«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АВСТРИЯЛЫҚ МАЛДАР АУРУ БОЛЫП ШЫҚТЫ Соған орай оларды төлдерімен бірге жою туралы шешім қабылданды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аққайың ауданындағы “Леонов” ШҚ мен “Полтавское” ЖШС-іне 2012 жылдың қыркүйек айында Австриядан 722 бас симменталь тұқымды ірі қара әкелініп, ветеринарлық талаптарға сай карантинге алынған болатын. Карантин кезінде Павел Леонов басқаратын шаруа қожалығында 10 бас мал іш тастап, олардан алынған сынамалар (3 іш тасталған ұрық) Сібір және Қиыр Шығыс эксперименттік ветеринария институтына (Новосібір қаласы) зерттеуге жіберілген. Ондағы ғалымдар аталған малдардың бойында вирустық диареяның және Шмалленберг ауруының бар екендігін анықтаған. ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті зертханалық нәтижелердің негізінде 722 бас ірі қараны 180 төлімен қоса жою жөнінде шешім шығарып отыр.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

11 ақпан күні Ауыл шаруашылығы министрлігінде вице-министр Гүлмира Исаева “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның жергілікті филиалы арқылы 436 млн. теңгенің несиесіне әкелінген шетелдік малдарды жою туралы шешімнің қабылдануына орай БАҚ-тарға түсініктеме беру мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Вице-министрдің айтуына қарағанда, малдардың ауру екендігі анықталғаннан кейін ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Австрияның ветеринарлық қызметіне хабарлама жіберген. Олармен келіссөз жүргізілгеннен кейін Англиядағы зертханаға және Ресейдің Владимир қаласындағы ғылыми-зерттеу институтына сынамалар қосымша жолданған.

Ағылшын ғылыми-зерттеу институтындағы зертханасы зерттелген сынамаларда вирустық диареяның антиденелері, сонымен қатар антиген бар екендігін анықтаған. Ал ресейлік институт зерттелген малдардың қан сарысуының үлгілерінде жұқпалы ринатахеит және Шмалленберг вирустарының антиденелері бар деп отыр. Австриядан әкелінген барлық малды төлімен бірге жою туралы шешім осыдан кейін қабылданған.

12 ақпан күні өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков БАҚ өкілдеріне: “Австриядан әкелінген малдың ауруы карантин кезінде анықталды. Карантин өтпей, бұл малдың иесі жеткізуші болып саналады. Оны шетелдік компания әкелген және барлық шығынды солар өтейтін болады. Қазіргі уақытта бұл малдан аурудың екі түрі табылып отыр. Сондықтан олардың бәрі жойылады”, – деп мәлімдеді.

– Біздің еліміздегі асылтұқымды мал басы шетелдердікінен 10 есе кем, 5 пайызды ғана құрайды. Соған орай мал басын асылдандыру үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама жасалып, репродукторлы шаруашылықтар мен мал бордақылау алаңдары құрыла бастады. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осынау игілікті істен облысымыз да шет қалып отырған жоқ. Соңғы екі жылда облысымызға 30 мыңдай қара мал әкелінді, оның 2 мыңдайы – шетелдік. Мұхит асып келген малдардың саулығы – басты мәселе. Біздің екі шаруашылықта анықталып отырған ауру Еуропада тіркелген, Австрияда кеңінен тараған қатерлі дерт саналады. Ол адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл аурудың дигностикасы бар да, вакцинасы мен алдын алу шаралары әлі табылмай отыр. Сондықтан тәуекел етудің қажеті жоқ. Ал ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің малдарды төлдерімен бірге жою туралы шешімін маман ретінде дұрыс деп есептеймін, – дейді БАҚ-тарда кеңінен сөз болып жатқан осы мәселе жайлы Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, ветеринария ғылымының докторы, академик Қанат Мыңжасов.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp