«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢ ҚАРҚЫНЫ ҚУАНТҚАНМЕН, шешімін күткен мәселелері де бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бейсенбі күні Қызылжар ауданының әкімі Орал Қаппасов әлеуметтік-экономикалық дамудың 2012 жылғы қорытындысы және алда тұрған міндеттер жайлы жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Оған өңір басшысы Самат Ескендіров қатысып, облыс орталығы маңындағы ауданның әлі де шешімін таппай жатқан мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударды.

Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.

– Өткен жылғы ақпан-наурыз айларында өткізілген барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерінде 224 ескерту мен ұсыныс түсіп, соның 76-сы бақылауға алынса, күні бүгінге дейін 73-і жүзеге асырылды. Орындалмағандары үстіміздегі жылы шешімін табады, – деп сөзін бастаған Орал Қаппасов есепті кезеңде атқарылған ауқымды істерге тоқталып, алда тұрған міндеттерді саралады. Аудан әкімінің айтуына қарағанда, ауданның егістік алқабы 205,5 мың гектарды құрайды. Өткен жылғы ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде гектар басы 19,3 центнерден астық алынды. Бұл – облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш.

 

Былтыр ауданның агроқұрылымдары 2470 бас ірі қара сатып алды, оның 1521-і – асылтұқымды. “Зенченко және К” КС 1500 басқа арналған мал бордақылау алаңын, “Жанбай” ЖШС 400 басқа арналған репродуктор шаруашылық құрды. Сою салмағымен 9427 тонна ет, 61171 тонна сүт, 170,0 млн. дана жұмыртқа өндіріп, тапсырысты асыра орындаған қызылжарлықтар жыл қорытындысында көш бастады.

Биыл “СБИ-Агро” ЖШС Вознесенка ауылында 120 басқа арналған бұзау фермасын, “Петерфельд-Агро” ЖШС 500 басқа арналған мал қорасы мен сүт сауу кешенін, “Жанбай” ЖШС Водопроводное ауылында 400 басқа арналған мал қорасы мен 200 басқа арналған бұзау фермасын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Индустрияландыру картасы аясында 984 млн. теңгенің 3 жобасы жүзеге асырылды. Олар – “Петерфельд-Агро” ЖШС-нің етті бағыттағы ірі қара фермасы, “Зенченко және К” КС-нің мал шаруашылығы кешені мен екі жел энергиясы қондырғысы.

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы “Загот Интер” ЖШС-ге мал сою алаңын құруға, “Атай-СК” ЖШС-ге құс шаруашылығы кешенін кеңейтуге, “С.Ы.Бекқожин” ЖК-ге халықаралық тасымалдау бойынша қызмет көрсетуге, “Әділ құс” фермасына құс шаруашылығы кешенінің қуатын арттыруға 234 млн. теңгенің демеуқаржысы берілді.

Бәйтерек ауылында инвестициялық құны 38,5 млн. еуроны құрайтын ағаш-жоңқа тақтасын шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр.

Петерфельд ауылында мұнай базасын қайта жабдықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Онда сыйымдылығы 100 мың текше метр болатын мұнай терминалы жасалмақ. Оған 6 шақырымдық темір жол тартылған. Осында сыйымдылығы 60 мың тонналық элеватор кешенінің құрылысы биыл қолға алынбақ.

2012 жылы ауданда 2 дәріхана, 6 сауда орны, шанақ жинақтау, техникалық қызмет көрсету станциялары, ағаш кесу цехы ашылды.

“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында Бескөлде – 5, Бәйтеректе 10 үйдің құрылысы аяқталды. Вагулино және Петерфельд ауылдарында құрылысы өткен жылы басталған 6 үй биыл пайдалануға беріледі.

Бескөл ауылында бір орталықтан жылытатын қазандықтың құрылысын көктемде аяқтау көзделіп отыр. Пресновка, Асаново ауылдарында ауылдық-дәрігерлік амбулаторияның, Бәйтерек ауылында 300 орындық мектеп пен фельдшерлік-акушерлік қосынның құрылысы жоспарланған.

Жергілікті тұрғындардың 72 пайызы орталықтандырылған су құбырының қызметін пайдаланады. 2012 жылы Боголюбово, Кондратовка, Белое ауылдарындағы топтық су құбырлары қайтадан жабдықталды, су мұнаралары мен 25 және 50 текше метрлік сыйымдылықтар орнатылды. Шаховское ауылын жергілікті су көзімен қамтамасыз ету үшін жобалықсметалық құжаттарға қаржы бөлу қарастырылған.

Бескөл ауылында Тәуелсіздік алаңы қайта жабдықталды, Бескөл, Соколовка және Вагулино ауылдарында балалар алаңы жасалды.

Өткен жылы 2406 адам жұмыспен қамтылды, 409 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.

Былтыр “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 78 маманға көтермеақы, 23 маманға тұрғын үй алу үшін 51,4 млн. теңге жеңілдетілген бюджеттік несие берілді.

Баяндамадан кейін алғашқы болып сөз алған “Алекри” ЖШС-нің директоры Александр Прядко өзі 21 жылдан бері басқаратын құс шаруашылығының жетістіктері туралы айта келіп, жаңа қондырғыларды электр қуатына қосу мәселесі 9 айға созылғанына қынжылыс білдірді.

Зейнеткер Анатолий Дудников Бескөлге қашан газ тартылатынын сұрап, аудандық аурухананың алдындағы қайыңдар алқабына шағын бақ жасалса, “Жасыл тоғай” орманы қорғалса, көшелерді жарықтандыру жалғасса деген ұсыныстарын жеткізді.

– Бұған дейін өңірімізге Ресейдің Түмен облысынан газ жеткізу мәселесі қарастырылған болатын. Алайда, соңғы кезде Қазақстанның Батысынан Қостанай облысына келіп тұрған газды өзіміздің Айыртау ауданы арқылы елордасы Астанаға жеткізу жобасы мақұлданып отыр. Петропавлға содан бір тармақ тарту жағдайы Үкімет деңгейінде шешілмек. Бұл жоба алдағы жылдары шешімін тауып қалар деген үміттеміз, – деді газдандыру сауалына орай бірден жауап берген облыс әкімі Самат Ескендіров.

Бәйтерек ауылының ақсақалы Қайролла Сүлейменов елді мекенде бүгінгі күні 164 отбасы түтін түтетіп жатқандығын, алдағы уақытта тұрғындар саны 1,5 есе өсетіндігін, жұмыс мәселесі шешіліп келе жатқандығын, заман талабына сай қосалқы шаруашылықпен айналысатындар қатары көбейе түскендігін айта келіп, мал жайылымының аздығын, электр қуатының көшелерді жарықтандыруға жетпейтіндігін, имандылыққа баулитын мешіт үйінің жоқтығын тілге тиек етті.

Бұдан басқа ауызша айтылған және жазбаша келіп түскен өтініштілектерде Қарабек көлінің үстімен боран кезінде жүрудің қиындығы, босқын иттердің толық жойылмағаны, Бескөлде ауылішілік жолаушылар автобусы бағытының жоқтығынан қариялардың аудандық ауруханаға қатынауы қиындық тудырып жүргендігі сияқты мәселелер көтерілді.

Аудан әкімі Орал Қаппасов өткен жылғыдай Бескөл ауылын көріктендіру әрі қарай жалғасатындығын, шағын бақ жасау мен “Жасыл тоғайды” қорғау мәселесі сол бағдарламаға енгізілетіндігін атап айтты. Құны 50 млн. теңгені құрайтын жаңа қосымша станцияны іске қосу биылға жоспарланған, сол кезде Бәйтерек ауылы электр қуатымен толық қамтамасыз етілмек, ал мал жайылымы мәселесі көктемге дейін шешімін табады.

Облыс әкімі аудандағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің айлық табысы 10 пайызға өскенімен, алдыңғы жылға қарағанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны мен бөлшек сауда айналымының өспей отырғандығын қадай айтты. Самат Ескендіров әкімдер есебі аяқталғаннан кейін Бәйтерек ауылы тұрғындарымен арнайы кездесетіндігін, ал бүгінгі шарада айтылған өтініштілектердің орындалуын өз бақылауында ұстайтындығын мәлімдеді.

Есепті кездесуден кейін өңір басшысы “Ахмұтдинов” ЖК-де болып, ағаш өңдеу цехының жұмысымен танысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp