«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛДЕР – ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйел – ана, отбасы және балалар құқығын қорғау саласындағы табыстарымыз әлемдік ауқымда кеңінен мойындалып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Қазақстандағы гендерлік теңдік стратегиясында әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның ережелеріне орай гендерлік индикаторлар анықталған. Аз уақыт ішінде гендерлік теңдік бағдарламасын іске асыруда жеткен жетістіктеріміз әлемнің бірде-бір елінде жоқ.  

Қазіргі таңда қазақстандық әйелдер саяси-әлеуметтік саланың барлық бағытында еңбек етіп келеді. Елбасы гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік органдар басшыларының арасындағы әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Және де біз, Қазақстан әйелдері еліміздің, балаларымыздың болашағы үшін Мемлекет басшысының үмітін ақтаймыз. Өйткені, әйел – ошақтың қорғаушысы, парасатты әйел бар жерде – татулық, ақылды әйел бар жерде – жасампаз еңбек бар. Ал татулық пен еңбек бар жерде береке мен амандық бар.

 

Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек. Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе, жергілікті деңгейдегі өңірлерді. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал”, – деген болатын. Гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ұлттық және халықаралық тәжірибені, әлемдік қоғамдастық елдерінің өркениеттік, діни және мәдени ерекшеліктерін жанжақты және мұқият ескеруге негізделген саясат сабақтастық, прагматизм мен теңдестік қағидаттарына негізделіп, ұлттық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған. Бүгінгі таңда Үкімет қаулысымен бекітілген стратегияны іске асыру жөніндегі ісшаралар орындалу үстінде. Жуырда әйелдер және отбасылық демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссияның алдында саясаткер әйелдер клубының жұмысы туралы баяндама жасаған болатынмын. Бұл мәжілісте біздің облыс оң пікірге ие болды. Өңіріміз республика бойынша әйелдерді саясатқа жылжыту бойынша 3-ші орында тұр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мәслихаттағы әртүрлі деңгейдегі әйелдер үлесі біздің облыста 24,6 пайызды құрап отыр.

Рас, әйелдер бизнесте белсенді емес. Мұның бірнеше себебі бар. Ең бастысы, нәзік жандылардың бизнеске деген белсенділігін арттыруға кедергі болып табылатын әйел психологиясын түбегейлі өзгертуге қол жеткізе алмаудамыз. Барлық келеңсіз жағдайларға қарамастан, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікке ден қою белгілерінің көрініс табуы үміттендіреді. Гендерлік дамудың негізгі мақсаты – әйелдердің қоғамдағы жағдайын жақсарту және нақты гендерлік теңдікке жету болып табылады. Шағын және орта бизнес саласы жетекшілерінің 34 пайызы әйелдерден тұрады. Кәсіпкер қыз-келіншектердің 60 пайызы сауда-саттықта, 40 пайызы қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету салаларында еңбек етуде. 2012 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша облыста мемлекеттік қызметте істейтін әйелдер саны – 2957, бұл жалпы мемлекеттік қызметшілердің 64 пайызын құрайды. Саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдер 15 пайыз немесе 31 адамға жетті. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдер үлесі 66-ға (2926), оның ішінде аумақтық мемлекеттік органдарда 65 пайызды (1513) құрады.

Қазақстандағы гендерлік саясат әлдеқайда алға ілгерілеген. Бұл – біздің ежелгі дәстүріміз: баяғы сақ қоғамында да әйел ешқашан кемсітушілік көрмей, рудың мәжілісінде дауысқа ие болған. Оның мінезі бостандықты сүйген жағдайда қалыптасты. Бірақ әйелдің араласпайтын салалары да аз емес. Ең бастысы, әйел өзінің биязылығынан айрылмаса болғаны. Саясат және экономика саласында әйелдің болуы орынды. Ол оның ашылуына септігін тигізеді. Өйткені, әйелдер табиғатынан дарынды емес пе? Жел диірменмен алысудың қажеті шамалы, бірақ ағыспен бірге әлсіз, біреуге тәуелді адамдар да жүзе алады. Парасаттылық деген – өз дегеніңе жету. Мемлекет басшысының әйелдерге: “Сіздер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер”, – дегені бізді жігерлендіреді. Халықта “Қыздың жолы жіңішке” деген нақыл бар. “Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” деп те тегін айтылмаған ғой. Әйел – ең алдымен отбасының ұйытқысы, өмірге ұрпақ әкелетін, бала тәрбиелейтін ана екенін ұмытпауымыз керек.

Бақытжан СӘМИЕВА,

“СҚО іскер әйелдер қауымдастығы”

ҚБ-нің төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp