«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОЛИЦЕЙ АБЫРОЙЛЫ БОЛМАЙ қылмыс азаймайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәртіп сақшыларының халық алдындағы беделі төмендеп кеткенін еліміздің күш-құрылым жетекшілерімен кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатты сынға алған болатын. Бұрындары форма киген адамға жұрт құрметпен қарайтын, ал бүгінде оларға деген сенім азайды. Полицейде бедел болмаса, қоғамда қылмыстың көбейетіні де жасырын емес. Сондықтан тәртіп сақшыларының аяққа тапталған абыройын көтеру жайы әркімді ойландыруы қажет.  

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

журналист.

Полицейлердің негізгі міндеті қоғамдағы тәртіпті қадағалау, қылмыскерлерден зардап шеккен жандарға көмек қолын созу екені белгілі. Өкініштісі, соңғы кездері тәртіп сақшыларының өздеріне қамқоршы қажет болып тұр. Полицейлердің қоғамдағы беделі төмендеп кеткеніне Қызылжарда болған бірнеше оқиға себеп бола алады. Мысалы, қалалық ішкі істер басқармасы 1-ші полиция бекетінің қызметкері, полиция лейтенанты троллейбустың ішінде таяқ жеп қалды. Кешкі сегіздер шамасында қоғамдық көлікпен түнгі кезекшілікке бара жатқан тәртіп сақшысының жанына отырған азамат оны жұрттың көзінше боқтап, жұдырық та жұмсаған.

Тағы бір оқиға қайғылы аяқтала жаздады. Ерлі-зайыптылар учаскелік инспекторды соққыға жығып, қызметтік көлігін зақымдаған. Полицейге өшіккен әйел үйінен пышақ ала шығып, тәртіп сақшысының мойнын жарақаттаған, ал күйеуі болса полицейді жерге жығып алып, басып ұстап тұрған. Тек көрші округтің учаскелік инспекторлары келіп қана әріптесін құтқарып алған.

Бұл екі іске кінәлілер де мас болған екен. Сондықтан бәрін ішімдікке жаба салуға да болады, әрине. Бірақ мұндай тәртіп сақшыларына деген кекшілдік еліміздің әр жерінде көрініс беріп қалып жүр. Тек Қызылжардың өзінде бір жылда полицейлерге бағынбай, күш көрсетуге байланысты оннан астам қылмыстық іс қозғалыпты. Он адам қамауға алынған.

Кеңес өкіметі кезінде полицейлерге деген құрмет ерекше еді, деп еске алады үлкендер. Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеевтің айтуынша, полицейлерді қызметке қабылдаудағы олқылықтардың кесірінен тәртіп сақшыларының беделі төмендеп кеткен. Бүгінде ішкі істер органына қызметке кім көрінген келіп кіре ме өзі деп те қаласың. Мұны соңғы өткен аттестаттау нәтижесі де аңғартқандай. Тек Қызылжардың өзінде екі жүздей полицей жұмыстан шығарылып, елу шақтысының қызметі төмендетілген екен.

– Мен ішкі істер саласында 32 жыл қызмет етіп, зейнет демалысына шықтым. Ол кезде полицияға деген құрмет ерекше еді. Халық сенетін. Және тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істейтінбіз. Қазір арада сәл алшақтық пайда болғандай. Сенім азайған. Бұрын кәсіби білікті адамдар ғана келетін, қазір жұмысқа алуда да осалдық бар. Полицияда бедел болмаса, оны ешкім сыйламаса, ешкім қорықпаса, қылмыс та өршиді ғой. Сондықтан, бірінші кезекте тәртіп сақшысының абыройын көтеру мәселесін шешу керек, – дейді Сұраған Көпеев ағамыз.

Зейнеттегі подполковниктің сөзінше, полицияның абыройы үшін ардагерлер де атсалысып жатқанға ұқсайды. Бүгінде ардагерлер кеңесінің әрбір мүшесіне қызметке жаңа тұрған бір-бір жас маманнан бекітіліп беріледі екен. Әбден тәжірибе жинақтағанға дейін, яғни 2-3 жыл бойы ардагер көрген-білгенін айтып, ақыл-кеңес береді. Осылайша ардагерлер кеңесінің құрамындағы 1215 зейнет жасындағы полицей де ішкі істер органы қызметкерлерінің сапалы қызмет етуіне, сол арқылы абыройының артуына өзіндік үлес қосып жүр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp