«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚЫМАНЫ КӘСІП ЕТКЕН НАДЕЖДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқыма тоқуды өзіне кәсіп еткен адамды қазіргі нарықтық заманда елестету мүмкін еместей көрінеді. Тоқу, тігу ескіліктен қалған қолөнер сияқты әспеттелгелі қашан. Бірақ сол көне іс екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер екендігі даусыз.  

Надежда Полубелова тапсырыс бойынша әртүрлі киім-кешек тоқып, айына 50 мың теңге табыс табады. Қалай дейсіз ғой. Өте оңай. Ең бастысы ынта болса болғаны.

Надежданы (өзін солай атауды сұрады) Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан орталық әмбебап дүкенде кездестірдім. Үй тұрмысына қажетті ине-жіп, мата сататын бутикте сатушы болып қызмет ететін Надежда өткен-кеткен адамдарға қарамастан, қолына жібі мен ілгішін алып, тоқыма тоқып отырғанын көзім шалды. Бутик сөрелері қолдан тоқылған бас киімдер, шұлықтар мен қолғаптарға толы. Жіп пен инелердің бағаларын сұраған болып, әңгімеге тарттық. Қойған сұрақтарыма бірден жауап берген ол тоқымамен айналысуды 10 жасынан бастап, бұл өнерді анасынан үйренгенін айтады.

 

Мамандығы бойынша есепші әрі компьютер маманы Надежда тоқыма тоқу арқылы күнін көріп отырғандығын жасырмады.

– Сүйікті ісім десем, жаңылыспаймын. Көптеген жерлерде қызмет еттім. Бірақ осы тоқыма тоқу мен іс тігуден еш жалыққан емеспін. Тапсырыстарға үлгеру үшін күніне кей кездері бірнеше киім тоқимын. Тіпті, осы Жаңа жыл кешінде үйдегі туыстарым мерекені тойлап отырғанда, мен тоқыма тоқып отырдым, – дейді ол.

Бұдан бұрын Надежда Көкшетау қаласындағы “Комсомолка” тігін фабрикасында қызмет еткен. Киім пішу мен тігуге әбден машықтанып алған. Табиғатынан сабырлы көрінген Надежданың тоқыған киімдерін дүкенде сатылып тұрған бағалы киімдерден айыру қиын. Оларды айыратын – бағасы ғана. Мәселен, Надежданың тоқыған бас киімі 2500 теңгені құраса, сатылымда тұрған дәл сондай, бірақ фабрикадан шыққан бас киім одан екі есе қымбаттырақ. Сол сияқты өзге де киімдер. Арзан бағаға кардиган, тоқыма көйлек, белдемше, шұлық, мойын орамал, көйлектер мен нәрестелерге арналған костюмдерді қалаған түр мен түсті пайдаланып тоқыта аласыз. Надежда “Әр жыл мезгілінің өз тоқымасы мен жібі болады”, – дейді.

– Жазда тоқылған жеңіл көйлектер, сұранысқа ие. Күз айларының басында жылы киімдерге тапсырыс артады. Қыс мезгілінде де дәл солай. Кейбіреулер өздеріне тоқытқызса, кейбіреулер жақындарына сыйлыққа тапсырыс береді. Әсіресе, нәрестелі болған отбасылар сәбилеріне экологиялық таза жүн жіптен тоқылатын жылы шұлықтарға, көйлектер мен шалбарларға, бас киімдерге тапсырыс береді, – дейді ол.

Тізеден асатын үлкен кардигандар 7-8 мың теңгеге бағаланады. Надежда әр тапсырысқа шығармашылықпен қарайды. Қандай жіптен қандай киімнің түрін тоқуға болатындығын бес саусағындай біледі. Сондықтан да ол – тоқыма жіптер сататын бутиктегі таптырмас маман. Тұтынушыларға қандай киімге қандай тоқыма жібі қажет екендігін айтып, сұраған затын бірден тауып береді. Және қай киімді қалай тоқу керек екендігінен ақыл-кеңестерін де аяған емес.

– Жіп сатып алуға келген адамдардан тоқымаға деген қызығушылықтарын байқайсың. Менің тоқып отырғанымды көріп, үйретулерін сұрайды. Үйренемін деп келген адамға мен ешқашан қарсылық білдірмеймін. Бүгешігесіне дейін үйретемін, – деген ол тоқымасына кірісіп кетті.

Артынан ерген қызы да қол-өнерге машықтанған. Қазір қызы да ісмерлікпен айналысып, қала қонақтарының сұрауы бойынша кәдесыйлар мен әртүрлі бұйымдар жасап, дүкендерде сатылымға қояды. Бұл кәсіпті оның қызы да болашақта немерелері мен шөберелеріне үйрететіндігіне кәміл сенім білдіреді ол, себебі, оның ойынша қолөнер мен ісмерлік адамзат өмірінен ажырағысыз.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp