“Адамның өзін еңбектен қалдырмағаны –
Қарттыққа аяғын алдырмағаны” деген теңеу Сұлушаш Ғаббасоваға арналғандай. Халқымыз “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген емес пе? Осы жаны жайсаң, жайдары жүзді аяулы ана, асыл әже, еңбекқорлығымен балашаға, келін, немерелеріне үлгі болатындай. Оның ашық жарқын көңілін, мейірімділігі мен жомарттығын Алла тағаланың тағдырына тартқан сыйы десек болғандай. Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында туған ол әкесі марқұм Ғаббастың, анасы Зүбираның тәлім-тәрбиесін алған ақылды және өте пысық қыз болып өседі. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін, белгілі себептермен әрі қарай оқу мүмкіндігі болмай, сауыншы анасына көмектесе жүріп, кейін өзі де сауыншы болып еңбек етеді. Онда бөлімшедегі сауын сиырдың қазіргідей аппаратпен емес, қолмен сауылатын кезі. Көп ұзамай өз жүрек қалауымен сол ауылдың Қабиден деген жігітіне тұрмысқа шығады.
– Жас болсам да үй шаруасын тез үйіріп әкеттім, әрі сауыншылығымды да тастағаным жоқ. Жолдасым Қабиден бөлімшеде жүргізуші болып жұмыс істеді. Дүниеге 11 бала әкелдім, солардан 15 немере, 9 жиен, 1 шөбере сүйіп отырмын. Атам Долданы 30 жыл, енем Шәйінді 33 жыл бақтым. Қарт адамдарды бағу оңай емес, бірақ тіл табыса білдім. Бие де саудым, алаша тоқып, текемет те бастым. Әрине, енемнің де көмегі көп болды. Өмір болған соң аумалы-төкпелі кезеңдері де болады ғой, бірақ қиындыққа мойымадым, – дейді Сұлушаш апа.
Ауылдағылар ажарлы ақ құба жүзіне тәнті болып, жастайынан есімін қысқаша ғана Сұлу деп атап кеткен апайымыз жуырда 73 жасқа толып, ұрпақтарымен бірге ағайынтуыстарын шақырып, мүшел жасын тойлады. Дегенмен, мойнына түскен ауыртпалықты көтере жүре, балаларын ешкімнен кем қылмады. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Ұл-қыздары әрқайсысы жеке-жеке үй болып кетсе де, әлі де аналарының көмегіне сүйенеді. Оларға қолда барын бөліп беріп, немере, жиендеріне зейнетақысынан да ұстатып қояды. Асыл әжелерін жақсы көрген олар да таласа-тармаса мойнына оралып жатқаны. Сұлушаш апа киелі қара шаңырақтың келіні болғандықтан, жан-жақтан келіп жататын туыстарын да ашықжарқын көңілімен қарсы алып, мол дастарқан жайып, сыбағаларынан татырып, алыстан келгендерінің сөмкесіне май, қаймағын салуды да ұмытпай, риза етіп шығарып салады. Әйтеуір, кішінің де, үлкеннің де тілін таба біледі. Ұл-қыздары, келін, күйеу балаларының ғана емес, көптің ат басын тірейтін қара шаңырақтың анасы атанып отыр.
Халқымыздың ырысты ынтымағын, берекелі бірлігін, туыстық татулығын іске асыратын да әйел-ана десек, осылардың бәрі Сұлушаш апаға арналып айтылғандай. “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп” – деген емес пе, абысындарым Зура, Айман, марқұм Дәләпраздармен тату болдық, шәй десіп көрген жоқпыз, – дейді Сұлушаш апа ағынан жарылып. Бүгінде балалары Жанат, Таңат пен келіні Эльмира аналарын мәпелеп, алақандарында ұстап отыр. Еңбексүйгіш апа қол қусырып қарап отырғанды ұнатпайтындықтан, тынымсыз еңбек етіп, әлі де ұршығы мен ине-жібін қолынан түсірген емес. Ою ойып, көрпе құрап, қолғап және шұлық тоқиды. Біреу біліп, енді біреу білмес, ұмыт болып бара жатқан ұннан жасалатын төңкермесі де тіл үйіреді. Үлкен шаңырақтың шаттығы мен шуағына айналған Сұлушаш апа, міне, осындай жан.
Айнагүл ҚАБДІЛМАНҚЫЗЫ,
журналист.
Шал ақын ауданы.