Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының
Құрметті азаматы.
… Қазақтың “Біз де бала болғанбыз!” деген нақылын естісем, кейін қалған күндерім еске түседі. Қыр жағалап, көбелек қудық, алысып-жұлысып күрестік, сөйте жүре әке-шешемізге қолғабыс жасап, түздің жұмысын да тындырдық. Оқудан да қол үзбей, көбіміз жоғары білімді игердік.
Алдымыз жетпіске таяп, баламыздан немере сүйіп отырмыз. Өмір өткенімен қызық, болашағымен тәтті. Сол өткенге ойша бір оралғанда өзімнің ізімді басып, алпыс жастың асқарына шығып отырған жақсы інім, абзал азамат Есләмбек Бекмұрзиннің де белесі биік екенін аңғарамын.
Есләмбек те – ауылда кіндік қаны тамған жігітағасы. Оның туған алтын бесігі – қазіргі Аққайың ауданындағы Дайындық.
Жастайынан қағылез, дене қуаты да олқы болмаған Есләмбек ауыл мектебінде оқып жүргеннен-ақ спортқа бейім болыпты. Жүгіруді ұнатқан екен. Өкпесі өшпейтін бозбалаға риза ауыл жұрты “Желаяқ” деп ат қойыпты.
Дайындық мектебінде 1960-1968 жылдары білім алған ол сегізінші сыныпты тамамдаған соң оқуын одан әрі жалғастыру мақсатымен Қызылжардағы қазіргі Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа келеді. Осында жан-жақтан жиналған бозбалалар күреседі екен. Бара-бара Есләмбек Владимир Абрамов сияқты сұңғыла бапкердің көзіне түсіп, күреске түпкілікті ден қояды. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде, небәрі алты ай жаттыққаннан кейін бапкері оны оқушылардың республикалық жарысына қосып, шәкірт балуан төртінші орын олжалап оралған. Бұдан соң 1970 жылы облыстың чемпиондығын жеңіп алса, Ақтөбеде өткен республика біріншілігінде тағы да жүлделі орын иеленген.
Алдына өмірлік мұрат-мақсат қойған, бұл орайда күресті таңдаған жігіт қаладағы педагогика институтының дене шынықтыру факультетіне түсуге ниет етіп, ақыры арманына қол жеткізеді. Арадағы бес жыл кезең көзді ашып, жұмғандай өте шығады. Сөйтіп, 1975-1977 жылдары Отан алдындағы парызын орындап, әскер қатарында шыңдалады. Онда да күрестен қол үзбейді.
Әскерден оралған соң араға он жылды салып, бір кездері жасөспірім күндері өткен гимназия-интернатқа дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасып, енді өзінің бар білгенін шәкірттерінің бойына дарыту арманына беріледі.
Осы ұстаздық іспен 1987-2003 жылдардың мұғдарында айналысқан ол, әсіресе, адамдармен емен-жарқын араласуда, ағаға – құрмет, ініге – ілтипат көрсетуде тең-құрбыларының алды бола білді.
Бұл жылдар тегін өткен жоқ. Жас азамат шыңдалды, жұртты танып, өзін де сыйлата білді. Әсіресе, әріптестерінің арасында жақсы аты шықты. Осындай ізгі де игі сипатының, ал ең бастысы – біліктілігінің арқасында 2004 жылы ол облыстық ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры болып тағайындалды.
Есләмбек інім – еркін және қазақ күресінің білгір маманы, ұлттық спортты өркендетуге жантәнімен берілген жанашыр. Оған айғақ ретінде ол он жыл бойы қазақ күресінен облыстың аға жаттықтырушысы болып қызмет атқарып келе жатқанын айтсақ, артық емес. Бір атап айтарым, ол ұлттық спортты өркендету мәселесіндегі ой-пікірлерін ашық жеткізеді. Мысалы, ұлттық спортқа арналған республикалық “Қазанат” журналындағы кездесуде солтүстік өңірде көкпарды дамыту, ат спортына көңіл бөлу жайында өрісті ой-пікір білдіріп, кейін олар қолдау тапты.
Бір қызығы, Есләмбектің нағашы атасы жауырыны жерге тимеген балуан болған екен. Ал одан да зоры – оның туған шешесі елдегі той-думандарда әйелдердің күресіне қатысып, қарсыластарына талай мәрте дес бермеген балуан әйел аты шығыпты.
– Өткенді еске алу оңай емес. Менің нағашымды – жетім башқұрт баласын Дайындық ауылының қазақтары аштықтан аман алып қалыпты. Алдындағы ас-суын бөлісіп, жан жомарттығын танытқан бауырмал қазақ халқының осы қасиетінің арқасында аштық пен жалаң-жұтаңдықтың құрсауынан құтылған ұрпағымыз жалғасып отыр. Тағдырдың тауқыметін тартқан қай халық болмасын, қазақ жерінде паналап, оған өлшеусіз риза болады, – дейді ол сөз тиегін ағытып.
Спортқа өте құмар болғаны сондай, бала кезінде атақты балуандар Әбілсейіт Айхановтың, Амангелді Ғабсаттаровтың, боксшы Әбдісалан Нұрмахановтың, волейболшы Жәнібек Сауранбаевтың, футболшы Тимур Сегізбаевтың суреттерін жинап, олар жайында жазылған мақалаларды газеттерден қиып алып, сақтап қоятын болған.
– Оқыған сайын осы тау тұлғалы ағаларға ұқсағым келеді. Жүгірумен айналыстым, салқын сумен шомылуды әдетке айналдырдым, футбол ойнадым. Соның әсерімен үйдің жанынан футбол алаңын жасадым, – деді ол тағы да өткен күндеріне ойша оралып.
Ендігі әңгіменің орайында оның шәкірттерінің жетістіктерін айта отырсам жөн. Ол баптаған жігіттер облысымызда, елімізде, Азия, Еуропа, әлем чемпионаттарында Есләмбек Әбділманұлын абыройға бөледі. Солардың бірі – Айбек Қырықбай – Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ол қазақ күресімен ғана айналысып қоймай, спорттың төрт түрі бойынша шебер атағын иеленді. Қоянқолтық жекпе-жектен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп жүрген “Қазақстан барысы” белдесулерінде сегізінші орын алды. Облыстың “Түйе балуаны”. Айбек былтырғы жылы Алматыда қоян-қолтық жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында қарсыластарын түгел ұтып, өз салмақ дәрежесінде бас жүлдені олжалап қайтты. Аға лейтенант, Қызылжардағы Әскери институттың аға оқытушысы.
Есләмбектің екінші бір шәкірті – Мақсат Нүсіпов. Қазақ күресінен Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған жампоз. Азия чемпионатының жүлдегері, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы. Қызметі де, шені де Айбекпен бірдей.
Ал Ғани Қасымов болса еліміздің спорт шебері, Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері.
Мерейтой иесінің ендігі бір оқушысы Сәкен Қаражанов – Қазақстанның спорт шебері, ел чемпионатының қола жүлдегері. Самбодан ел біріншілігінің жеңімпазы. Ішкі істер қызметкерлері арасында бірнеше дүркін чемпион атанған. Майор.
Руслан Есенбергенов – жастар арасында ел чемпионатының күміс жүлдегері. Облыстағы чемпионаттарда әлденеше мәрте жұлдызы жарқырап, бапкерін мерейге бөлеуде. Қазір Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің үшінші курсында білім алуда.
Алпыстағы бапкердің алтыншы шәкірті Дәурен Нұрғожин – қазақ күресінен спорт шеберінен үміткер. Облыстық жарыстардың бірнеше мәрте чемпионы. Белбеу күресінен еліміздің құрама командасының мүшесі, Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері. Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған спорт-интернатының жаттықтырушысы.
Е. Бекмұрзиннің ендігі бір талантты оқушысы – Дәурен Есләмов – спорт шеберінен үміткер, Қазақстан Халық ойындары спартакиадасының қола алқасын иеленген. Облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған спорт-интернаттың жаттықтырушысы.
Дулат Алпысов болса ол да өзгелермен терезесі тең жігіт. Спорт шеберінен үміткер, облыстық жарыстарда талай мәрте топ жарып келеді. Самбодан ел чемпионатының жеңімпазы. Кеден қызметкерлері арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Қызметі – шекарашы.
Спорт шеберінен үміткер Сағдат Қорғанбаев облыстық жарыстарда бірнеше дүркін жеңімпаз ретінде абыройға бөленген. Ұлттық спорт мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушысы.
Қазақ күресінен спорт шеберінен үміткер Исатай Макарамов облыстық жарыстарда талай мәрте жеңіске жеткен. Жекпе-жек күресінен республика кубогының иегері, күрестің осы түрінен спорт шебері. Қызылжардағы Әскери институттың қызметкері.
Міне, Есләмбек Әбділманұлының көтерілген биіктері заңғар екенін осыдан да пайымдауға болады.
Есләмбек Әбділманұлы – Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі.
Облыста қазақ күресінің дамуының тарихы оның есімімен ажырағысыз байланысты. Ол күрестің осы түрін алғаш ұйымдастырушы да. Осы мектепті басқара жүріп, ауылдарда оның бөлімшелерін ашты. Сондай еңбегінің арқасында бүгінде облыстың 13 ауданының 9-ында ұлттық спорт түрлерінен бөлімшелер шаңырақ көтерді. Мұның өзі ауылдық жерлерде ұлттық спорт түрлерімен шұғылданып жүрген жастарымыздың қатарын көбейтіп отыр.
Тек қазақ күресі емес, ол кезінде осы мектептің қарамағында көкпар, атжарыстары өтуіне де барын салған. Мысалы, өзінің бала күнгі досы, Дайындық ауылының тумасы, есімі облысымыздан тысқары жерлерге де әйгілі атбегі әрі кәсіпкер Біржан Шәймерденовтің жылқыларды баптауының арқасында өңірімізде ат спорты өркендеді. Есләмбек ат спорты мектебі ашылып, өз алдына отау тіккенше осы жұмысты қолынан келгенше өрістетіп, облыстық, республикалық бәйгелерге шабандоздарымыздың қатысуына үлкен көңіл бөлді.
Қызылжарда қазақ күресінің қазығын қаққан Есләмбек ініміз, міне, осындай азамат.