«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОАЛИЦИЯ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТЕТІН БОЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде азаматтық сектордың белсенді өкілдері “Солтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық бақылау” үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) коалициясын құрған болатын. Кеше облыс әкімі Самат Ескендіров коалиция мүшелерімен кездесіп, екі жақ өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Дамыған елдерде үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы орны ерекше. Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты дамуына жағдай жасалған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев олардың қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыру қажеттігіне баса назар аударып отыр. Жыл сайын елімізде мемлекеттік басқаруда азаматтық сектордың рөлі өсіп келеді. Сондықтан да билік пен бұқараның арасындағы іргелі байланыс орнататын ұйымдардың дамуына үлкен сеніммен қараймыз, – деген облыс әкімі Самат Ескендіров өткен жылы мемлекет бюджетінен үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінгендігін атап өтті. Ал біздің өңірімізде бұл 73 миллион теңгені құрап отыр. Осы жұмысқа алғаш рет облыстық басқармалар мен аудандар тартылған.

 

Ал “СҚО Азаматтық альянсы қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің (ҚБ) төрағасы Сергей Худяков өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік басқару органдарымен бірлесіп, дамудың ондаған жылдарын бастан өткергендігін атап өтті. Бүгінде негізгі серіктестері – мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өзара байланыс жүйесін ұйымдастырған Ішкі саясат басқармасы мен “ТКШ-ны жаңғырту” бағдарламасы бойынша әлеуметтік тапсырыстың дамуына зор үлес қосқан Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының атқарған жұмысына тоқталған Сергей Худяков өңіріміздің 20 үкіметтік емес ұйымының басын қосқан “Солтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық бақылау” ҮЕҰ коалициясының мақсатын баяндады. Яғни, жергілікті атқарушы біліктің тұрғындармен әлеуметтік байланысы тетігін тиімді қылуды, мемлекеттік органдардың жұмысының және азаматтардың қатысуымен жүзеге асырылатын бюджеттік бағдарламалардың нәтижелілігін, ашықтығын қамтамасыз етуді, үкіметтік емес ұйымдарды топтастыруды қолға алмақ.

Кездесу барысында “СҚО кәсіподақтар кеңесі” ЗТБ-нің төрайымы Жамал Ахметова, “СҚО дәрігерлері қауымдастығы” ҚБ-нің төрайымы Бейбіт Мұстафина, “Томирис” гендерлік білім орталығы” ҚБ-нің төрайымы Рахат Әзімбаева коалицияның құрылуы, оның облыстық әкімдікпен өзара түсіністік жайында меморандумға қол қоюы әлеуметтік маңызды жұмыстарды бірлесіп орындауға өз септігін тигізеді деген ойларын жеткізді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp