«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СЫБАҒА” СЫЙЛАП, “ЕГІНЖАЙДЫ” ЖАЙҚАЛТҚАН ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры хақында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі құрылымына енетін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау саясатын ауыл тұрғындарын және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін шағын кредиттер жолымен жүзеге асырушы мамандандырылған қаржы-кредиттік ұйым болып табылады. Қор белсене жұмыс жүргізген қысқа мерзімнің ішінде өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің зор сеніміне ие болып, көптеген жарқын істердің жүзеге асуына қаржылай көмегін тигізді. Ол негізінен шағын көлемде кредит алатын ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қызмет ететіндіктен, оның займшылар қатары да қалыңдай түсуде. Соңғы екі жылдан бері ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған “Сыбаға” және “Егінжай” бағдарламалары бойынша жемісті жұмыс жүргізіп отырған қаржылық қордың беделі одан әрі арта түсті. Өткен жылы межелеген міндеттер үдесінен шығып, биылғы жылды одан да жоғары мақсаттармен бастаған “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Зейнеп Рахымбековаға жолығып, сөзге тарттық.

 

– Зейнеп Төлегенқызы, облыста ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау жасайтын үш қордың бірі – Сіздердікі. Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін, алдымен олардың ара-жігін ашып берсеңіз?

– Иә, біздің қордың атының өзі-ақ айтып тұрғандай, бір салада жұмыс жүргізіп жатқан “Аграрлық несие корпорациясы” мен “ҚазАгро-Финанс” АҚ-лары ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау жасаумен айналысады. Бір-бірімізден айырмашылығымыз қорлардың әртүрлі деңгейдегі займшылармен жұмыс істеуінде. Айталық, біздің қор шағын шаруашылық құрылымдарға қызмет көрсетсе, “Аграрлық несие корпорациясы” орта деңгейлі кәсіпорындарға, ал “ҚазАгроФинанс” АҚ-ы ірі тауар өндірушілерге қаржылай қолдау жасайды. Соған сәйкес көлемде кредиттер бөлінеді. Ал енді өз қорымыздың құрылу тарихына тоқталып өтер болсам, ол 1994 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан мемлекеттік ауыл шаруашылығын қолдау қоры болып құрылып, 1998 жылы жабық акционерлік қоғам болып қайта құрылымдаудан өтті, 2004 жылы 2004-2010 жылдарға арналған республиканың ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасының және келесі 2005 жылдан ел ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кредиттеу үшін шағын кредиттік ұйымдар жүйесін дамыту тұжырымдамасының жүргізушісі болып табылды және 2007 жылдан бері “ҚазАгро” холдингі құрамында қазіргі қызметпен айналысады.

– Осы айтқандарыңызға қарағанда, қордың ауылдықтарды қаржыландыра бастағанына 7-8 жыл өткен сыңайлы.

– Дұрыс айтасыз, қор 2005 жылдан бастап тұрғындарды шағын кредиттеу жолымен несиелік қаржылар беруді бастады. Ауылдықтарды қаржылай қолдау қаржысы тек ауыл тұрғындарына және өз бизнесін ауылдық жерде ғана жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналғандықтан, оны басқа мақсаттарға пайдалану мүмкін емес. Басында, яғни 2005 жылы, ауылдық шағын кредит бағдарламасы бойынша берілетін кредит көлемі 65 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін құрады. Осы бағдарлама содан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Мысалы, 2012 жылы 264 займшыға 180 миллион теңгенің шағын кредиті берілді.

– Ауыл тұрғындары Сіздің қорды, әсіресе, “Сыбаға” бағдарламасы арқылы жақсы біледі. Елбасының бұрнағы жылғы Жолдауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытып, таяудағы жылдары еліміздің ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізуді міндеттеуіне байланысты бұл бағдарламаның маңыздылығы баршаға аян. Осы жайында не айтар едіңіз?

– “Сыбағаның” біздің қордың жұмысындағы орны бөлек. Оның мақсаты – етті бағыттағы тауарлық етті қара мал табыны санын көбейтуді қамтамасыз ету. Бұл бағдарлама 2011 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарлама бойынша осы уақыт ішінде 4475 аналық ірі қара мал басы және 198 өндіргіш бұқалар сатып алынды. Сонымен бірге, оған берілген займ сомасының 15 пайызына дейін негізгі құралжабдықтар сатып алу мен оған жөндеу жасауға, айналым қаржыларын толтыруға жұмсауға болатынын атап өткен жөн.

– Осы орайда “Сыбаға” бағдарламасы бойынша займдар беру шарттары мен ықтимал займшыларға қойылатын талаптар туралы да қысқаша айта кетсеңіз.

– Займ сомасы өткен жылдан бастап 18 млн. теңгеге дейін жетті, яғни 1 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін кредит алуға болады. Жылдық 6 пайыздық сыйақымен берілетін кредит мерзімі ұрғашы ірі қара мал алуға – 84 айға, өндіруші бұқалар алуға – 24 айға, айналым қаржыларын толықтыруға – 24 айға, негізгі құрал-жабдықтар сатып алу мен жөндеуге 84 айға дейін. Сол сияқты негізгі қарызды жабу бойынша жеңілдік кезең беріледі, ол асылтұқымды бұқалар сатып алу мен айналым қаржыларын толықтыру үшін транш берілген күннен бастап 12 айды құрайды. Ал ұрғашы қара мал мен негізгі құрал-жабдықтар алып, оған жөндеу жүргізгендерге 24 айға дейін жеңілдік жасалады. Сонымен бірге, сыйақы өсімдерін жабу бойынша да бір жылға дейін жеңілдік кезеңі беріледі.

Ықтимал займшылардан жеткілікті жайылымдық жерлері, қолайлы ветеринарлық-санитарлық жағдайы және өз қолында болашақ табынның 25 пайызынан кем емес ірі қара мал басының болуы талап етіледі. Қолында мұндай мал болмаған жағдайда, займшы сатып алынатын мал құнының кемінде 25 пайызын өзі қосымша қаржыландыруы керек. Сатып алынатын ұрғашы мал жасы 18-36 айдың аралығында болуы тиіс. Сондай-ақ 30 ұрғашы мал басына 1 асылтұқымды өндіргіш бұқа ұстау талабы қойылады.

Сөз орайы келгенде айта кететін бір жай, мал шаруашылығымен айналысқысы келетін жеке кәсіпкерлер займ алу үшін тапсырылуы қажетті құжаттарды дайындауды қиынсынады. Бірақ ол олай емес, бізге келіп немесе жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімдеріне барып, керекті құжаттар тізімін алуға болады. Ниет қойып, ұмтылған жандар оған бірер аптада қол жеткізе алады.

– Бұдан басқа қаржылай қолдау қорының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен “Егінжай” бағдарламасы бойынша да жұмыс жүргізіп отырғанын білеміз. Осы жайында айтып берсеңіз.

– Көктемгі дала және орақ жұмыстарын жүргізуге көрсетілетін қаржылай көмек бағдарламасы 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Ол бойынша осы уақытқа дейін 256,4 млн. теңгенің кредиттік қаржысы берілді. Бұған дейін жылдық 12 пайызды құраған сыйақы ставкасының биылдан бастап 9,5 пайызға дейін төмендегенін де атап кеткенім жөн. Оның займға деген сұраныстың артуына әсері болары сөзсіз. Мұндағы берілетін займ мөлшері 1 млн. теңгеден 6 млн. теңгеге дейін. Транш мерзімі 18 айдан аспайды. Оны алушыларға екінші деңгейлі банктер кепілдік етіп, ол астық қолхаттары бойынша алынған егін шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Ондағы ықтимал займшыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Олардың ең бастылары – салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша және екінші деңгейлі банктер мен басқа қаржылық институттар алдында мерзімі асқан қарыздары болмауы керек. Әрине, астық себілген алқаптар туралы деректер расталып, оның соңғы үш жылдағы шығымдылығы көрсетілуі және егістік жерлерінің өзінікі екені дәлелденуі тиіс. Ал займды мақсатты пайдалану қатаң бақыланады.

– Әлемдегі мықты қаржы орталықтарының бірі Ислам Даму банкінің Қормен бірге бірлесіп жұмыс жүргізуді бастап кеткенін естідік. Оның қандай бағдарламалары бар және олар қалай жүзеге асырылады?

– Ислам Даму банкі біздің “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-мен мұсылмандық экономикалық қағидаттарға сәйкестікте шағын кредиттер беру жөніндегі келісімге 2011 жылы қол қойған. Енді осы Ислам Даму банкі арқылы қаржылық жұмыс жүргізуді осы жылдан бастап облыстық филиал да қолға алғалы отыр. Исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттары мынаған саяды: қаржыландырушы тарап жобаға салынған инвестициялардан кіріс алады; анықталмаған іске (“гарар”) тыйым салынады, ымыралардың барлық тетіктері шарт жасалғанға дейін белгілі болуы керек; алып-сатарлық нәтижесінде табыс табуға тыйым жасайды (“майсир”).

“Сәтті” деп аталатын жаңа шағын кредиттік бағдарлама ауыл тұрғындарына беруге арналған. Бұл орайда оның басымдық алар займшылары әйел кәсіпкерлер болып табылады. Осы “Сәтті” бағдарламасының аясында мұсылмандық экономикалық қағидаттарға сәйкес келетін ұшқыр екі шағын кредиттік өнім өмірге келді. Олар “Мурабаха” және “Салам” деп аталады. “Мурабаха” бағдарламасының мақсаты, займшының өтінімі бойынша кейінде есеп айырысу арқылы сатылатын негізгі құрал-жабдықтарды, биологиялық активтерді (жылқылар, қара мал, мүйізді ұсақ мал) сатып алуға қаржылай көмектесу. Бір займшыға берілетін займ сомасы жобаны қаржыландыру туралы оң шешім қабылданған күнгі ҚР Ұлттық банкінің бағамы бойынша 25000 АҚШ долларынан аспайды. Жылдық кірістілік ставкасы 9,5 пайызды құрайтын шағын кредит 48 айға беріледі. Кепілге таратылатын жылжитын және жылжымайтын мүліктер қойылады. Бағдарламаның ерекше шарттары бойынша, тек жаңа негізгі құрал-жабдықтар және Қазақстан Республикасы аумағынан ғана биологиялық активтер сатып алынады.

– Ислам Даму банкі мұсылмандық сипаттағы қаржы орталығы болғандықтан, тыйым салатын талаптың шектеулері де бар шығар?

– Әрине, оның өзгешелігі де сол, мұсылмандық салт-дәстүрге жат, харам саналатын және қоршаған ортаға зиянды кез келген өнім мен қызметті қаржыландыруға бұл банк бармайды. Бір сөзбен айтқанда, алкоголь және темекі өнімдеріне, шошқа еті өндірісіне көк тиын бермейді.

– Енді “Сәтті” бағдарламасының екінші тармағы “Салам” туралы да айта кетсеңіз.

– Олар бір-біріне өте ұқсас. Бар айырмашылығы – берілетін кредиттің арналу мақсатында. “Салам” сапасы, көлемі және түсер күні белгіленген болашақ астық өнімдеріне (активтерге) алдын ала төлем жасауға пайдаланылады. Мұнда да бір займшыға берілетін займ сомасы 25000 АҚШ долларынан аспайды, жылдық кірістілігі 9,5 пайыз, шағын кредит 18 айға беріледі, займшы оны жабуды келісілген мерзімнің соңында өндірілген өнімінен тапсыру міндеттемесін орындау арқылы жүзеге асырады.

– Бұлардың шынында да, әсіресе, ауыл тұрғындары қызығарлықтай қаржы көздері екенін аңғарып отырмыз. Бұрнағы жылдары “Сыбаға” бағдарламасына ұмтылғандары сияқты, ауыл кәсіпкерлері Ислам Даму банкінің несібесіне де көптеп қол созады деп ойлайсыз ба?

– Сөз жоқ, “Сәтті” бағдарламасы бүтіндей ауыл тұрғындарына арналғандықтан, одан қаржылық көмек көргісі келетіндер де аз болмайды. Сондай-ақ оның әйел кәсіпкерлерге басымдық беретіні нәзік жандылардың іскерлікке ұмтылысына жол ашары анық. Онда өндірістің жүргізілуіне қандай талап қойылса, қаржылық операцияларында көлеңкелі жағдайларға жол берілмейтіні де займшыларды қызықтыруы тиіс. Қалай болғанда да, мұсылман банкінің ел экономикасына құйылымы кең тыныс алады деп ойлаймын. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, қор филиалының 802 белсенді займшысының 1258 миллион теңгенің кредиттік портфелі болса, ол одан әрі толыға түсетін болады.

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры туралы жанжақты әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp