«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰРПАҒЫҢЫЗДЫҢ САУЛЫҒЫН ОЙЛАСАҢЫЗ дәрігерге ұялмай көрінген жөн

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Любовь БОДАРЕВА,  

қалалық әйелдер консультациясының акушер-гинеколог дәрігері.

 

Өкінішке қарай, біздің қоғамда жыныс аурулары жайында дауыстап айту ұят саналады. Десе де жыныс органдары арқылы таралатын індет әлемнің барлық елдерінде ең көп таралған. Бұл вирусты дерт болып табылады. Статистиканың мәліметіне сүйенер болсақ, қазақстандықтардың тең жартысы осы кеселмен күресуде.

Жыныс індеттері болашақ шарананың дамуына қалай әсер етеді? Бұл сұрақ көптеген әйелдерді толғандырары анық. Жүктілік кезінде түсік тастаудың жиі орын алатын себептерінің бірі де осы.

Сондықтан да жүктіліктің алдында болашақ аналар медициналық тексерістерден өтуі тиіс. Індеттің белгілері анықталған жағдайда жүктілікке даярлық кезеңінде бұл дерттен емделу қажет. Себебі, жүктілік кезінде әйел ағзасының қызметі әлсіреп, соның салдарынан ол түрлі жұқпаларға шалдыққыш болып келеді.

Көбімізге белгілі СПИД пен сифилистен басқа жыныс індеттерінің өзге түрлері қандай болады деген сұраққа жауап беріп көрелік.

Гонорея (соз ауруы) – бұл ауру гонококктардың әсерінен пайда болады. Белгілеріне несеп жолының сыртқы бөлігінің қызаруы мен ісінуі, іріңдеу, іштің төменгі бөлігінде ауру белгілерінің пайда болуы жатады. Бұл – жыныс жолдары арқылы таралуы бойынша екінші орында тұрған індет.

Хламидиоз да жыныс жолдары арқылы жиі таралатын індет түрі. Бұл кесел ауру белгілерінсіз өтуі мүмкін. Бірақ әдетте іштің төменгі бөлігі ауырып, жыныс жолдарынан шырышты немесе сарысу бөлініп, қышыма пайда болады. Жүктілік кезінде аталмыш дерт айтарлықтай қиындық туындатпаса да, індеттің салдарынан мезгілсіз босану, бала жолдасының жетілмеуі, жатыр ішінде ұрықтың ауруға шалдығуы мүмкін. Сондықтан бұл кеселден жүктілікке дейін емделген жөн.

Сифилис (мерез) – бұл кесел жыныс жолдарымен ғана емес, сондай-ақ тұрмыстық жағдайда да жұғу қаупі бар. Індеттің белгілері жұқтырғаннан кейін бірнеше аптадан соң көрініс береді. Оны Вассерман реакциясына тапсырған қан сараптамасынан анықтайды. Әсіресе, індет жүктілік кезінде қауіпті. Бала жолдасы арқылы жұқпа жатыр ішіне еніп, ұрық дертке шалдығуы мүмкін. Жүктілік кезінде бала өлі туып, мезгілсіз босану, түсік немесе бала сифилистің алғашқы белгілерімен дүниеге келуі ғажап емес. Сондықтан да барлық екіқабат әйелдер жүктілік кезінде 3 рет қан тапсырады.

Кейбір індеттер нәрестенің ағзасына босану немесе ұрықтың қабығы жарылғанда жұғады. Олар жаңа туған нәрестенің өміріне үлкен қауіп төндіреді.

Жыныс індеттері жайында тізіп жаза беруге болады. Бірақ дұрыс диагноз және дертке білікті баға қоя алатын адам дәрігер ғана екендігін естен шығармаған жөн. Жүктілік кезінде емес, жоспарланған жүктіліктен 2-3 ай бұрын анализ берген дұрыс. Індет белгілері байқалған жағдайда дәрігер ұрықтың жағдайын уайымдамай, дәрі-дәрмектермен емдей алады. Оның үстіне жыныс індеттеріне уақытында жасалған сараптама жұқпаны ерте кезеңде анықтаса, оның емі де тез әрі тиімді болады.

Жыныс жолдары арқылы таралатын індеттен жүктілік кезінде емделу мүмкін бе?

Иә. Емнің тәсілі індеттің түріне байланысты. Мысалы, хламидиозды, соз ауруын және сифилисті антибиотиктермен емдеуге болады. Антибиотиктердің кейбіреулері жүкті әйелдерге қауіпсіз болып келеді. Герпес және ВИЧ сынды вирусты індеттер антибиотиктермен емдеуге көнбейді. Герпесті емдеу мүмкін болмаса да, дәрігер вирусқа қарсы дәрі-дәрмек жазып бере алады. Оны жүктіліктің соңғы айында қабылдауға болады. Сондай-ақ интерферонды дәрі-дәрмектер – виферон, генферон, иммуноглобулин дерттің асқынбауына тосқауыл бола алады. Бұл босану алдындағы кезеңде аурудың асқынуына жол бермейді. Ең бастысы, әрбір әйел өзінің және сүйікті адамының денсаулығына селқостық танытпауы тиіс. Себебі, жыныс жолдары арқылы таралатын індет ауруды жұқтырған адамның болашақта дені сау ұрпақ әкелуіне қауіп төндіреді. Өзіңізді мазалаған мәселелерді ашығынан айтуға қорықпаңыз және өздігінен ем-шара қолданбаңыз.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp