Қазіргі таңда сұранысқа ие тағамдарды тұрғындарға ұсынып жүрген асханалардың бірі – “Айналайын”.
“Айналайын” десең, айналайын. Қалтасы тәттілерге, жүрегі сүйіспеншілікке толы әжең мен атаңның ыстық алақанын есіңе түсіретін осы бір сөз құлаққа жағымды әрі ыстық естіледі. Асхананың ішіне кірсең де сол – балалық шақтағы жайлылықты сезінесің. Отбасы, туғантуыс, құрбы-құрдас, әріптестеріңмен бірге отырып, әңгіме-дүкен құратын жайлы орын. Әрі орналасқан жері де облыс орталығының қақ ортасы. Қала тұрғындары мен қонақтары қатынайтын Қазақстан Конституциясы көшесі бойында орын тепкен. Асхана тұрғындар арасында кеңінен танымал десем, артық айтқаным емес. Мұнда бас сұққан адам көңілі қалаған тағамдардан ауыз тиіп, әлдене алады. 24 сағат бойы қызмет көрсететін асхананың жұмысы бір секундқа да тоқтамайды. 100 орынға шақталған асханада осыдан 4 ай бұрын 25 адамға ыңғайланған vip-зал да өз жұмысын бастады. Ең бастысы – тағам бағасы қолайлы. Мұнда орташа жалақы алатын қызметкер мен зейнеткер де, үйде бала бағып отырған көпбалалы ана да тамақтана алады. Ұсынған тағамдардың әрбіреуінің дәмділігі мен пайдалылығына баса назар аудару – асхана бастығы Айтықан Қалғаеваның негізгі мақсаты.
– Асханада сорпаның 10, қою тамақтардың 25 түрі ұсынылған. Негізінен етті тағамдар пісіреміз. Самса, әртүрлі қоспалар салынған бүйректер мен тәттілердің түр-түрін дайындаймыз, – дейді Айтықан Асанқұлқызы.
– Жұбайымның қызметіне байланысты бір жерде көп уақытқа тұрақтаған емеспіз. Соған байланысты менің де қызмет орным жиі ауысты. Ойлана келе жеке кәсіпкерлігімді ашуға бел будым. Әйел адам болған соң ошақ қасында жүріп, отбасының жайын ойластыру – біздің басты мақсатымыз. “Қонағы жоқ үйдің ырысы болмайды” деген де бар. Қазақ болғаннан кейін қонақсыз да отырмайсың. Сондықтан көп ойланбастан, қоғамдық тамақтандырумен айналысуды қолға алдым. Бұл бастамамды туған-туыстарым да бірауыздан қолдады. Кәсіпкерлікпен 20 жылдан аса уақыт бойы айналысатын туғандарымның арқасында бұл істің қыр-сырын меңгеруіме мүмкіндік туды. Бастапқы жылдары біраз қиындықтарды біз де өткердік, – деп Айтықан Асанқұлқызы асханасын бір аралатып шықты.
Мұның алдында аяқкиім дүкені болған ғимаратты толыққанды асханаға айналдыра алғандығы нәзік жандының іскерлігін көрсетсе керек. Бүгінгі таңда қол астында жұмыс істейтін 17-і қызметкердің дені осы жылдар бойы қоян-қолтық бірге еңбек еткен аспаздар мен даяшылар. Қызметкерлердің орташа жалақылары өткен жылдың аяғында 25-30 мың теңгені құраса, биылғы жылдан бастап 30 мың теңге болып отыр. Жалақыдан басқа қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетіп отыратын Айтықан Асанқұлқызы әртүрлі қайырымдылық шараларды да өткізуді қолға алған. 3 бірдей бала тәрбиелеп отырған ана, әсіресе, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға көмегін аяған емес.
Асханада пісірілетін тағамдардың кейбірін асхана бастығы өзі дайындайды. Әңгіме барысында өз қолынан пісірген самсадан ауыз тиюді ұсынған Айтықан Асанқұлқызының қазақи қонақжайлылығы мен ұлттық тағамдарға деген сүйіспеншілігін байқамасқа болмады.
– Бала кезден таныс ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыздың жылы алақанымен пісірілген таба наннан бастап, қымызға дейін біз үшін ыстық көрінері анық. Ол тағамдарда халықтың ұлттық дүниетанымы, керек десеңіз, пәлсапасы жатыр. Отбасылық ортада туған-туысқандарыңмен ақ дастарқан басында күнделікті жейтін тағамдардың қоғамдық ортада көпшілікке ұсынылуы уақыт талабынан туған қажеттілік. Сол арқылы қалаға келген шетелдік азаматтар ұлттық асханадан дәм татып, біздің ел, біздің халық жайында көріп-біліп қана қоймай, дәміміз арқылы да тани бастайды. Мәселен, жапондықтарды суши арқылы танысақ, қазақтарды да елжұрт қымызы мен шұжығы арқылы білсе нұр үстіне нұр емес пе?! – дейді ол.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында асхананың ашылғанына 4 жыл толғалы отыр. Жылдағы әдетінше биыл да қызылжарлық тұрғындар мен қонақтар бауырсақ, жеті тағамнан жасалған наурызкөже, өзге де айтулы тағамдардан ауыз тие алады.
Асханада айтарлықтай көп уақытын өткізетіндер – жастар. Олардың талаптарына сай Wi-Fi ғаламтор желісі де орнатылған. Мұнда келген әр адам ұялы байланыс құралымен немесе ноутбугі арқылы Интернетке тегін қосылып, дәмді тағамдардан жүрек жалғап, керекті жұмысын да істей алады. Бұл асханада ішімдік сатылмайды. Ішімдіктің орнына келушілерге жергілікті кәсіпкерлердің қымызын ұсынуды қолға алған. Сол арқылы өзі сияқты жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды жөн санайды. Қуантарлық жайт.
– Келешекте асханада балалар мен нәрестелерге арналған мүйіс ашпақ ойымыз бар. Бізге келіп тамақтанатындар арасында бесік арбасына нәрестелерін салған аналар жиі кездеседі. Әсіресе, жаз айларында. Олар орталық алаңға шығып серуендеп, біздің асханаға кіріп, өздері де, нәрестелерін де тамақтандыра алады. Сондықтан нәрестелерге арналған тамақтардың бірнеше түрін ас мәзіріне енгізу ойымызда бар, – деген Айтықан Асанқұлқызы өзге де тың идеяларымен бөлісті. Біз болсақ асхана ішіндегі қаз-қатар тізілген келушілерден құралған ұзын-сонар кезектен әрең сытылып шығып, кете бардық.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.