Жыл басынан бері облыста 92 өрт тіркеліп, одан 30 млн. теңгедей материалдық шығын келді. Отта 13 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 2-еуі – бала. 4 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Өткен аптада ғана оннан аса өрт оқиғасы орын алды.
Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында үш қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен шыққан өрт диван мен терезені зақымдады. От орнынан 14 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Ақжар мен Мағжан Жұмабаев аудандарының орталығында орын алған төтенше жағдай да үйдің ішіне ойран салып бақты. Өрттің себептері анықталу үстінде.
Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы жеке тұрғын үйден өрт түн ортасында шықты. Жергілікті өрт сөндірушілер 17 тонна су шығындап, тілсіз жаумен таң атқанша алысты. Үйдің ішкі жиһаздары, қабырға мен төбенің бір бөлігін зақымдаған от электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан сыңайлы. Өртті бұғалықтап, жасақтар бөлімге оралғанымен, сол күні кешке оттың қайтадан ойран салып жатқаны жайлы хабар келіп түсті. Бұл жолы от жалыны үйдің ішкі қабырғаларын, төбе жабылғылары мен шатырды жарамсыз етті. Оқиғаның қалай болғаны анықталып жатыр.
Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында пеш қызуынан шыққан өрт жалыны қабырға мен дәлізді шарпыды.
Петропавл қаласының М.Әуезов көшесіндегі “Жәмила” диірменінің қосалқы бөлігінде орын алған оқыс оқиғаға жылытатын пештің темір мұржасы себеп болған. Ал Универсальная көшесіндегі 2 қабатты ғимараттың 1-ші қабатындағы саунаның бір бөлмесіндегі жиһаздар мен терезенің бүлінуіне “көгілдір экран” кінәлі болып отыр. Ғимараттағы әкімші мен күзетшіні қауіпсіз жерге көшірген өрт сөндірушілер тілсіз жаудың әрі қарай өршуіне жол бермеді.
Тайынша қаласындағы “ЗИЛ-4505” автомобилі мотордағы электр сымының қысқа тұйықталуынан зардап шексе, облыс орталығындағы Мир көшесі, 154-үйдің ауласында тұрған “Wolkswaqen-Golf” салон ішіне қасақана от қоюдан толығымен жанып кетті.