Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жұма күні өңірімізге жұмыс сапарымен Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев пен Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков келді. Олармен болған кездесу барысында облыс әкімі Самат Ескендіров ғарыш саласының отандық үлгісін дамытудың маңыздылығына тоқталып, еліміздің халық қаһарманы, Ресей Батыры, ұшқышғарышкер Талғат Мұсабаевқа сөз берді. Ол өз кезегінде Ұлттық ғарыш агенттігінің жұмысына тоқталып, қазіргі таңда қандай жетістіктерге қол жеткізгендігін баяндады.
Өткен бес жарым жыл ішінде “Қазғарыш” жедел даму сатысынан өткендігін тілге тиек еткен Талғат Мұсабаев “Байқоңыр” ғарыш айлағын пайдалануда жалға берушіліктен бірлескен жұмысқа көшу қажет екендігін айтты. Бұл орайда қазақстандық мамандардың ресейлік әріптестерімен тең дәрежеде жұмыс істеуі қарастырылуда деген агенттік төрағасы елімізде осы саланың білікті мамандарын даярлау мәселесі күрделі екендігін жеткізді. Бұған жастардың ғарыш саласына қажетті математикалық, техникалық, технологиялық мамандықтардан гөрі заңгер, экономист, қаржыгер болуға бейім деген ол отандық Жер серігін жасаудың да елдік мүддеден туындаған ниет екендігін баса айтты. “Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол басқарады” деген заманда шетелден Жер серігін сатып алу ел қауіпсіздігіне қатер екендігін жанжақты түсіндірді. Сол себепті Жер серігін жасау қымбат болса да, мұндай стратегиялық құрылғылар отандық болғаны абзал. Ғарышта жүрген “ҚазСат-2” телекоммуникациялық бағытта жұмыс істесе, қазір еліміз жаңа стратегиялық серіктесі – Франциямен бірлесіп қашықтықтан барлау жүйесін жасау үстінде.
Кездесу барысында облыс әкімі Самат Ескендіров еліміздегі өндірістік кәсіпорындарда ғарыш саласына қажетті қондырғылар шығарыла ма деген сұрағын қойды. Себебі, өңірімізде кезінде зымырандарға қажетті жабдықтарды даярлаған зауыттың бар екені белгілі. Бұл орайда Талғат Мұсабаев өндірістік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін ғарыш саласының қажеттілігін өтеуге пайдалану мәселесін қарастыру ойда бар екендігін жеткізді және де ғарыш саласының дамуы аграрлық өңірлер үшін тиімді, деді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.