Петропавл қаласының 18 жасар тұрғыны бопсалаушылықпен айналысты деген күдікпен қолға түсті. Ол өзінің қылмысын толық мойындап отыр.
Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.
Петропавл қаласының Ойқала кентінің 18 жастағы тұрғыны мектеп оқушысынан ақша бопсалады деген мәлімет ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармаға келіп түскен. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ақша алу кезінде ұсталды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бопсалаушы олардың назарына бұрыннан бері түскен екен. Күдікті биылдың өзінде істі болып үлгеріпті. Әрі кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі инспекцияда тіркеуде тұрған. Оған қоса қаңғыбас та болып үлгерген екен. Қазіргі кезде сот оның тағы бір тонауға қатыстылығын қарап жатыр.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқарманың жедел уәкілдері бопсалаушылық мектеп оқушылары арасында жиі кездеседі дейді. Олар қылмыскер таныстары жайлы айтып қорқытып, сосын ақша талап етеді екен. Күдікті жасаған қылмысын толық мойындады. Полицейлер оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Күдікті үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бозбала Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.