Асқар ЖҮНІСОВ,
облыстық прокуратураның экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі
бөлімнің аға прокуроры.
Терроризммен күрес бүгінгі күннің маңызды мәселесіне айналған шақта, екінші бір “бас ауруы” пайда болды. Ол – терроризм актілері туралы жалған ақпарат. Бұл індеттен еліміз де ада емес. Соңғы уақытта елімізде “жалған терроризм” оқиғалары, яғни адамдар көп жүретін қонақүй, сауда үйлері, банк, мектеп және тағы басқа нысандарға жарылғыш заттың қойылғандығы туралы жалған ақпарат айту көбейіп кетті.
“Жалған терроризмнің” себептері әртүрлі. Егер оқушылар мен студенттер осындай амалмен сабақты не болмаса емтиханды болдыртқылары келмесе, ересектер мүлдем басқа себептердің салдарынан барады.
Өткен жылдың мамыр айында екі ересек адам Петропавл темір жол вокзалына қойылған бомба туралы хабарлаған. Тексеру шаралары кезінде жарылғыш зат табылмады. Ұсталғандар мен тексеру барысында сұралған тұлғалардың сөзіне сүйенсек, оларды мұндай қылмысқа бұзақылық пен қоғам алдында өздерін көрсету ойы итермелеген. Соттың шешімімен жоғарыда аталған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бас бостандықтарынан айрылды. Сонымен қатар, жазаға тартылғандардан мемлекетке келген шығын жүз мың теңгелеп өндіріліп алынды.
Жалған терроризм үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту 14 жастан басталатындығын ескеру керек. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында Мағжан Жұмабаев ауданының төтенше қызмет пультіне №4 Булаев орта мектебіне бомба қойылғандығы жайлы телефон хабарламасы түскен. Оқиға орнына жетісімен мектептің әкімшілік ғимаратының маңы қоршауға алынды. Ғимараттан мектептің оқушылары мен ұжымы қауіпсіз жерге көшірілді. Мектеп ғимаратын және оған жапсарлас орналасқан маңайды тексеру кезінде жарылғыш зат табылмады. Жедел іздестіру шаралары барысында хабар иесі Хлебороб орта мектебінің 9-сынып оқушысы екендігі анықталды. Аталмыш факті бойынша Мағжан Жұмабаев аудандық ішкі істер бөлімі ҚР ҚК-нің 242-бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бүгінгі таңда телефон бұзақылары жазадан құтыла алмайды. Себебі, жедел әрекет ету қызметтері жаңа техникалық желілермен, компьютерлік бағдарламалармен қамтамасыз етілген. Олар хабарласқан “террористің” телефон нөмірі мен оның тұрған жерін тез тауып береді. Сондай-ақ ұялы телефонмен хабарласқандардың да аты-жөні, оның иесінің мекенжайы бірден белгілі болады. Хабарлама жасалған жерге бірнеше минуттан кейін барлық жедел әрекет ету қызметі жетеді.
Терроризм актісі туралы жалған хабарлама үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Өткен жылы Қазақстанда телефон “терроризміне” қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. 2012 жылдың 18 қаңтарында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 242-бабының санкциясын қатаңдатқан өзгеріс енгізілді. Енді терроризм актісі жөніндегі жалған хабарлама түсіргендер 200 ден 500 АЕК көлеміндегі айыппұлмен жазаланады, бас бостандығына жеті жылға дейін шектеу қойылады немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.