Дүйсенбі күні облыс әкімі, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Самат Ескендіров жергілікті этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесіп, жиналғандарды өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кездесу барысында облыстық ассамблеяның өткен жылы атқарылған жұмысы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, туындаған мәселелер жайы сөз болды. Бүгінгі таңда облыстық ассамблея құрамына 68 адам қабылданса, біздің өңірімізден 15-і республикалық Ассамблеяға мүшелікке өткен. Материалдық базаның нығайтылып жатқанын айтқан облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева алда атқарылар жұмысқа 6 миллион теңгеден астам қаржы бөлінгендігін жеткізді. Ал үстіміздегі жылы облыстық әкімдіктің көмегімен 84 ұлттық киім алынған екен. Қазір туындап отырған мәселелерді айтқан Елена Мезева мәдени шараларды өткізу үшін залға қондырғылар қажет, деді.
Ал “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман мемлекеттік тілдің жағдайына тоқталды.
– Қыруар істер атқарылды десек те, тіл мәселесінде әлі де шешетін проблемалар бар. Елбасымыз Үкіметке елдегі үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу керек деген тапсырма берді. Біздің облысымызда да ондай мектептер бар. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим қазақ орта мектебінің ғимараты 120 орынға шақталған болса, онда қазір үш ауысымда 450 оқушы білім алуда. Шал ақын ауданындағы болашағы бар ауылдардың бірі – Қараталдағы мектепте балалар екі ауысыммен оқытылуда. Осы орайда қазақ тілінде оқытатын мектептерді салған кезде болашағы бар ауылдарға басымдық берілуі қажет деп ойлаймын, – деген Кәрібай Мұсырман үстіміздегі жылы Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығы аталып өтілетіндігін айтып, осыдан екі жыл бұрын қолға алынған игі бастама – “Мағжан” фестивалі биыл да ұйымдастырылса екен деген өтінішін жеткізді. Облыстық ассамблеяның жұмысын жетілдіруге қатысты да ұсыныстар айтылды. Мәселен, Достық үйінің мәртебесіне қатысты. Көрші облыстардың бірінде Достық үйі мәдениет басқармасы жанындағы халық шығармашылығы орталығына қосылып, бірге қаржыландырылатын көрінеді.
Кездесу барысында өзге де этнобірлестіктердің жетекшілері өз ұсыныстарын айтып, жүзеге асырып жүрген әлеуметтік жобаларының жағдайымен таныстырды, қолдау көрсетуді сұрады. Осы орайда “Ассамблея” корпоративтік қорының қаржылық жағдайы талқыланды.
– Мен өңір басшысы, облыстық ассамблеяның төрағасы ретіндегі жұмысымда әлеуметпен тығыз байланыста болғым келеді. Біз тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаруы үшін жұмыс істейтін боламыз. Елбасының, Үкіметтің тапсырмаларын орындап, республикалық, облыстық бағдарламаларды жүзеге асырамыз. Ел игілігі жолында этнобірлестіктердің жетекшілерін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Ал облыстық ассамблея қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қажетінше қаражат бөлінетін болады, – деген облыс әкімі Самат Ескендіров ассамблея мүшелерінің атқарып жатқан жұмысына алғысын білдірді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.