«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОН ЕКІ МАМАНДЫҚ беретін озық колледж

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылы республикалық “Алтын сапа” сыйлығын алуға арналған байқауға белсене қатысып, Қызылжар өңірінен Президент Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Мәсімовтің Алғыс хатына ие болған 10 өндіріс орны мен мемлекеттік мекеменің бірі – Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі. Соған орай тарихы сонау 1944 жылы желтоқсан айында тракторшылар мен бригадирлер даярлау мақсатында құрылған ауыл шаруашылығын механикаландыру мектебінен бастау алатын іргелі оқу орнында болып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік…

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Алғашында майдан даласын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған елді мекендерге үшайлық курстар арқылы қат мамандар әзірлеген оқу орны кең-байтақ елімізде тың және тыңайған жерлерді игеруге аттаныс басталған кезде №36 ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесіне айналыпты. 1957 жылы соның негізінде өндірістік оқыту шеберлерін әзірлейтін индустриялық-педагогикалық техникум құрылған. Осыдан 18 жыл бұрын кәсіби білім беру мекемесіне колледж мәртебесі берілсе, Петропавл ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумымен қосылғаннан кейін – аграрлық-техникалық, ал 2000 жылдан бері Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі аталады.

 

– Біз оқушыларымызға кәсіптік оқыту, технология, жерге орналастыру, төтенше жағдайлардан қорғау, менеджмент, ауыл шаруашылығын механикаландыру, электрмен жабдықтау, электр, электромеханикалық құрал-саймандар, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, азық-түлік өндіру, сауда және ет өнеркәсібі жабдықтары, дене тәрбиесі және спорт, әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркем шығармашылық мамандықтары бойынша білім береміз. Тек кәсіптік оқытудың өзі ғана құрылыс, дәнекерлеу өндірісі, есептеу техникасын бағдарламалық қамтамасыз ету, жол қозғалысын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы өндірісін электрлендіру, механикаландыру сияқты 7 түрлі саланы қамтиды. 2009 жылдан бері ҚР СТ-ның ИСО 9001-2001 сапа менеджменті жүйесі талаптарына сәйкес сертификатпен жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі күні 1018 оқушы күндізгі бөлімде, 388 адам сырттай оқып жатыр. Оқу орнының тарихына үңілетін болсақ, 1957 жылдан бері 12 мыңнан астам азаматқа орта арнаулы білім беріппіз, – дейді аталмыш колледжді 6 жылдан бері басқарып келе жатқан Жеңіс Әбілмәжін.

Ұжым өткен ғасырдың 80-жылдары өздерінде КСРО азаматтарынан басқа Вьетнамның, Кампучияның, Лаостың, Моңғолияның, Палестина мен Ауғанстанның жастары да оқығанын мақтан етеді.

Төрт қабатты оқу корпусындағы кабинеттер заман талабына сай интерактивті тақталармен, компьютерлермен, көрнекі құралдармен, тренажерлармен, автоматты оқыту кешендерімен жабдықталған. Осызаманғы зертханалар мен шеберханалар, 100-ге тарта техниканы қамтитын машина-трактор паркі оқушылардың қажетті деңгейде тәжірибе жинақтауына толық мүмкіндік береді. Оның үстіне колледж ықтимал жұмыс берушілермен ынтымақтастықты дамыту бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Колледж директоры Жеңіс Әбілмәжіннің айтуынша, “Спец-электро”, “Аксесс-Энерго”, “СевКазЭнерго”, аудандық “СКРЭК” сияқты электр қуатын өндіру және тарату, электр қондырғыларын жөндеу және құрастыру жөніндегі кәсіпорындар, М.Жұмабаев ауданының жер қатынастары бөлімі, “Қызылжар-жер” ЖШС, “Богви” фирмасының компаниялары, облыс пен қаланың техникалық қызмет көрсету станциялары, автокөлік кәсіпорындары тәжірибе базасы ретінде пайдаланылады. “Құрылыс өндірісі” мамандығының студенттері колледждің шеберханаларында және нақты жағдайларда өндірістік тәжірибеден өтеді. Екі жүз орындық жатақхананың бөлмелері мен оқу кабинеттері солардың күшімен күрделі жөндеуден өткізілген, интерактивті тақталармен жабдықталған. Технология мен дене тәрбиесінің болашақ мұғалімдері балалар мен жасөспірімдер спорт клубтарының жұмысына қатысады, мектептерде байқау сабақтарын өткізеді. Оқу орнындағы мамандар әзірлеудің тағы бір өзіндік ерекшелігі – оқушылардың техникалық кәсіппен бірге педагогикалық білім алып шығатындығы. Сондықтан “Кәсіптік оқыту” мамандығының студенттері кәсіптік-техникалық лицейлерде дипломалды педагогикалық практика кезінде өндірістік оқыту шеберлерінің көмекшісі қызметін атқарады, тәжірибе жинақтайды, дағды қалыптастырады.

Ұстаздар ұжымы инженер-педагог қызметкерлердің әлеуетін көтеру үшін тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Жыл сайын колледждегі оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің үштен біріне жуығы республикалық біліктілік арттыру институтында, техника және өндірістік оқыту жүйесінде педагог қызметкерлердің білімін жетілдіруге арналған өңіраралық орталықта, оқытуды автономиялы ұйымдастыруға арналған “Назарбаев Зияткерлік мектебінде”, КНАУФ оқу орталығында, “Неміс аграрлық орталығы” ЖШС-де, облыстық біліктілікті арттыру және педагог кадрларды қайта даярлау институтында білімдерін жетілдіреді және өндіріс орындарында сынақтан өтеді.

– Колледждің өзіне тиесілі 209 гектар егістік алқабы бар. Оған дәнді дақылдар егу, ала жаздай баптау және ысырапсыз жинап алу оқушылар күшімен атқарылады. Оны тәжірибе алаңы десе де болады. 2011 жылы 23,7, өткен жылғы қуаңшылықта 15,5 центнерден өнім алдық. Одан түскен пайда оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалады. Студенттер асханасы үшін жыл сайын 8 гектар алқапқа картоп егеміз. Биыл білімді дамыту бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін 25 млн. теңгеге комбайн сатып алуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіптік білім беру саласындағы жемісті еңбегі үшін “Шапағат” медалімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталған Жеңіс Төлешұлы.

Колледж бен Қорған мемлекеттік университеті арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім оқытушылардың халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысуына ғана емес, “Автомобиль көліктеріне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану”, “Ауыл шаруашылығы өндірісін электрлендіру”, “Менеджмент”, “Технология” мамандықтары бойынша бітіріп шыққан түлектердің аталмыш ЖОО-да үзіліссіз білім беру бағдарламасы аясында қысқартылған бағдарламамен оқып, жоғары білім алып шығуларына жағдай жасауда. Шадринск политехникалық колледжімен де жақсы қарым-қатынас жолға қойылған. Олармен делегация алмасу, ғылыми-практикалық конференцияларға, спорт шараларына қатысу дәстүрге айналған. Шадринск қаласында ТМД елдеріне әйгілі агроном-ғалым Терентий Мальцев атындағы V Бүкілресейлік кәсіби шеберлік конкурсында “Ауыл шаруашылығын механикаландыру” мамандығының студенті А.Дивисин 1-орын алып, дипломмен, медальмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Бүкілресейлік студенттердің тарихи-өлкетану конференциясына қатысқан Н.Гуриннің, В.Привалованың, Е.Маракушкинаның, Е.Сергееваның, Р. Ахмадулинаның баяндамалары жоғары бағаланып, конференция материалдары жинағына енді. Колледж студенттері А.Янина мен А.Седешев “Қаңқа-қаптама құрылмаларын құрастыру” мамандығы бойынша техникалық және кәсіби жалпы білім беру мекемелері оқушылары арасында 2012 жылы 15-17 мамырда Астана қаласында өткен Орта Азия мен Ресей елдерінің 2-ші халықаралық конкурсында 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Енді жеңімпаздар биыл маусым айында Нижний Новгород қаласында ТМД елдері студенттері арасында өтетін халықаралық конкурста Орта Азия намысын қорғайтын көрінеді.

Колледждің инженерлік-педагогикалық қызметкерлері типтік бағдарламаларды әзірлеуге белсене қатысады, оқулықтар мен оқу құралдарына сараптама жүргізеді.

VІІ облыстық инновациялық жобалар фестивалінде Е.Носачевский “Сызу пәнін оқытуда Компас-График графикалық редакторын оқу сапасын арттыру құралы ретінде пайдалану” жобасымен, Петропавл қаласының кәсіпорындары мен мекемелеріндегі жас мамандар арасында өткізілген “Мен – кәсіпқой” кәсіби шеберлік конкурсында арнайы пәндер оқытушысы В.Яварович жеңімпаз атанды.

2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Евразия табиғи ресурстар корпорациясымен және Британия Кеңесімен бірге өткізген “Техникалық және кәсіби білім берудің үздік оқу орындары” республикалық конкурсында колледж “Ауыл шаруашылығы саласы үшін кадрлар әзірлеу бойынша үздік оқу орны” аталымында 3-орын алды.

Колледжде кәсіби оқумен бірге тәрбие жұмысына да жете көңіл бөлінеді. Саламатты өмір салтын қалыптастыруға арналған “Здоровье”, патриоттық сезімге баулитын “Ер Отан”, экологиялық мәселелерді көздейтін “Атамекен”, волонтерлікпен айналысатын “Добродетель” клубтары, техникалық шығармашылық пен көркемөнерпаздар үйірмелері, “Литературная гостиная” жұмыс істейді, “Достық” газеті шығарылады.

Еротандықтар техникалық және кәсіптік оқу орындары арасында жыл сайын спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша өткізілетін “Ұлан” спартакиадасында 5 жыл қатарынан көш бастап келеді. Клуб тәрбиеленушілері әскери-далалық жиындарды “Березка” сауықтыру лагері базасында, Петропавл Әскери институты полигонында өткізеді. Өткен жылы клуб мүшелері М.Омар, Д.Ахметжанова оқытушылары Н.Гуринмен бірге Ресейдің Новгород облысында халықаралық “Вахта Памяти – 2012” аясында дәстүрлі “Долина” экспедициясына қатысып қайтты.

Колледж студенттері республикалық “Қамқор-Забота”, “Ветеран живет рядом”, “Кто если не ты?”, “Окружить заботой” қайырымдылық акцияларына үзбей қатысып, 71 еңбек ардагеріне, Петропавлдағы мүгедек балаларға арналған интернат үйіне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді.

– Сәндік-қолданбалы қолөнер және техникалық шығармашылық бойынша ұйымдастырылатын облыстық көрмелер мен конкурстар біздің студенттеріміздің қатысуынсыз өтіп көрген жоқ. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген “Бабалардың мұрасын сақтайық және көбейте түсейік” атты республикалық көрмеде М.Гуляеваның жұмысы 2-орын алды. Г. Мусинаның жетекшілігімен студенттер жасаған бұйымдар былтыр облыстық көркемсурет мұражайындағы “Ұлы даланың мифтері мен аңыздары”, Ресейдің Ямало-Ненец округіндегі Салехард қаласында “Ұлы даланың тынысы”, Петропавлда “Солтүстік Қазақстанда жасалған” көрмелеріне қатысып, жоғары бағаланды, – дейді колледж директоры Жеңіс Әбілмәжін.

Оқу орны индустриялық-педагогикалық техникум кезінде өз спортшыларымен де даңқты болатын. Дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Татьяна Машенцеваның айтуына қарағанда, бұл дәстүр әрі қарай жалғасын табуда. Оқу орны өздерінен 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 16 спорт шебері, 50-ден астам спорт шеберлігіне үміткер шыққанын орынды мақтан етеді. Спорттық бағдарлаудан VІІ Қысқы Азиада чемпионы Аслан Тоқбаев – осы колледждің түлегі. Алексей Баталов – армрестлингтен Азия чемпионы болса, ал Әсем Назырова – қысқы спорттық бағдарлаудан ҚР-ның ең жас спорт шебері. Қысқы және жазғы президенттік көпсайыстан, шаңғыдан, конькиден, жеңіл атлетикадан, акробатикадан, велоспорттан облыс және Қазақстан намысын қорғап жүрген колледж студенттері де аз емес. Соған орай оқу орны ҚР Туризм және спорт агенттігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-практикалық орталығының Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, медалімен және Алтын белгісімен марапатталған.

Осындай дәстүр, шығармашылық және жоғары кәсіби шеберлік сабақтастығы колледж ұжымының әрі қарай дамуына және болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік беріп отыр.

СУРЕТТЕРДЕ: колледж директоры Ж.Әбілмәжін

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp