттаудан өтулері, жұмыс нәтижелері есепке алынып, оқыту бағдарламаларын іріктеу жүзеге асырылады, мансаптық өсуі болжанады. Оқыту жаңа дағды мен білім жинақтау үшін бүкіл кәсіби мансап бойы жүргізіліп, тұрақты сипат алуы керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуінде олардың “орталық – өңір”, “өңір – орталық” желісі бойынша ауысуы маңызды рөлге ие. Бір орында көптеген жылдар отыруы еңбек уәжін төмендетеді. Бұл сонымен қатар мемлекеттік қызметшінің ой-өрісінің бір учаскенің аясында шектелуіне және оның өз әрекетін басқарудың жаңа әдістерімен байытуына кедергі келтіреді. Орын ауыстыру ахуалды салыстыруға, жаңа жағдайларға тезірек бейімделуге, бастамашылық танытуға ықпал етеді.

Бүгінде Қазақстан мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жасап отыр, онда мемлекеттік қызметті тұтынушылар мүдделері басты орынға қойылған. Қазақстан Республикасы Президентінің “Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалау жүйесі туралы” Жарлығы шықты. Осы құжатқа сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мен оның аумақтық басқармаларына орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының әрекетін тиімді бағалауды жүргізу қызметі мемлекеттік қызмет көрсету және персоналды басқару бағыттары бойынша бекітілген.

Мемлекеттік қызметті жетілдіру шартының бірі мемлекеттік қызметшілердің ділін өзгерту болып табылады. Азаматтардың мемлекеттік қызметшілерге сенім деңгейі көпшілік жағдайда бұл міндеттің сауатты орындалуына байланысты. Сенім – мемлекеттік қызметшілер әрекетін бағалаудың өлшемі ғана емес, олардың қоғамдағы беделінің де көрсеткіші. Бедел тек абыроймен, лайықты еңбекпен келеді.

Мемлекеттік қызмет өзінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту бойынша жаңа әдістерді әзірлеу және жүзеге асыру, креативті ойлау және әрекет ету қажет. Тек сонда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған барлық міндеттері табысты жүзеге асатын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp