«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІРЕТІН қылмысқа қарсы күрес бәсеңдемейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Нұрлан Шабдар бізге қаржы полициясының өткен жыл бойынша жұмыс нәтижесі жайында баяндады.  

– Нұрлан Аманкелдіұлы, қаржы полицейлерінің жыл ішінде атқарған жұмысына тоқталсаңыз.

– Елбасының, Қаржы полициясы агенттігі төрағасының тапсырмасы бойынша СҚО бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметі жемқорлық пен “көлеңкелі” экономикаға қарсы күреске және азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғауға бағытталды. Жемқорлықпен күресте оның алдын алу, сонымен қатар қоғамдық тұрақтылыққа барынша қауіп төндіретін жүйелі жемқорлық фактілерін анықтау және жолын кесу басым бағыттар болып белгіленді. Сонымен қатар қаржы полициясының қатарын кәсіби біліктілігі төмен қызметкерлерден тазартуға ерекше көңіл бөлінді.

 

Еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне ең басты қауіп төндіретін “көлеңкелі” экономикамен күрес те біздің қызметімізде басымдыққа ие. Сондай-ақ біз бизнес өкілдерін негізсіз тексеру мен олардың қызметіне заңсыз араласу оқиғаларының болмауын қамтамасыз еттік.

2012 жылы департамент қызметкерлері 272 қылмысты анықтады. Соның ішінде 73-і – ауыр және аса ауыр қылмысқа жатады. Аяқталған қылмыстық іс өндірісі бойынша келтірілген шығын 968,6 млн. теңгені құрап, соның 319,7 миллионы өтелді.

– “Көлеңкелі” бизнеспен күрес қалай жүргізілді?

– Бұл мәселе өте өзекті. Атап өткенімдей, қаржы полициясының негізгі міндеті мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Өткен жылы департамент қызметкерлері 192 экономикалық қылмысты, соның ішінде ауыр қылмыс санатындағы 54 қылмысты анықтады. 162 қылмыстық іс аяқталып, оның 101-і сотқа жіберілді.

Кәсіпкерлер және өзге де шаруашылық жүргізуші субъектілер заңға сәйкес кірісінен мемлекет бюджетіне салық төлеуі тиіс. Бірақ бірқатар кәсіпкерлер салық төлеуден жалтарып, түрлі айла-тәсілді ойлап табады. Өз кезегінде салықтың бюджетке толық көлемде түспеуі әлеуметтік және стратегиялық бағдарламаларға кесірін тигізбей қоймайды. Сондықтан қаржы полицейлерінің негізгі қызметі капиталды көлеңкелі сектордан шығару болып табылады.

Бүгінгі күні салық төлеуден жалтарудың ең таралған әдісі жалған кәсіпорындар құру арқылы пайдаға кенелу болып отыр. Жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша өткен жылы 12 қылмыс анықталды. Шығын 360,2 млн. теңгені құрады. Мәселен, А. есімді азаматтың және өзге тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар салық төлемеу және мүлік пайдасын табу мақсатында ЖШС құрып, қолма-қол ақша беруге қатысты қызмет көрсеткен.

18 салық қылмысы анықталды, шығын 603,6 млн. теңгені құрады. Мәселен, “Булаево элеваторы” ЖШС басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар салық төлеуден жалтарып, 2004-2008 жылдары декларацияға кірісі мен шығыны жөнінде бұрмаланған мәлімет берген. Мемлекетке келтірілген шығын 145,9 млн. теңгені құрады. Шығын толығымен өтелді. Сондай-ақ “Қазнефтегазмаш” АҚ бас директоры И. есімді азамат салық органдарына 2007 жылдағы қаржылық-шаруашылық қызметі жөнінде жалған мәлімет беріп, осылайша корпоративтік табыс салығын 71,9 млн. теңгеге төмендеткен. Мемлекетке келген шығын толыққанды өтелді.

Көлеңкелі бизнесте долбарлап жасаған түрлі өнім түрлерін өндіру кең таралған. Негізінен, әрине, өнімділігі жоғары, яғни жалған алкоголь өнімдерін шығарады. Есепті кезеңде мұндай фактілерге қатысты 14 қылмыстық іс қозғалды. Өткен жылы қыркүйекте жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Петропавлдағы жекеменшік қоймалардың бірінде және жүк көлігінде “Геом” ЖШС-нің салық органдарында есепке алынбаған алкоголь өнімдері жәшік-жәшігімен табылды. 197 мыңнан астам шөлмекке жалған есеп-бақылау маркалары жапсырылған. Осы факті бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне берілді.

Бұған қоса жедел-іздестіру шаралары барысында “Б” сауда маркасы пайдаланылған алкоголь өнімін жеткізу арнасының жолы кесілді. Заңсыз айналымнан жалпы құны 656,5 мың теңге болатын 926 шөлмек тәркіленді. Аталған факті бойынша әкімшілік материал әзірленді. Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық соттың шешімімен “Л” жеке кәсіпкерлігі 242,7 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Осындай факті Петропавл қаласында да анықталды. Заңсыз айналымнан жалпы құны 1,2 млн. теңгеге 1644 шөлмек тәркіленді. Сот қаулысы бойынша Б. есімді азамат 208 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.

– Сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтау бойынша қандай жұмыс атқарылды?

– 2012 жылы 49 жемқорлық қылмыс анықталды. Сотқа 21 қылмыстық іс жіберілді. Өткен жылы 25 лауазымды тұлғаға қатысты жемқорлық қылмыс белгілі болды. Соның ішінде 1 аудан әкімінің орынбасары, 1 ауылдық округтің әкімі, ішкі істер бөлімінің 2 қызметкері, ауыл шаруашылығы министрлігі бөлімшелерінің 2 және әкімдіктер мен оның құрылымдық бөлімшелерінің 19 қызметкері бар. Сөйтіп, Мамлют ауданындағы Андреевка ауылдық округінің әкімі шартты түрде 3,5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ол жалған құжаттар жасау арқылы округ азаматтарын қоғамдық қызметкерлер ретінде заңсыз рәсімдеген. Ал олардың 105,8 мың теңге көлеміндегі еңбекақысын қалтасына салған.

2007-2011 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған Петропавл қаласы әкімдігінің жергілікті салық жинау бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс сотқа берілді. Олар жалған мәлімет беру арқылы жергілікті салық жинаудан түскен аса ірі көлемдегі – 1 млрд. теңгеден астам қаржыны талан-таражға салған.

Парақорлық фактілері бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды. Департамент қызметкерлері жүргізген жедел шаралар нәтижесінде М. есімді азаматтан оның есірткіге тәуелді ағасын емдеу мекемесіне жатқызу туралы мәселені шешуге қатысты материалды сотқа жеделдетіп жеткізу үшін 100 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен Петропавл қаласы ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы ұсталды. Қазір ол қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр.

2012 жылы облыстық тәртіптік кеңес мүшелері мен мемлекеттік органдардың жетекшілері жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілерге қатысты қаржы полициясының 8 материалын қарастырды. Соның екеуі бойынша мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан шығару туралы шешім шығарылды, ал 6 адам тәртіптік жазаға тартылды.

– Бүгінде экономикалық заң бұзушылықтың қай түрі жиі тіркеледі?

– Бүгінгі күні салық төлеуден жалтару, жалған кәсіпорындар құру, жалған ақша жасауға байланысты заң бұзушылық барынша жиі жасалады. Сонымен қатар контрафактілік өнімдердің астыртын өндірісі мен заңсыз ойын бизнесіне қатысты фактілер де анықталады.

– Тұрғындармен кері байланыс қандай деңгейде?

– Өз қызметімізде азаматтық сектормен әріптестікті нығайтуға басымдық береміз. Жемқорлықпен күресте азаматтардың араласуынсыз тиісті нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.

Бүкіл республика бойынша қаржы полициясы органдарының бірыңғай сенім телефоны жұмыс істейді. Департамент басшылығы азаматтарды күнделікті қабылдайды. Ай сайын департамент бастығы “Нұр Отан” ХДП қоғамдық қабылдауында тұрғындардың өтінішшағымдарын тыңдайды. Сонымен қатар жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресте қоғамдық ұйымдармен 2 келісім жасалды. Жемқорлыққа қарсы үгітнасихат жүргізу бағытында акциялар өткізіледі. Жоғары оқу орындары, лицейлер мен мектептерде 9 дәріс оқылып, 2 “Ашық есік күні”, “дөңгелек үстелдер”, “Таза сессия” акциясы аясында М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттерімен бірге пікірсайыстар ұйымдастырылды. Мемлекеттік органдармен бірлесіп экономикалық және жемқорлық заң бұзушылыққа қарсы күрес мақсатындағы 54 шара өткізілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нұрлан ЖАХИН,

департаменттің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp