«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨЛ МӘДЕНИЕТІМІЗ РУХЫМЫЗДЫ БАЙЫТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қуандық ҚАСЫМОВ,

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Еліміз егемен мемлекет болып, әлемдік қоғамдастық енді ғана тәуелсіздігімізді тани бастаған, алғашқы қиындықтардың шырмауынан бірте-бірте босанып шыққан шақта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзіне тән көрегендікпен халқымыздың болашаққа деген сенімін нығайтты. Әлі есімде, ол 1997 жылы “Қазақстан – 2030” Стратегиясын жариялап, елдің келешектегі даму белестерін кезең-кезеңімен көрсетіп бергенде бұл бағдарлама қол жетпейтіндей көрінді. Өйткені, халық бәрін көз алдындағы көріністермен өлшейді ғой. Ал жасыратын несі бар, ол уақытта жарықсыз, жылусыз, жалақы қолға уақытында тимей қиналған тұста аталған бағдарлама талайымызға тым асқақ, алынбайтын асудай әсер қалдырды. Алайда, Елбасымыз болашақты күні бұрын болжайтын кемеңгерлік қабілетін айғақтап, ақырын жүріп, анық баса отырып, зор мақсатқа қол жеткізді.

 

Осы стратегиялық бағдарламаның мерзімінен бұрын орындалғаны мені де ерекше қуантады бүгін. Өткен жылдың 14 желтоқсанында, Тәуелсіздік күнінің қарсаңында алдағы отыз жеті жылды қамтитьн “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауы жарияланғанда Мемлекет басшысы “Қазақстан – 2030” бағдарламасының негізгі көрсеткіштер бойынша мерзімінен бұрын орындалғанын атап көрсетіп, қорытындыларды алға тартты. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз “2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты” деп айта аламыз. Бұл – біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі” деп түйіндеуі өткен он бес жылдағы Қазақстанның жанжақты дамуын тиянақтай түсті. Расында да, алдымен экономикалық өрлеуге қол жеткіздік. Соның арқасында 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстан аман өттік. Соның өзінде экономикамыз өсуін жалғастырғанын өмір дәлелдеді.

Ал экономикалық өсуіміз мәдениетімізді өрлетті. Осы ретте Елбасымыздың 2000 жылды “Мәдениетті қолдау жылы” деп жариялауы мәдениет қызметкерлерін айрықша қуантқанын ұмытуға болмайды. Өйткені, 90-шы жылдары мәдениет мекемелерінің басым көпшілігі мемлекеттің иелігінде болды да, экономиканың әлсіз тұсында оларды ұстау, сақтау, қызметкерлерді жалақымен қамтамасыз ету қиынға соқты. Мұны бұл мекемелерді жекеменшікке алғандар пайдаланып қалып, көбіне оларды мәртебесіне сай ұстамады. Сондықтан Елбасымыз экономиканың ырыққа көнбеуінің салдарынан адамдардың психологиясында мәдени дамудан гөрі материалдық байлыққа икемделу тым белең алып кетпеуі үшін осы Жарлықты дер кезінде шығарды.

Бұдан төрт жыл өткенде Президент “2004-2006 жылдарға арналған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Мұның басты мақсаты Қазақстан халқының мәдени-ұлттық сана-сезімінің жақсаруына ықпал ету болды. Соның арқасында байырғы ұлттық мәдени мұраларымыз, тарихи ескерткіштеріміз сақталып қалды, жаңартылды, жаңғыртылды.

Мен үшін бір қуаныштысы, сол қиын-қыстау күнде де Елбасының қамқорлығының арқасында отымыз лаулап, жарығы өшпегені. Атап айтқанда, Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына орай 2000 жылы Қызылжарда ұлы жазушы-драматургтің есімі берілген біздің қазақ сазды-драма театрымыз шаңырақ көтерді, оның салтанатты ашылуында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі болды.

Міне, бұл ұлттық мәдениетіміздің өрлеуіне асқан қамқорлық екенін кім жоққа шығара алады?! Елбасымыз ұлттық мәдениет ұлттық рухты өрлетіп, ұлттық сана-сезімді дамытуға қызмет етуі керектігін осылайша бойымызға дарытты.

Содан бері біз он жыл кезеңді артта қалдырдық. Алғашқы кезде театрдың жас ұжымы қалыптасу жылдарын бастан өткерді. Көшіміз жүре түзелді. Қай уақытта болсын, біз жергілікті биліктің қолдауын жақсы сезінудеміз. Қойылымдарға, шет жерлерге гастрольдік сапарларға айтарлықтай материалдық көмек беріледі. Соның зорын айтып, мақтануға да болады – 2010 жылы театрдың онжылдығына орай облыс басшылығы он пәтер бөлді.

Сөз жоқ, мұндай қамқорлық жұмысымызға серпін беріп, ұлттық өнерімізді өрлете түсуге ынталандырады. Осылайша еңбек етуіміздің жемісін де көріп келеміз. Он жылдың ішінде сахнагерлеріміз бірқатар атап айтуға тұрарлық жеңістерге қол жеткізді: театрлардың республикалық фестивальдарында мерейіміз үстем болды.

Мұның өзі сахнагерлердің өнерін көрермен жұртшылықтың соған сай бағалауынан да байқалады. Біздің жас әртістеріміз қала мен облыс тұрғындарына жақсы таныс. Қойылымдарымызға балалардан бастап, егделерге дейін жиі келіп, тамашалайды. Осындай кездесулерден кейін игі тілектерін білдіретін көпшілік театрдың туған тілдің жанашыры екенін жиі айтады.

Ойлап отырсам, бұл лебіздер тегін айтылмайды екен. Туған тілде жатық сөйлеу, тіл мәдениетін меңгеру, сөздің қадірін арттыру сахнагердің бірінші парызы десем, артық айтқандық емес. Ол көрерменмен туған тіл арқылы қарым-қатынас жасайды. Бұл ыңғайда біз, сахнагерлер, туған тілдің туын асқақ көтеруге тиіспіз. Сондықтан “Қазақстан – 2050” Стратегиясындағы қазақ тілінің дамытылуы туралы айтылған нұсқаулардың бізге де қатысы бар дей аламын. Елбасымыздың “Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз”, “Қазақтың болашағы – қазақ тілінде” деген лебіздерінде үлкен мәнмаңыз барын әрқашан есте ұстауымыз керек.

Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті, қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше, тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек. Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер”, – деп бұл мәселенің осылай шешімін табатынын санамызға сіңірді.

Осыған негіздеме ретінде әліпбиімізді латын әліп-биіне көшіру қолға алынатыны белгілі. “Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе”, – деді Елбасымыз. “Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі” дегені бойымызға ерекше серпін береді. Бұл сезімнің мәні әркімге түсінікті болуға тиіс деп ойлаймын. Қазақтың ұлттық мәдениеті, өнері, әдебиеті, баспасөзі өз тіліне, дәстүріне жетік азаматтардың рухын көтереді, солардың бойына қонады. Туған тілді білмейтін адам ұлттық сахнаға, көркем әдебиетке, қазақ баспасөзіне ықылас аудара ма? Жоқ, әрине. Ана тілдің асқақтауына біз сол себепті мүдделіміз.

Елбасымыз “Қазақстан – 2050” Стратегиясында: “Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті”, – деп нақты атап айтты. Батысқа еліктеушілік, өкінішке қарай, біздің мәдениетіміздің кеселіне айнала жаздағанын жасырудың қажеті жоқ. Президент осыны баса көрсетіп отыр. Бұған Нұрсұлтан Назарбаев ескертіп отырған он сынқатердің тоғызыншысы – “Өркениетіміздің құндылықтарының дағдарысы” тарауы нақты жауап береді. “Өркениеттер қақтығысы, тарихтың ақыры, мультимәдениеттің күйреуін жариялайтын үндер жиі естіледі. Жылдар бойы сыннан өткен құндылықтарымызды қорғай отырып, біз үшін осынау кертартпа көзқарастан тартынуымыздың принципті маңызы бар”, – деген сөздерден ұлттық құндылықтарды қорғаудың қаншалықты маңызды екенін аңғарасың.

Сол үшін ұлттық мәдениетті өрлету ұлтты ұлт ретінде сақтаудың бірден-бір жолы десек, дұрыс. Бұған Жолдауда Президентіміз айтқан мына лебіз айрықша мән береді: “Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да, жинастыруымыз керек”, – деп алдымызға зор міндет жүктеді.

Иә, біздің театрымыз ұлттық мәдениеттің бір шаңырағы ретінде туған тілдің жанашыры, қазақтың мәдени өрлеуінің темірқазығы болуға тиіс. Біз қолымыздан келгенінше осы мақсатқа жетуге ұмтылып келеміз.

Бүгінде репертуарымызда елуден астам қойылым бар. Соңғы жылдардың айналасында жерлестеріміз Мағжан Жұмабаевтың (“Батыр Баян”), Сәбит Мұқановтың (“Балуан шолақ” повесінің желісінде сахналанған “Жаужүрек”), Ғабит Мүсіреповтің (“Қыз Жібек”), Сафуан Шаймерденовтің (“Дөкей келе жатыр”) мерейтойларына арнап спектакльдер көрсеттік.

Репертуарда кішкентай көрермендерге арналған спектакльдер де баршылық. “Айға ұшқан Түкбілмес”, “Эйр балалық”, “Алладиннің сиқырлы шамы”, “Тазша бала” сияқты қойылымдар жас көрермендерге аса ұнайды. Бұл ретте біз жетім балалар үйінің, интернат мекемелерінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық қойылымдарды жиі көрсетеміз.

Биылғы жылы да көрермендерімізге көзайым боларлық туындылар ұсынбақпыз. Мәселен, Қожаберген жыраудың – 350, Абылай ханның 300 жылдығына, Мағжанның туғанына 120 жыл толуына арнап қойылымдарды сахнаға шығаруды ойластырып отырмыз.

Театр – ұлттық интеллигенцияны тәрбиелейтін шаңырақ. Зиялы адам осы шаңыраққа келіп, өнер арқылы өткенмен жүздеседі, болашақпен тілдеседі. Оның бойына дарыған рухани игілік ұлттың негізін шайқалтпауға қызмет етеді. Осы орайда ұлы Мұхтар Әуезовтің мына лебізінің маңызын пайымдамау мүмкін емес деп ойлаймын. “Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін, өнерін білмеген, қадірлемеген адам толық интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық, білімі болса да, рухани ой-тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады”, – депті ғұлама.

Қазақтың ұлттық театрының шаңырағы көтерілгеніне енді екі жылдан соң тоқсан жыл толады. 1925 жылы Қызылордада Жұмат Шанин мен Жүсіпбек Аймауытовтың бастамасымен Мұхтар Әуезовтің “Еңлік – Кебегі” ұлттық кәсіби сахна өнерінің алғашқы құсын ұшырды. Ал ұлттық театр тарихын зерттеушілер, әуесқой қойылым болса да, қазақ сахна өнерінің он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысынан былай бастау алғанын айғақтап жүр. Содан жалғасқан бұл өнер, әсіресе, Семей өңірінде ерекше дамыған. Атап айтқанда, Семейде әуесқой өнерпаздар 1914 жылы Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына арнап “Біржан – Сара айтысы” деген спектакль қойған екен. Ал 1917 жылы Мұхтар Әуезовтің өзі қатысып, Абай ауылында – Әйгерімнің шаңырағында “Еңлік – Кебекті” қойғаны белгілі. Міне, ұлттық сахна өнерінің тұңғыш зиялылары осылар. Ұлттық театрдың алғашқы қарлығаштары Қанабек Байсейітов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов және басқалар өнерге дала сахнасынан жол тартты.

Біздер, сахнагерлердің кейінгі ұрпақтары, осы жолмен жүріп келеміз. Ұлттық рухымызды ұлттық мәдениетіміз байытатынын жақсы білеміз және сол үшін тер төгеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp