Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларына тоқталып, ондағы басты міндет кедейшіліктің өсуіне жол бермеу екенін атап өтті. Онда: “Кедейшілік ешбір қазақстандық үшін әлеуметтік перспективаға айналмауы керек”, – делінген. Президенттің бұл сөзінде ел тұрғындарының қамсыз-мұңсыз тірлігі үшін зор алаңдаушылықтан туған терең мәнмағына бар. Мемлекет басшысы халықтың басым көпшілігінің өнімді еңбекпен қамтылуына бағытталған әлеуметтік және еңбек қатынасының жаңа үлгісін қалыптастыруды міндеттеді. Жұмыспен қамту саясатын жетілдіруге негіз болатын мақсатты қадамдар аталды.
Облыста халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету аумақтарды дамыту бағдарламасының және “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы іс-шараларының аясында жүзеге асырылуда. Облысымызда экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 354,9 мың адамды, соның ішінде 18,2 мыңы жұмыссыз азаматтарды құрайды. Осы жылғы 21 қаңтардағы дерек бойынша, соның ішінде ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгендері – 1326 адам. Аталмыш бағдарламалар алдымен осы жұмыссыз жандарды еңбекпен қамтуға арналған. Өткен жылы аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 11,8 мың адам тұрақты жұмыс орындарын тапты, 5,0 мыңға жуық адам қоғамдық жұмыстарға қатысты, 687 адам қайта оқуға жіберілді, халықтың нысаналы топтарындағы 532 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Ал “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына жыл басынан 4205 адам қатысушы болды.
Облыста “Кедейсіз аумақ” құру жөніндегі іс-шаралар жоспарларына сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның негізгі міндеттері халықтың табысын арттыру, еңбекақы деңгейін көтеру және тұрғындар ішіндегі масылдықты жою болып табылады. Аз қамтамасыз етілген азаматтардың еңбек жасындағы бөлігін жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және олардың табыс деңгейін арттыруға бағыттай отырып, қабылданып жатқан шаралар атаулы кедейлік деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректері бойынша, 2012 жылы 6,7 мың бала 176,8 млн. теңгенің 18 жасқа дейінгі балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақысымен, үйде тәрбиеленетін және оқитын 421 бала 14,0 млн. теңгенің әлеуметтік көмегімен қамтылды. Өткен жылы 3923 отбасына 145,8 млн. теңгенің тұрғын үй көмегі тағайындалды, соның ішінде күрделі жөндеуге өтемақы мөлшері 35,2 млн. теңге құрады.
Өңірімізде осындай кедейшілік деңгейін төмендетуге бағытталған игі істер көптеп атқарылуда. Алайда, осы әлеуметтік іс-шаралардың алдымен облыс экономикасына, оның даму қарқынына да байланысты екенін атап өту қажет. Яғни, мықты экономикалық аумақта кедейшілік те болмайды. Біз соған ұмтылуға тиіспіз.