«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАЛЫҚТАР КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ҚОЗҒАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қала әкімі бекітілген кесте бойынша тұрғындармен бесінші әрі қорытынды есепті кездесуін өткізді. Оған өңір басшысы Самат Ескендіров қатысты.

Облыстық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен қорытынды кездесуде көп мәселе көтерілді. Әкім есебінің толық нұсқасы жергілікті мерзімді басылымдар арқылы халыққа жеткізілгендіктен, Болат Жұмабеков былтыр атқарылған жұмысқа қысқаша ғана тоқталды. Экономика өрге басып, қала көркейе түсті. Аулалар жөнделіп, балалар алаңы салынды. Балабақшалар ашылып, баспаналар берілді.

Алайда, алда әлі де атқарылатын жұмыс аз емес. Қаланың әр аймағындағы есепті кездесулердің арқасында тұрғындардың басты проблемалары анықталып, шаһардың болашақ даму бағыты айқындалды.

Кездесуде көтерілген мәселелердің ішінде балабақша кезегі, қоғамдық көліктердің бағыты мен оның сапасы, аулаларды абаттандыру, жылу мен су әдеттегідей бірінші орынға шықты.

Әсіресе, көктем таяған сайын су алып, саз боп езіліп, миы шығып кететін аулалар мен көшелердегі бұл проблема шешуде кезек күттірмейді. Жөндеу жүргізіліп жатқан жылу және су желілерінің кесірінен тұрғындар осындай қиындықтарға тап болуда.

Жыл өткен сайын қалада көлік саны көбейіп, кептелістер пайда бола, бастады. Тиісінше, тар көшелер мен автотұрақтар аз. Тұрғындардың бірі Пушкин мен К.Сүтішев көшелерінің қиылысындағы құрылыс нысаны мен “Достық” ойын-сауық орталығының бітпеген қалпы қашанғы тұра беретіндігіне алаңдаушылық білдірді.

 

Юбилейный аялдамасы маңындағы жаңа тұрғын үйде тұрып жатқан қалалықтар азық-түлік дүкені мен демалыс орны керектігіне шағымданды. Осы ауданда жаңа мектептің де ауадай қажеттігін жасырмады.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Мүкәрам Тайжанова шаһардағы бас көшенің аяқ жағындағы 300 метр жердегі асфальт шұрықтесік болып, қараусыз қалғанына билік назарын аударды.

Бұқарамен болған бес кездесуде барлығы шамамен 300-дей өтініш-тілек тыңдалған екен. Оның тең жартысынан астамы тұрғын үй-коммуналдық мәселелерге қатысты. Кездесуде айтылған барлық өтініш-тілектер әкімдіктің бақылауына алынатын болды.

– Күнделікті өмірімізде орын алатын көкейкесті мәселелерді оң шешу халық және атқарушы өкілетті билік орындарының қоян-қолтық араласуымен тындырылатыны белгілі. Өткен жылдың тәжірибесі көрсеткеніндей, облыс орталығын абаттандыруға және дамытуға, Елбасымыздың алға қойған тапсырмаларын орындауға әрбір петропавлдық селқостық, немқұрайдылық танытпай, өз үлесін қосқанда ғана қалалықтардың тұрмысын жақсартуға қол жеткізуге болады, – деп атап өтті сөз соңында Болат Жұмабеков.

Облыс әкімі Самат Ескендіров өз сөзінде қызылжарлықтарға осы кездесуге келіп, қаланың проблемаларымен бөліскендеріне алғыс айтты.

– Облыс проблемаларымен қатар, қала мәселелерімен де жете таныстым. Бұл – қала әкімінің қорытынды есебі. Облыс орталығы былтыр әр салада біраз дамыды, алайда өзекті мәселелері де жоқ емес. Осы кездесулерден кейін енді 2013 жылға жоспар жасалатын болады. Тұрғындар тарапынан мәселелер дұрыс көтерілді. Ең бастысы халықтың басшылыққа қандай ниеті барын аңғардым, – дей келе облыс әкімі жиналғандарды 22 ақпанда Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтетін өзінің есепті кездесуіне қатысуға шақырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp