«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ Успенка ауылдық округіндегі әңгіме түйіні осы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Владимир Бубенко Успенка ауылдық округі тұрғындары алдында есеп берді. Оған өңір басшысы Самат Ескендіров қатысып, шешімін күткен мәселелерге орай өз ойын ортаға салды, кездесуден кейін бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралады.  

Самат САПАРАЛЫ,

журналист.

Владимир Бубенконың айтуына қарағанда, экономиканың басым бағыты саналатын ауыл шаруашылығынан өткен жылғы қуаңшылықтың өзінде 600 мың тоннадан астам астық, 13 мың тонна майлы дақыл алынды. Оған көктемгі және күзгі дала жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін республикалық бюджеттен бөлінген 242,7 млн. теңгенің мақсатты трансферті, 1 млрд. теңгеден астам қаржыға сатып алынған 100 техника, оның 27-сі комбайн, игі әсерін тигізді.

 

Мемлекеттің қолдауы арқасында ауданның агроқұрылымдары 3188 бас ірі қара сатып алды. “НұрСен-Агро” ЖШС Бәйтерек ауылында жобалық құны 480 млн. теңгені құрайтын репродуктор шаруашылық ашып, 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Сөйтіп, ірі қараның саны алдыңғы жылмен салыстырғанда – 12,4, жылқы – 11,2, қой-ешкі 8,6 пайызға өсті. Ауылдық округтерде 7 мал сою алаңы мен 3 қосын жұмыс істейді. Биыл еттің экспорттық әлеуетін арттыруға арналған бағдарламаға сәйкес аудан бойынша 2800 бас ірі қара сатып алу, 300 басқа арналған репродуктор шаруашылық құру жоспарланып отыр.

Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатумен айналысатын 41 кәсіпорын бар. Олар өткен жылы 5694 тонна – ұн, 1188 тонна – нан, 489 тонна сүт өнімдерін өндірді. “Петкус” фирмасының сыйымдылығы 30 мың тонналық элеваторы биыл пайдалануға беріледі. “ҚазЭнергоРегион” ЖШС аудан орталығында мұнай өңдейтін зауыт салуды қолға алмақ. Жылдық қуаттылығы 13 млн. тонна мұнай өңдеуді құрайтын кәсіпорынға 2 млрд. еуро бағытталмақ.

Елді мекендердегі шағын бизнес субъектілерінің саны – 722. Өткен жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 21 жеке адам кредит алып, оны мал шаруашылығын дамытуға, құрылыс материалдарын өндіруге, өсімдік майы мен жиһаз цехтарын, наубайхана мен дүкендер ашуға жұмсады.

Ауданның 52 елді мекені Булаев топтық су құбырының қызметін пайдаланады. Былтыр 2 су таратқыш желі іске қосылды.

Бұл күндері Булаево қаласында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Мемлекет қазынасынан бөлінген қыруар қаржыға салынып жатқан нысан желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Есепті кезеңде 733 жұмыс орны ашылды, 1921 адам жұмысқа орналасты, кәсіби оқуға 33 адам жіберілді.

Кездесу барысында жергілікті тұрғындар әлі де шешімін күткен мәселелерді алға тартты. Округке қарайтын 6 елді мекенде отын бағасы шарықтап өскен, қосалқы шаруашылықтардың мал жаятын жайылымы тарылған, топтық су құбыры болғанымен, тарату желілері жоқ, су тасу кестесі көңіл көншітпейді, жол жағдайы мен автобус қатынасы да алаңдатарлық күйде. Мысалы, болашағы жоқ саналатын Қоскөл ауылында 13 отбасы ғана тұрады. Ауызсу тапшы, жол қатынасы қиын. Ауызша айтылған және жазбаша түскен арызшағымдардың бастылары осылар. Аудан басшысы сауалдардың бәрі назарға алынады деп уәде берді.

– Тұрғындардың көкейкесті мәселелерін кейінге қалдыруға болмайды. Проблема болса, жағдайына қарай созбай, оны айтылған жерде шешу керек. Жақында Елбасының өзі билік басындағылардың халықпен тікелей жұмыс істеуі қажеттігін атап айтты. Бүгінгі күні монополист болып отырған 6 орман пайдаланушы отынға баға қоярда тұрғындармен ақылдассын. Ел байлығы қолжетімді болуы керек. Тез арада бұл мәселені шешуді тапсырамын, – дей келіп, Самат Ескендіров осы күні көтерілген мәселелердің орындалуын өз бақылауына алатындығын білдірді.

Есепті кездесуден кейін облыс әкімі Қарақоға ауылдық округінің орталығындағы “Балапан” бала-бақшасында болды. Алпыс орындық мектепке дейінгі мекеме өткен жылы Конституция күні пайдалануға беріліпті. Балабақша меңгерушісі Любовь Стукалоның айтуына қарағанда, 3 топқа бөлінген бүлдіршіндердің тәлім-тәрбиесі үшін барлық жағдай жасалған.

“Қарақоға” фермерлік шаруашылығының мал кешенінде 582 бас ірі қара бар. Оның 200-ден астамы – сиыр. Күні бүгінге дейін олардан 50 бұзау алынған. Шаруашылық жетекшісі Николай Жигалов өзі басқаратын “ЖНВ” ЖШС-нің көктемгі егіске дайындығы жайында да өңір басшысын хабардар етті.

Самат Ескендіров осы жолы Булаево қаласындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайына да соғып, ондағы жәдігерлерімен танысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp