«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ” бас жүлдені бапкеріне байлады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен сенбі күні облысымыздың спорт өмірінде елеулі оқиға болды. Өңірімізде қазақ күресінің өрлеп, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан балуан – спорттың осы түрінен облыстың бас жаттықтырушысы, ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Есләмбек Бекмұрзиннің алпыс жасқа толуына орай республикалық жарыс өтті.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қаламыздағы белдесулерге Астана, Көкшетау қалаларынан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарынан балуандар келді. Біздің өңірден облыс құрамасы және спортқа дарынды балалардың мектеп-интернатының балуандары қатысты.

 

Мерейтой иесіне облыс әкімі Самат Ескендіровтің Алғыс хаты тапсырылды.

Қала әкімі, облыстық күрес федерациясының президенті Болат Жұмабеков, “Бүкілдүниежүзілік қазақ күресі” федерациясының президенті Серік Түкеев, КСРО-ның және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жахитов жылы лебіздер арнады.

С. Түкеевке қазақ күресін халықаралық деңгейге көтергені үшін облыс әкімінің кәдесыйы жасалды.

Е. Бекмұрзинге “Бүкілдүниежүзілік қазақ күресі” федерациясы алқасының шешімімен “Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін” медалі мен Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің “Құрметті спорт қызметкері” төсбелгісі тапсырылды.

Бозкілемге кілең ығай мен сығай жиналған екен. Мысалы, мықты балуанымыз Айбек Қырықбай ақтық белдесуге шыға алмай қалды. Сол сияқты үміт күткен Төлеген Жетпіспаевтың да жолы болмады. Есесіне 60 килограм салмақта Мақсат Нүсіпов, 80 килограм салмақта Дәурен Есләмов бас жүлделерді еншіледі. Сағдат Тұрғынбаев (60 кг.) “Жеңіске деген ұмтылысы үшін” және Дәурен Нұрғожин (80 кг.) “Әдемі күрес өрнегі үшін” аталымдары бойынша жүлде иеленді. Айбек Қырықбай үшінші орын алды.

Осыдан соң жарыстың елді елеңдеткен “Түйе балуан” белдесуі басталды. Мерейтойға Тараздан арнайы келген биылғы жылғы “Қазақстан барысы” Бейбіт Ыстыбаев қарсыластарын бірінен соң бірін дөңгелетіп, “Түйе балуан” атанды. Бұл атақты иеленген марқасқа жігітке Е. Бекмұрзиннің жан досы, белгілі кәсіпкер Біржан Шәймерденов тіккен жеңіл көлік бұйырды. “Қазақстан барысы” бұл жүлдесін өзін ойын баласы кезінде көріп, күреске баулыған алғашқы бапкері Марат Жахитовке байлады. Бойы 197 см., салмағы 137 килограм марқасқаға риза жұртшылық орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp