Студенттік күндерімнен бастап “Әлем елдерінің анықтамалығының” жыл сайын шығарылатын жинақтарын оқуға құмартушы едім. Бұл әдет – әлі де өмірлік серігім. Осы жинақтарды оқи отыра, әлемнің ірілі-ұсақты мемлекеттерінің ешқайсысының да бір ғана ұлттың мекені еместігіне көзім жетті. Бес құрлықтың қай елін алсаң да, бірнеше ұлттар мен ұлыстар тұрмыс кешеді, сондай-ақ тілдер мен діни конфессиялар тоғысқан.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Тарихи қалыптасуға негізделген мұндай көрініс біздің Отанымыз – Қазақстанға да тән. Егер төңкеріске дейін елдің өзге ұлттармен көрші орналасуына орай солтүстігінде қазақтардан өзге орыстар, татарлар, башқұрттар тұрмыс құрса, батысында – орыстар, түрікпендер, Закавказье халықтары, ал түстігінде – өзбектер, ұйғырлар, қырғыздар, қарақалпақтар, дұңғандар, күрдтер тірлік кешкен. Соның өзінде, Е.Бекмаханов, М.Тынышбаев және басқа тарихшылар мұнда қазақтардың өзге ұлттардан саны басым болғанын өздерінің халықнама жайындағы еңбектерінде жазып кеткен.
Қазақстанда жаңа кен көздерінің, ірі өндіріс орындарының ашылуы бұл басымдықты жоя бастады. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты Қазақстанға сенімсіздік көрсетілген шешендер, поляктар және корейлер зорлап көшірілді.
Бір таңғалатының – бауырмал қазақ халқы осы ұлттар мен ұлыстардың қайсысына болсын құшағын жайған дарқандықпен үстіндегі баспанасын, алдындағы асын бөліп берді. “Жат жұрт” деп бөлместен, жанына жақын тартты.
Ал 1954 жылы басталған тың игеру елдегі демографиялық ахуалға ақау түсіріп, туған тіліміздің тамыры қиыла бастағаны жасырын емес.
Алайда, қаншалықты көпэтносты, көп-конфессиялы республика болса да, Қазақстанда ұлтаралық, дінаралық текетірестер мен қақтығыстар орын алып көрген емес. Осының өзі негізгі ұлт – қазақ халқының бауырмалдығын, төзімділігін айғақтайтын фактор болды.
Тәуелсіздік туы желбіреген 1991 жылы демографиядағы осындай жағдай, қазақтардың өз жеріндегі азшылығы анық байқалып тұрды. Осыны ескерген кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Израиль мен Германияның тәжірибесіне сүйенуді ұйғарды да, алыс және жақын шетелдердегі қазақтарды атақонысқа оралтудың қамына кірісті. Өтпелі кезеңдегі экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, 1991-1996 жылдары Қазақстанға шетелдерден 12,5 мың оралмандар отбасылары қоныс аударды. Елбасымыз олардың орыстілді тұрғындар басым өңірлерге қоныстануын ойластырып, жүзеге асырды.
Ал 2003 жылы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстарына 5 мыңнан аса оралмандар отбасылары орналасты. Мұндай көрегендік саясат демографиядағы жағымсыз ахуалды оңалтып, елімізде қазақтардың санының басымдығына қол жеткізе бастады.
Мұның өзі туған тіліміздің Ата Заңға сәйкес мемлекеттік мәртебесін көтеріп, қолдану ауқымын кеңейтуге мүмкіндік бере түсті.
Бірақ мұндай саясат елімізді қоныстанып отырған өзге ұлттар мен ұлыстардың ешқайсысының мүдделеріне нұқсан келтірмегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстан егемендік алғанға дейін “Бейбіт, татутәтті тұрмыс Отаны” деп қалай аталып келсе, дербес мемлекет атын иеленген күнде де осы мәртебесінен айрылған жоқ. Тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы этносаралық ынтымақтастық, рухани келісім, ұлттардың мақсат бірлігі бұрынғыдан да маңызды, салмақты сипат алып отыр. Бұл, сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі ұлтаралық келісімді мемлекеттегі тұрақтылық пен гүлденудің жолы деп бағалауының нәтижесінде жүзеге асырылып отырған игілігіміз. Әлемнің көрнекті саясаткерлерінің бәрі мұны атап көрсетіп жүр.
Мысалы, Кеңес Одағы республикаларының ішінде Қазақстанға ғана 2011 жылғы 22 қыркүйекте ресми сапармен келген Рим Папасы, понтифик Иоанн Павел Екінші елімізде тұрып жатқан 100 мыңнан аса католиктердің дін бостандығына жағдай жасап отырғаны үшін Елбасымызға алғыс арнағанын, оған көрсетілген құрмет ретінде қазақ тілінде сөйлегенін еске сала кету артық емес.
Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер форумдарын өткізу арқылы өзінің мұндағы діни конфессиялардың жұмысын өрістетуге жол ашып отырғанын дәлелдеуде. Соның айғағындай, 2012 жылдың 30-31 мамырында Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндердің ІV съезіне қатысқан Патриарх Кирилл Нұрсұлтан Назарбаевқа Алғыс хат жолдап, онда Қазақстанда тұрып жатқан алуан діни қауымдастықтар өкілдерінің өзара ынтымағына қол жеткізгені және елдің әртүрлі діни нанымдағы көптеген этностарының үйлесімді де бейбіт тұрмыс кешуіне жағдай жасап отырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Мұның астарында бұл ынтымақтастық, тату-тәтті тұрмыс, түрлі ұлттар өкілдерінің ұлттық ерекшелікке қарамай, “Қазақстан халқы” деген ұғымды ардақтап, бір-біріне тілеулестікте өмір сүруі, Отанымызды ортақ мекен деп бағалауы жатыр. Тұңғыш Президентіміздің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Барлық этностар азаматтарының құқықтарының теңдігі” деген арнайы тарау бар.
“Қазақстан – біздің қасиетті мекеніміз.
Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады.
Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды.
Біз оларға құшағымызды ашып, қазақы қонақжайлылықпен қарсы алдық.
Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды.
Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз.
Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі.
Бұл – әлемдік үрдіс”, – деді Мемлекет басшысы осы Стратегияда.
Аталған сөздердің мағынасы мен маңызы аса зор және олар негізсіз айтылып отырған жоқ. Қазақстан басшысы елімізде этносаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігінің институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын жүзеге асырды.
2005 жылы оның құрылғанына он жыл толуы аталып өтті. Осы кезеңде Ассамблеяның өміршеңдігіне күмәнмен қарағандар қателескенін түсінді. Бұл ұйым 470 ұлттық-мәдени орталықтардың басын біріктірді. Ұлттардың осылай ұйыса, ынтымақтаса тұрмыс құруын өз көзімен көрген БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан елімізге ресми сапармен келгенде “Қазақстан – ұлтаралық келісімнің, тұрақтылықтың, орнықты дамудың үлгісі” деген баға берген болатын.
Ассамблея атына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар ісі жөніндегі бұрынғы Жоғарғы комиссары Макс ван дер Стул мен қазіргі басшысы Рольф Экеус те жылы лебіз арнады.
Бүгінгі Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясат пен қоғамдағы бірліктің мынадай бес қағидатын сырт көз саясаткерлер анық атап көрсетеді. Олар – Қазақстан халқының бірлігі, қазақтардың ұйыстырушылық рөлі, Қазақ халқының толеранттылығы мен жауапкершілігі, Қазақстанды қоныстанатын этностардың мәдениеті мен тілдерін дамытуға барлық жағдайлардың жасалуы, этностық, конфессиялық және тілдер бойынша әралуандық.
Соған сәйкес Қазақстан әлемдік қауымдастықта азаматтық бейбіт тұрмыс пен рухани келісім орныққан мемлекет ретінде беделге бөленіп, оның этностаралық татулық тәжірибесі дүниежүзінде өнеге тұтылуда.
Елімізде мәдениеттердің өзара байланысының нығаюының арқасында жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың сақталуына жол ашылған.
Теңгерімді тіл саясаты іске асырылу үстінде. Елдің азаматтары, әсіресе, жастар мемлекеттік тілді меңгеруге ынта мен ықылас білдіре түсуде. Қазақстанның лингвистикалық байлығы жалпықазақстандық мәдениеттің көкжиегін кеңейте түсуде. Сөйтіп, ол көпұлтты Қазақстанның бірлігінің іргетасын қалайды.
Конфессияаралық келісім мен діни төзімділік азаматтардың бейбіт-қатар тұрмыс кешуінен көрініс табуда.
Биылғы Жолдауда Қазақстанда 140 этнос өкілдері өмір сүріп, 17 діни конфессия жұмыс істейтіні атап көрсетілді.
Бүгінде елімізде 22 этностардың тілдері 108 мектепте дербес пән ретінде оқытылып, бірнеше оқу орындарында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақтар өтеді.
Қазақстанда Достық үйлері, облыс орталықтарында орыс, оның ішінде ең байырғысы Алматыдағы Лермонтов атындағы драма театры, корей, ұйғыр, неміс театрлары, өзге көптеген ұлттардың мұражайлары, мектептері, бұқаралық ақпарат құралдары жеткілікті. Соған қоса, Астанада “Ұлттар театры” ашылған.
Еліміздің мәдениетіне Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың көрнекті тұлғаларының қосқан үлестері аз емес. Мұның түптамыры тереңде. Айталық, тағдырдың жазуымен қазақ даласында болған, яки қазақы атанып кеткен өзге ұлттар өкілдері, мысалы, Мағжан жазған фольклор жинаушы Әбубәкір Диваев, поляк шығыстанушысы Адольф Янушкевич, этнограф, фольклортанушы Василий Радлов, “Күлтегін-Тоныкөк” құлпытасын ашып, жазуларын айырып бергендердің бірі Николай Ядринцев, жиһангез Григорий Потанин қазақ мәдениетін көтеруге өлшеусіз еңбек сіңірді. Олар қазақ, яки басқа ұлт деп те, дінге бөлініп те жатпады, ғылым мен мәдениет үшін еңбек сіңірді.
Төңкеріске дейін де, одан кейін де қазақтың ең ірі зиялылары Мәскеуде, Санкт-Петербургте түрлі салаларда мамандық игерді. Олар сауатсыздықпен күресте қараңғы елге шамшырақ болды.
Қазақ өнерінің ең зор өкілдері орыс театрларында, консерваторияларында білім алып, оны ұлттық байлығымызға айналдырды.
Елімізде көптеген ұлттардың өкілдері өнер мен әдебиетте қазақстандық мәдениетке зор үлес қосты. Мысалы, ұйғыр сазгері Құдыс Қожамияров, әншісі Гүлвира Рәзиева, татар сазгері Латиф Хамиди, өнер зерттеуші (“Қазақтың мың әні” зерттеу еңбегін жазған) Александр Затаевич, қазақ операларының негізін салушы Евгений Брусиловский, орыс жазушылары мен ақындары Иван Шухов, Дмитрий Снегин, Иван Щеголихин, Галина Черноголовина, Вениамин Ларин және басқалар біздің жалпыұлттық мәдениетімізді өрлетті.
Мұндай айғақтар спортымызда да мол. Айталық, Олимпиада чемпиондары: Илья Ильин, Александр Винокуров, Владимир Смирнов, Василий Жиров, Юрий Мельниченко, Анатолий Храпатый, Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Валерий Рязанцев, Анатолий Быков, Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, жүлдегерлері Геннадий Головкин, Ислам Байрамуков, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Анатолий Назаренко, Георгий Цурцумия, Гюзель Манюрова, Иван Дычко допты хоккейден КСРО-ның және Еуропаның неше мәрте жеңімпазы, “Динамо” командасын ұзақ жылдар бойы баптаған Эдуард Айрих, Лондонда мерейге бөленген ауыр атлетшілеріміздің бас бапкері Алексей Ни, әйгілі күрес бапкерлері Вадим Псарев, Петр Матушак, боксшыларымызды жаттықтырған Юрий Цхай және басқалары ұлтқа бөлінбей, “Біз – қазақстандықпыз!” деген мақтаныш сезімін ту етіп көтерді.
Елімізге зор абырой әперген Лондон Олимпиадасында және жетінші қысқы Азия ойындарында Қазақстан бірнеше ұлттар өкілдерінің сүттей ұйыған достығының, отаншылдығының арқасында осындай құрметке бөленді.
Ал біздің өз өңіріміздегі ұлтаралық достықтың қайнары – Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясының құрамында 22 ұлттық-мәдени орталық бас қосқан. Өңіріміздің аудандарында 95 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ұлттық өркендеу мектебімізде бірнеше ұлттар өкілдерінің жас буыны өз тілдерінде білім алуына жағдай жасалған.
Өңірімізде жылма-жыл қазақ емес ұлттардың фестивальдарының ұйымдастырылуы дәстүрге айналған. Олар қазақ тіліне, салт-дәстүрлеріне, өнеріне жетіктігін айғақтайтын сайысқа түседі.
Өнер ұлт таңдамайды. Ол жүрекпен ұғылып, бойға дариды.
Ұлтына, діни наным-сеніміне қарамай, Отанды сүю болашағы берік Қазақстанның “Мәңгілік Ел” ретіндегі сипаты болатынын Елбасымыз Жолдауында анық та айғақты айтты. Біз – достықпен гүлденген елміз!