«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЖЫНЫҢ ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРМАУЫ ҚАЛАЙ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жамбыл ауданындағы “Ақан” жеке шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Жүсіпов қажы атағы бар борышкерден он жылдан бері алашағын ала алмай, үш бірдей жерге шағымдануға мәжбүр болып отыр. Оның біреуін ол облыстың прокурорына, екіншісін “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамына және тағы бірін біздің редакциямызға жолдаған. Ондағы ойы прокуратура борышкерге заң жүзінде талап қойып, қарызын өндіріп алуға көмегі тиеді деген ниет болса, редакциямыздан осы келеңсіздікке көптің көзін жеткізеді, ал орталық мешіттің басшылығы қарызын қайтармай, қиянатқа барып отырған қажының жағымсыз қылығына баға береді деген сенімнен туса керек.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Төлеген Сапарұлы осы шағым хаттарымен алдымен облыстық прокуратурада болған. Істің мән-жайымен танысқан заң қызметкерлері шағым иесіне жинастырған құжаттары негізінде борышкердің үстінен аудандық сотқа талап арызын түсіруге кеңес берген. Талап иесі бүгіндері өз адвокатының көмегімен он жылдан астам бас ауыртқан мәселені сот арқылы түбегейлі шешу үшін қажетті құжаттарын дайындау үстінде. Ал оның талап иесінің пайдасына шешілеріне қолындағы құжаттарынан көздері жеткен облыстық прокуратура қызметкерлерінің Төлегенге іс-қимыл әрекетін жергілікті соттан бастауға кеңес беруі тегін емес. Борышкердің өз қолынан берген бұлтарт-пайтын қолхаттары бойынша сот қарызын мойнына қойып берсе, ол ешқайда жалтара алмайды. Сосын оның шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс.

 

Талап иесінің шағым хатын Құран сөзімен бастауының өзінде үлкен мән бар: “Хадисте екіжүзді адамның үш белгісі бар: сөйлегенде өтірік айтады, уәде берсе орындамайды және аманатқа қиянат жасайды” деген сөздерді келтіріпті. Оның бұлай жазу себебі, қожалық басшысына борышкер Жанғазы Артықбаев үш мәрте қажылыққа барған, мешітте жұма намазын қаза қылмайтын, Алла тағалаға құлшылық етіп жүрген жан көрінеді. Осындай Құдайы жанның біреудің маңдай ақысын уақтылы қайтармай, бұлтаққа салуы, әрине, қисынға келмейтін іс.

Енді осы борыштың мән-жайына тоқталайық. Жанғазы – екі мыңыншы жылдардың басынан астық саудасының делдалдық ісімен айналысқан жеке кәсіпкер көрінеді. Басында өзінен бірер рет аздап астық алып, оған дер кезінде есеп айырысып келген кәсіпкерге әбден сеніп қалған қожалық басшысы ол 2002 жылдың 18 қаңтарында 2127 центнер төртінші сыныпты бидай алып, бір айдың ішінде есеп айырысатынын айтып, уәдесін үйіп-төгіп кеткенде осыншама әуре-сарсаңға түсерін қайдан білсін?! Әйтеуір, Төлегеннің қашанғы ұқыптылық әдетімен екіжақты ауызша келісімнен басқа қос тараптан үш адамның қолы қойылған қолхат алғаны да дұрыс болған. Онсыз қарызын қайтаруы екіталай болар еді.

Уәделі мерзім өткеннен кейін Жанғазыны өзі іздеп шығып, әзер табады. Өлердегі сөзін айтып, атына ақша түспей жатқанын сылтау еткен делдал қолына қаражат тиген күні өзі апарып беретінін айтып, антсу ішкендей болған екен. Төлеген сонда да оның сөзіне сенбей, нотариалдық кеңседен міндеттеме қолхатын алған. Нотариус Н. Әбдрахметова куәландырған 2002 жылғы 28 ақпандағы №3371 міндеттеме қолхатында Жанғазы 15 наурызға дейін сол күннің бағасы бойынша есеп айырысатынына сендірген.

Бірақ олай болмады. Жанғазы наурыз айының алғашқы күндерінің бірінде Төлегеннің үйіне телефон шалып, оны 8 наурыз күні сағат 13.00-де Қызылжар қаласындағы “Охотничий ряд” дәмханасына кездесуге шақырады. Сөзге сенім артқан қожалық басшысы көрсетілген мерзімде кездесу орнында болады. Бірақ оның алдынан Жанғазының өзі емес, бір бейтаныс қыз шығып, қажының қалдырған хатын тапсырады.

Оның ішінде “Meга Oil” ЖШС-і директоры С.Мұсабаев 2002 жылғы 6 ақпан күні қол қойған анықтама қағазы бар екен. Онда жеке тұлға Жанғазы Артықбаевтың атында облыс мұнай базаларында 120 тонна дизель отыны барлығы расталыпты. Анықтама сыртына Жанғазы өз қолымен: “Сәлеметсыз бе, Төлеген аға! Мен мына дизель отынын әр тоннасын 2,5 тонна 3-сұрыпты бидайға айырбастауға тиісті едім. Егер сіздің айырбас жөнінде басқа жобаңыз болса, Риммаға айтыңыз (сірә хат тапсырған қыз болар), өзім аудандарға кетіп барамын. Солярканы Мамлют, Қиялы және Сулы мұнай базаларынан алуға болады, бір жылға дейін сақталуы тегін. Қаладан да алуыңызға болады, бірақ онда сақтағаны үшін ақша төлейсіз”, деп жазыпты.

Енді, қарызды соляркамен болса да алмақшы болған Төлеген мереке күндерін өткізгеннен кейін аталмыш мұнай базаларын аралап шыққан. Бірақ анықтамада көрсетілген дизель отыны олардан табылған жоқ. Оның бос сөз екенін сонда білді. Шақшадай басы шарадай болып, іздестірудің арқасында қажыны аңдып жүріп, 25 наурызда таң сәріде бір үйден іздеп табады. Сол жерде ол тағы да өлердегі сөзін айтып, кешірім сұрап, 2002 жылдың 1 сәуіріне дейін 9770 доллар қарызыңды өтеймін деген қолхат жазып береді.

Осылай әуре-сарсаңда жүргенде көктемгі егіс уақыты жеткен. Не жанармайы, не қаражаты жоқ, амалы таусылған қожалық жетекшісі мал-мүлкін сатып, мініп жүрген көлігін кепілге қойып, көп қиыншылықпен алқабының жартысына ғана егін себеді. Оның үстіне балаларының Алматы мен Қызылжарда жоғары оқу орындарында оқып жүрген кезі, қаражат жағынан қатты қысылады. “Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді?!” дегендей, бұрынғы кеңшар директоры балаларының қамы үшін жеке көлігімен кісі тасудан да арланған жоқ. Сөйтіп, жүргенде 2003 жылғы 5 қаңтарда қала көшесінде Жанғазыны кездейсоқ жолықтырады. Төлегеннің айтуынша, ол өзінің Мәскеу қаласынан бүгін ғана оралғанын айтып, он күннің ішінде ақша түседі, содан кейін қарызыңды екі есе етіп қайтарып беремін деуге дейін барыпты. Ол кезде бидайдың бағасы 100 доллар тұратын. “Маған өзімдікін ғана бер, артығы қажет емес” деп, қолынан тағы қолхат алады. Осы қолхаттардың бәрі сотқа тапсырылатын құжаттарға тіркелген.

Қаладағы сол кездесуден кейін Жанғазы ұшты-күйлі көрінбей кеткен. Төлеген іздеу салып, қыруар қаражат та жұмсаған. Облыстық прокуратураға жазбаша жолдаған шағымынан да жауап болмады. 2009 жылғы сәуір айының соңғы күндерінің бірінде жергілікті телеарнада сұрақ-жауап хабары жүргізілді. Оған қатысқан прокуратура қызметкерлеріне осы мәселені қозғап сауал қойды, олар өтінішіңіз есімізде дегені болмаса, нақты жауап бере алған жоқ.

Тегі, солар қозғау салған болуы керек, көп кешікпей Жанғазының Көкшетау қаласында тұратын ағасы Биғазы Артықбаев оның ұялы телефонына қоңырау шалады, өзімен кездескісі келетінін айтады. Содан сол жылдың 6 маусымында Кладбинка ауылына Төлегенді іздеп келіп, інісі Жанғазының берешегінің бір бөлігін жабу үшін 1 миллион теңге табыс етеді. Қожалық жетекшісінің ренжімеуін өтініп, борыштың қалғанынан жата-жастана құтылатындарын айтады. Сосын екі жақ есепке отырған, ол бойынша бастапқы қарыз 1 550 000 теңгеге бағаланып, оның 2002-2009 жылдар, яғни 8 жыл ішіндегі жылдық өсімі (жылына 9 пайыздан 139 500 теңге) 1 116 000 теңгені құраған. Бұрынғы қарыз бен өсімді қосқанда (1 550 000+1 116 000)=2 666 000 теңге болған, енді одан қайтарылған 1 000 000 теңгені алып тастағанда қалған берешек көлемі 1 666 000 теңгеге екі тарап та келіскен болыпты. Оны қарыз иесінің ағасы 2010 жылға қалдырмай өтеуге сөз берген екен. Биғазының өзіне келген уақыты, қайтарған қарыз көлемі құжатталған қалпында Төлегеннің қолында.

Содан бері де, міне, 3,5 жылдай уақыт өтіпті. Былтыр 6 қарашада Төлеген Жанғазыны қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде қолға түсіріп, Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне өз қолымен апарып тапсырған екен. Бірақ “уәдешіл” қажы тағы да: “Борышымды мойындаймын, қайтарамын” деген сөзбен полиция қызметкерлерінің көзінше қолхат беріп, оның үстіне ағасы Биғазы Көкшетаудан телефон шалып, 28 желтоқсанға дейін бүгінгі күннің бағасына сай есеп айырысуға серт беріп, інісін босатуды өтініпті. Төлеген бұл жолы да ағайындыларға сеніп қалғанын айтады. Уәделескен 28 желтоқсан күні Биғазыға телефон соқса, ол тағы кешірім сұрап, үлгере алмай қалғандығын айтып, кесімді мерзімді биылғы жылғы 10 қаңтарға белгілепті. Бірақ онысы да құр уақыт созу болып шығып, соңғы рет сөйлескенінде, беретін ақшаларының жоқтығын айтыпты.

Шаруа қожалығы басшысының басындағы он бір жылға жуық созылып келе жатқан шырғалаң осындай. Қажы аты бар қарыздар жігітке қылар қайраны болмай отырғанына қатты ренжиді. Өзге өзге болсын, Құдай жолында құлшылық етіп жүрген жаннан осынша жәбір көруі жанына батады. Ақыры сотқа шағымдануына тура келген талап арыз иесінің жылдар бойы жинақтаған құжаттары әділдіктің үстемдік құруына негіз болатынына күмәніміз жоқ. Ал Құран сөзін ұмытқан болса, Жанғазы қажыны Құдай аясын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp