«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қиял құсы, сені ұшырдым…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

САЛА ЖҮРГЕЙ

МАҒАН ДА КӨЗ

ҚЫРЫҢДЫ

Сырым бар саған ашар,

ей, келешек,

Келесің ғой бәрібір,

“Келме!” десек,

Өзің сынды біз-дағы

балдырған ек,

Жасқа толдық жасайтын

елмен есеп.

 

Біздер-дағы балғын ек

ер көңілді,

Інілерге тапсырғам

жөргегімді.

Жасқа келдік елменен

ойға салып,

Есептесер алғаның,

бергеніңді.

Ойға түсер дейсің сол

бәрі қайтып,

Тауысуым мүмкін бе

бәрін айтып?

Бос жүрмеппін, әйтеуір,

бұл тірлікте

Пенде сынды дүмбілез

дарымай түк.

Пенделікке дес бермей жас

шағымда,

Қанат қақты адамдық

аспанымда.

Дарыған соң Тәңірден

өлең жаздым,

Азап жолын осы бір

бастадым да.

Беу, балдырған, нұрлы

шақ – ей, келешек,

Тұлға болып өсерсің

сенде кесек.

Келешекке жол беру –

ата салты,

Жөн болмайды үлкенсіп

кеуделесек.

Білген жақсы-ау қашанда

өз мініңді,

Білмегендер келемеж

сөзге ұрынды.

Саған сенем, келешек,

төр ұсынып,

Сала жүргей маған да

көз қырыңды.

МАҚТАНҒА ЕРМЕ, ЕЙ, КӨҢІЛ…

Бір сәттік сезім кейде бір,

Қақтырар тулап қанатын.

Мақтанға ерме, ей, көңіл,

Жалындай лаулап жанатын.

Тасыма, сезім, тектен-тек,

Алынса да асу, белестер.

Сенен де асып өткен көп,

Кеудеңді қақпай, соны ескер.

Жақсыны көрсең, жақын тұт,

Тұлғаңа болар ел сыншы.

Бұйырған саған ақындық

Бойыңа құт боп қонсыншы.

Елігіп кетсең, кейде өмір,

Түсіре салар сабаңа.

Мақтанға ерме, ей, көңіл,

Қалмастай мазақ, табаға.

Ұрындыратын күйікке,

Қалсыншы мадақ сөз шалғай.

Өзіңнен-өзің биік боп,

Бойыңа бір сәт көз салғай…

Іздемеші,

анам, мені,

жарқыным!

“Тебе твой мальчик на ладони

Седую голову кладет”…

Борис Пастернак.

Іздемеші, анам, мені,

жарқыным,

Аман-есен сенің ұлың –

алтының.

Түсіме де ене берме мазалап,

Өзің кеткен ол дүниеде

ал тыным.

Жүрген емен әсте

сені ойламай,

Оған дәтің шыдар әрі

бой қалай?

Бір ордадан алып

Тәңір бәріңді

Жалғыз мені дара қылып

қойғаны-ай!

Сол ордадан тұяқ болып

ең соңғы,

Ауыр ойлар езіп

жүр-ау еңсемді.

Жүрек деген жасқа толмай,

бақытты

Шақтарымды баяғыша

көрсең-ді.

Әттең, бақыт өткен

екен ертерек,

Сағынышпен саған

ғана еркелеп,

Бар жанымды ақтарушы

ем өзіңе,

Бар сырымды айтушы

едім шерте кеп.

Оймен ғана енді сені көремін,

Ой толғаумен арналады

өлеңім.

Алпыс асып, әке

болып жүрсем де

Сәбиіңдей сағынышқа

бөледің.

Сенің күнің жетер

кейін бізге де,

Өтер өмір қысы келе,

күз келе.

Көктемі де, жазы да

өтер өмірдің…

Түсіме еніп, анам,

мені іздеме…

 

МӨЛДІР

БҰЛАҚ

Мөлдір бұлақ, тамашасың бір түрлі,

Сағындырдың сыңғырлаған күлкіңді.

Өрген шаштай көздің жауын алушы ең

Жаз өткенде әсем әнің іркілді.

Күн жадырап, жан бітіріп көк белге,

Самарқанның самал желі жеткенде,

Балғын тілмен қайта сөйлей бастайсың,

Шаттығыңды жайып салып көктемге.

Жатады қыр жасыл түске боянып,

Жылы шуақ күннен күнге бой алып.

Сыңғырлаған сәби сынды күлкіңнен

Бар дүние жатқандай-ақ оянып.

Мөлдір бұлақ, тұп-тұнықсың, тұмасың,

Шаңырақтың еркесіндей бұласың.

Қыс келгенде әсем әнің іркілсе,

Көктем шыға жылда қайта туасың.

Мұндай тірлік бұйырмайды-ау бізге әман,

(Мәңгілікке мекен болар түз маған)…

Қайта туып, жасаратын, бақытты

Сенің осы тірлігіңді қызғанам…

 

ҚЫСҚЫ ІҢІР

Қысқы іңір… Көп ойлардың тізбегі,

Бойды баурап, желісін бір үзбеді.

Тереземнен үңілемін сыртқа тек,

Тірлік барын сезгендіктен түздегі.

Жастар анау қар атысып болған мәз,

Біз тәрізді ой-қамауда толғанбас.

Олар үшін тәтті тірлік, тәтті өмір,

Қиындыққа соқтыратын жол қалмас.

Бұл тірлікке жыла мейлі, күл мейлі,

Бақыттылар мұңды көзге ілмейді.

Іңірдегі ірің басқан көңілің

Қуанғанның қаперіне кірмейді.

Ұнат мұны, әлде мүлде ұнатпа,

Өзің үшін өзгелерге кінә артпа.

Көп ойлардың тізбегіне шырмалып,

Ерік бер тек “Шабыт” деген пыраққа…

СІЗ ОТЫРАР ЕДІҢІЗ КҮЛІП-ЖАЙНАП

Сүйікті ұстазым марқұм Ғалым Қадірәлинге

Сіз отырар едіңіз күліп-жайнап,

Ізгілік, парасатты бірыңғайлап.

Жан біткенге жақсылық қылуды ойлап,

Асқарларға инабат туын байлап.

Сіз отырар едіңіз соның бәрін

Жарқ еткізіп, болмастай соңында мін.

Шәкіртіңнен бейне бір талап етіп

Тапсырманы мүлтіксіз орындауын.

“Ұстаз!” деген ұлағат Сізде берік

Орныққанын ұқтық қой біз де көріп.

Жан қиналған қысталаң кейбір сәтте

Сізден өзге жанашыр іздемедік.

Бұл тұлғаңыз – жүректе, қайран ағам,

Өзіңіздей жанашыр қайда маған?

Өз ағам да нақ Сіздей мәпелеумен

Шабытыма от беріп қайрамаған.

Мен де өткердім өмірдің таласын көп,

Тепті біреу өзекке “Баласың!” деп.

Сіз айттыңыз “Бала емес, дарасың!” деп,

Қорғап мені жүрдіңіз жанашыр боп.

Қорғансызды қорғаған еленбесе,

Жүрегіңіз толқитын өлең десе.

Жапырақтай жайқалтқан жас күнімнен

Сізді қалай ұмытам мен ендеше?

Мынау заман құбылып, өзгергенде,

Көзден бұлбұл ұшады-ау көз көрген де.

Көз көргеннің едіңіз ардақтысы

Пана болған ауырға төзгендерге.

Соқпай қоймас түбі бір сәт те жетіп,

Кеттіңіз ғой өмірден, әттең, өтіп.

Жаздай жайнап жүретін шағыңызды

Үзді-ау ажал әмірін өктем етіп.

Өттіңіз ғой өмірден алда-жалда,

Бұл тірлікте тоқырау бар ма ажалға?

Сіз отырар едіңіз күліп-жайнап

Аяусыз өлім құрық салмағанда.

Тура сөйлеп, жөнсізге жуымаған,

Дарыттыңыз тәліммен мұны маған.

Көңілімде жарқырап сол бейнеңіз,

Аспанымда биік тұр туың әман.

Тілекпенен ізгілік нұрын жаймақ,

Отырғандай көремін күліп-жайнап.

Талап қылса нақ Сіздей ізгі жандар

Асуына адамдық шығуды ойлап.

ҚИЯЛ

ҚҰСЫ

Ақиқаттың қуатын нық,

Сездірместен өзіме,

Нақ шынайы мына тірлік

Болды өзгеше көзіме.

Ойға бөгіп күні-түні,

Қиял ашты жиі арна.

Ең ардақты үмітімді

Бағыштадым қиялға.

Жан дауасы – басты мұңым,

Бәлки менің алдым – жар?

Өтіп кеткен жас күнімнің

Бір сәтіне болдым зар.

Ал бүгінім мығым ба аса,

Бойдан қуат арылса?

Жанымды ешкім ұғынбаса,

Күйсе жүрек жалынша.

Арқауындай жеңісімнің,

Жүрегіме қоншы кеп.

Қиял құсы, сені ұшырдым,

“Мәңгі серік болшы!” деп.

БАР ТІРЛІГІМ

ТҰРҒАНДАЙ ҚАЛАМЫМДА…

Бар тірлігім тұрғандай қаламымда,

Шабыттың оты жанса жанарымда.

Ес білгеннен серігім – осы қалам,

Өзгеден бір жоқ сынды хабарым да.

Шаққан мұңым сыр ашты қаламыма,

Жаққан нұрым – қаламның сарабында.

Ойға бөккен кездерде жүрек толқып,

Жыр жазамын қаламды аламын да.

Кезім көп қой өлеңмен алаңдаған,

Тұла бойым бір байыз таба алмаған.

Сол сәттерде бойдағы отым лаулап,

Сырымды ашам алдымен, саған, қалам.

Серік еттім өзіңді ес білгеннен,

Бір жамандық көрмеспіз ескіргеннен.

Сенен өзге сырласар дос таппаспын,

Сенен артық ардақтап ешкімді елден.

Кешіп бақыт, өмірдің зобалаңын,

Мен де бір күн тірліктен жоғаламын.

Сол сызыққа жеткенше серігім бол,

Түсе көрме қолымнан, о, қаламым!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp