«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС бірінші отырысын өткізді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Облыс әкімдігі жанынан бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылды. Оның алғашқы отырысы өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен өтті.

Облыс әкімі Самат Ескендіров журналистердің қоғамда алатын орнының маңыздылығына тоқталып, аталмыш кеңестің мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру мақсатында құрылып отырғанын атады. Бұл қоғамдық кеңеске облысымыздың белгілі журналистері мен ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері еніп отыр. Өңір басшысының айтуынша, қоғамдық кеңес отырысы енді тоқсан сайын өтетін болады.

Өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері қатысқан жиын жергілікті ақпарат айдынында қордаланған мәселелердің аз еместігін байқатты. Мәселен, күн тәртібіне қойылған мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимылы жөніндегі мәселе қызу талқыланды. “Әділ Арқа” филиалының төрайымы Зәуре Жұмалиева атап өткендей, бүгінде тілшілер қауымы мемлекеттік органдардан қандай да бір ақпарат немесе пікір алу кезінде бірқатар тосқауылға тап болуда. Мәселен, кез келген мекеме басшысынан сұхбат алу үшін оның үстінен қарайтын басқарма бастықтарының рұқсаты керек. Бұл ақпараттың дер кезінде берілуін тежеп, соның салдарынан журналистер алтын уақытын жоғалтуға мәжбүр.

Осыған орай Самат Ескендіров: “Әрбір мемлекеттік органның басшысы бұқаралық ақпарат құралдарымен тікелей өзара қарым-қатынас жасауға тиіс. Қандай да бір проблема туындаса, бірінші басшылар теледидар немесе газет, радио арқылы сұхбатқа шығып, пікір білдіруге мүдделі болуы керек” дей келіп, осы мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар тілшілер қауымы мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін және өздерін тәуелсіз БАҚ санайтындар арасындағы айырмашылық негізінде туындайтын мәселелерді ортаға салды. Тәуелсізбіз дейтін басылымдар өкілдері белгілі бір тақырыпқа немесе оқиғаға қатысты ақпаратты мемлекеттік мекемелерден емес, қарапайым ортадан тауып алып, жазуға мәжбүрміз деп шағынды. Бұған қоса, кейбір мемлекеттік органдардың сайттарындағы ақпарат мүлде жаңартылмайды немесе қате фактілер көрсетіледі. Ал БАҚ-пен тікелей жұмыс істейтін баспасөз қызметі немесе осыған жауапты тұлғалар кей мекемелерде тіптен жоқ. Осы орайда кеңес отырысының барысында жұмысы жоғары бағаланған СҚО ІІД-нің баспасөз қызметін үлгі етуге болады. Бұл орталықта журналистермен байланыс жоғары деңгейде, СҚО ІІД-нің сайты да сұранысқа ие.

Самат Ескендіров жауапты тұлғаларға аталған және өзге де мәселелерді Қоғамдық кеңестің келесі отырысына шығарып, шешуді тапсырды. Сондай-ақ ол журналистерді өңірлік ақпараттық саясатты жүргізуде ынтымақтастыққа шақырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp