«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚБҰЛАҚТЫҚТАР АУЫЗБІРЛІКТІҢ АРҚАСЫНДА қыс қиындықтарын жеңе білуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Лариса ВИННИЧЕНКО.

 

Биылғы қыс соңғы жылдарға қарағанда қарлы, боранды және аязды болып тұр. Осының өзі қалалық қызметтерді де, сол сияқты ауылдықтарды да қарбалас жұмыс істеуге мәжбүр етіп отыр. Әсіресе, соңғыларға қиын соғатын түрі бар: көктемнің ауылы болса әлі алыс, малдың жемшөбі де тығырыққа тірердей күйде.

Ақбұлақ ауылдық округі облыстағы ең шалғай аумақтардың бірі саналатын Уәлиханов ауданында орналасқан. Округке қарасты ауылдар мен аудан орталығы арасындағы жолдар боранды күндері ең күрделі мәселеге айналуда. Алайда, қол қусырып отыруды білмейтін және өздерінің күшіне ғана сенгенді қалайтын ауылдықтар мүмкіндіктеріне қарай бұл мәселені де шешіп жатыр. Қыс әлі де талай боранымен қыспаққа алатындығын сезінген жергілікті тұрғындар округке қарасты ауылдарда жұртшылық кеңесін өткізіп, елді мекендер мен аудан орталығы арасындағы жолдарды тазарту үшін ақшалай қаражат жинауға келісті. Бұл кездесулерді ұйымдастыруға Чехов орта мектебінің директоры Тамара Вьюшкина, зейнеткер Сейсенбай Махметов, Чехов орта мектебінің медицина қызметкері Айсұлу Мұқашева, Молодая Гвардия ауылының әлеуметтік қызметшісі Естай Құсайын, Қарашілік негізгі мектебінің директоры Көпей Құсайынова көп еңбек сіңірді.

 

Ауылдықтар жинаған қаражатқа жанармай сатып алынды. Бұл күндері округтегі үш елді мекеннің өкілі Игорь Пирущий, Беслан Әлемханов, Серік Қарашолақов өз тракторларымен жолдарды тазартуға кірісіп те кетті. Қар қалың әрі тығыз, техника да жиі сынады, сондықтан жолдарды қалпына келтіру орасан зор күш жұмсауды қажет етуде.

Жемазыққа байланысты мәселелер де біртіндеп шешімін тауып келеді. Жерлестеріне шөп пен кебек жеткізіп беруге Серік Қарашолақов сияқты азаматтар көмек көрсетіп жүр.

Ауылдың мәселесі мұнымен шектелмейді: көптеген ауылдықтар су тарататын орыннан алыс тұратындықтан, қыстыгүні одан ауызсу тасу да оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда ақбұлақтық Бақытжан Құсайынов пен Молодая Гвардия ауылының тұрғыны Орынбай Темірбаевтың көмегі ерекше. Олар ауа райының кез келген жағдайында зейнеткерлер мен жалғызілікті адамдарды ауызсумен қамтамасыз етіп отыр.

Әлеуметтік қызметшілер Нұрсұлу Әбілғазина мен Нәзима Ғалеева қарамағындағы әлжуаз жандардың ауласын да қардан аршуға қолғабыс етіп жүр.

Аудандық әкімдік пен кәсіпкерлік бөлімінің бірлесе қимылдауымен ауылдықтарға биылғы қыстың жолсыз күндері тұрақтандыру қоры арқылы төмендетілген бағамен ұн және күнбекүн тұтынатын азық-түлік тағамдары жеткізіліп берілуде.

Уәлиханов ауданы,

Ақбұлақ ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp