«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕГІ “ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңіріне республикалық ақпараттық-насихат тобын бастап келген ҚР Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф облыс орталығындағы Достық үйінде жергілікті этномәдени бірлестіктердің және діни конфессиялардың өкілдерімен “дөңгелек үстел” басында кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысып отырды.

Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауы туралы әңгіме қозғай келіп, Қайрат Лама Шариф өзі басшылық жасап отырған агенттіктің жұмысы және еліміздегі діни ахуал туралы да кеңінен мағлұмат берді. Былтыр жаңа заңнамаға сәйкес жүргізілген діни ұйымдарды қайта тіркеу нәтижесі халықаралық сарапшылар тарапынан оң баға алғандығын атап айтып, алдағы уақытта атқарылатын маңызды іс-шараларға тоқталды. Тіркеуден өтпеген діни ұйымдарды сот арқылы тарату жұмысы басталды, деді агенттік басшысы.

 

Осы орайда Петропавл қаласындағы тіркеуден өтпеген “Дін Мұхаммед” мешітінің алдағы тағдыры туралы қойылған сауалға орай Қайрат Лама Шариф: “Бәрі де “Дін Мұхаммед” мешіті басшылығына байланысты. Қазақстанда ешбір діни ұйым дінге сенушілердің ұлттық белгісіне қарап құрылмайды. Оған заң бойынша тыйым салынған. Соған орай еліміздегі барлық мұсылман мешіттері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары болып қайта құрылып, тіркеуден өтті. Өкінішке қарай, “Дін Мұхаммед” мешітінің басшылары осы талапқа құлақ асып отырған жоқ.

Иә, ҚМДБ-нің филиалы болғандықтан, мешітке түскен кірістің отыз пайызы аталмыш діни басқарманың есепшотына аударылып тұруы керектігі қарастырылған. Бірақ бұдан Сіздердің өңірлеріңіздегі мешіттер еш ұтылмайды. Өйткені, бұл жақтағы мешіттердің түсіретін табысы мардымсыз, оны оңтүстік сияқты өңірлердегі мешіттердің кірісімен салыстыруға да болмайды. ҚМДБ, міне, осыны ескеріп, түсімі мол мешіттердің есебінен Сіздің жақтағы барлық мешіттердің жағдайын жақсартуды, елдегі имамдардың бәріне бірдей лайықты еңбекақы төлеуді ұйғарып отыр. “Дін Мұхаммед” мешітінің басшылығы осыны түсінуге тиіс. Түсініп, дұрыс шешім қабылдаса, бәрі де ойдағыдай болады. Ал қойылған талаппен келіспей, тіркеуден өтпейтін болса, онда “Дін Мұхаммед” мешіті өзінің бұрынғы мәртебесінен айрылып, намазхана ретінде қызмет ететін болады”, – деп мәлімдеді жиналған қауым алдында.

“Дөңгелек үстел” басында сөз алған Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыстық филиалының төрағасы Кәрібай Мұсырман облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бұрынғы екі бас имамы аталмыш мешіттің жұртшылық арасындағы беделін түсірген бұрмалаушылықтарға жол беріп, қызметтерінен қуылғанын, тіпті, біреуі қасиетті Рамазан айы ішінде орнынан алынып, абыройсыздыққа ұшырағанын айта келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жергілікті мешіттердің бас имамдарын тағайындау мәселесіне аса мұқият қарауы керектігіне назар аударды. Бұл ретте Қайрат Лама Шариф қазір ҚМДБ тарапынан мешіттер коммерциялық ұйым болып табылмайтындықтан, олардың қаржы қызметінің барынша ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етуге, сөйтіп алдағы уақытта ешқандай бұрмалаушылықтарды болдырмауға күш салынып жатқандығын жеткізді. “Қай мешітке кімнен қанша қаражат түскендігін және ол қайда жұмсалғандығын ендігі жерде Интернет арқылы біліп отыратын боласыздар”, – деді агенттік төрағасы. Сондай-ақ ол: “Бұдан былай елді мекендерде мешіт салғысы келетін қалтасы қалың, жомарт азаматтарға сол ғибадатханада қызмет ететін екі имамды оқытып даярлау міндеті қоса жүктелетін болады. Әйтпесе, кейбір ауылдардағы еш қызмет қылмай, текке қаңырап тұрған мешіттер кімге керек?!” – деді.

Кездесуге қатысушылардың бірінің көршілес Ресейде шіркеулер мен мешіттер федералдық бюджет есебінен салынып жатқандығын үлгі етіп айтқан сауалына Қайрат Лама Шариф әр елдің өзінің ұстанып отырған дербес саясаты бар, дін мен мемлекеттің аражігі ажыратылған зайырлы Қазақстанның көпконфессиялығы жағдайында мұндай қадамға бару қисынсыз, деп жауап берді. Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының пікірін “дөңгелек үстелге” қатысқан Петропавл және Булаев епархиясының епископы Гурий қолдап, елімізде дін бостандығы қамтамасыз етіліп отырғандығын, діни ұйымдарды қайта тіркеу үдерісі сәтті өткізілгендігін айтып, өз ризашылығын білдірді.

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp