Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз
қызметінің инспекторы.
Тәртіп сақшылары Петропавл қаласы Жұмысшы кентіндегі зираттардың бірін қорлады деген күдікпен 35 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол моладан темір шынжырларды ұрлаған екен.
Жұмысшы кентінің тұрғыны шамамен кешкі 6-лар шамасында тым ауыр сөмке сүйретіп бара жатқандықтан, кезекшілік атқарып жүрген патрульді полиция қызметкерлері назарына іліккен. “Дорбада не бар және оны қайда апарасың?” – деген сұраққа жігіт: “Темір шынжырларды сатуға бара жатырмын”, – деп жауап берген. Тәртіп сақшылары тексеріс барысында оның дорбасына шынжырлар салынғанын анықтаған.
Тәртіп сақшылары күдіктіні Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының №2 полиция бөліміне жеткізді. Кейін жігіттің бұл шынжырларды Жұмысшы кентіндегі ескі зират басынан ұрлағандығы әшкереленді. Тәртіп сақшыларына қылмыс жасау себебін ішімдікке ақша болмаған соң бардым деп түсіндірді.
Қылмыс орнын тексеру барысында, екі моланың зақымданғандығы анықталды. Қазіргі кезде тәртіп сақшылары қираған молаларға жерленген марқұмдардың туыстарын анықтау үстінде. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 275-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.