«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оңтүстік Кореяда өткен бүкіләлемдік мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы олимпиадалық қысқы ойындарға коррекциялық №2 мектеп-интернаттың 4 баласы қатысып, жүлделі орындар алып келді. Олар бір алтын, бір күміс және екі қола медальға ие болып, Корей жерінде төрт мәрте Қазақстанның Туын асқақтатып, Гимнін шырқатты.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақстанның құрама командасында 28 адам болған, соның ішінде коррекциялық мектеп-интернаттың төрт баласы да бар. Қазақстандықтар қысқы олимпиадалық ойындарда шаңғы, коньки, мәнерлеп сырғанау, тағы басқа спорт түрлерінен жарысқан. Біздің облыстың намысын қорғаған балалар шаңғы спорты бойынша жарысқа түскен. 500 метрлік қашықтықта Евгений Рудницкий бірінші орын алып, алтын медаль тақты.

 

– Осы жарысқа естігеннен-ақ дайындықты бастадым. Еңбегім зая кеткен жоқ. Менің қарсыластарым да өте мықты шаңғышылар болды. Қатты толқыдым. Алдын ала өткен жарыста үздік нәтиже көрсеткендіктен, қорытынды сайысқа өттім, – дейді алтын медаль иегері Евгений.

Мектеп-интернат басшылығы алғашында денсаулықтарында кінәрат бар балаларды жарыстарға шығаруға жүрексінгендіктерін айтады.

– Олар ең алғаш жарыстарға шығарған кезде, тіпті, пойызға мінуге қорқатын. Одан бері спорттан төрт мәрте алыс шетелдерде болып келді. Нәтижелері де жаман емес. Жапонияда – 4 алтын медаль, АҚШ-та – 1 алтын, 2 күміс медаль алдық, Грекиядан да алтын әкелдік. Енді, міне, Оңтүстік Кореядан да жүлдемен оралып, бізді қуантты, – дейді мектеп-интернат директоры Николай Хованский.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “Спешиал Олимпикс” директоры Марина Бугрееваның айтуынша, жарысқа баруға балалар тамыз айынан бастап дайындалыпты. Қар түскенше жалпы дене жаттығуларын жасап, жүгіріп шыныққан. Қыс түсісімен қала сыртына шығып, шаңғымен жаттығуды үзбей жүргізген. Балаларды шетелдерге шығарарда спорттық қабілеттеріне қоса, сабақ үлгерімдері, тәртіптері де қадағаланады. Бұл – балаларды ынталандырады.

Юлия Лямкина 500 метрлік қашықтықты екінші болып бағындырып, күміс медаль еншілеген. Иван Острецов 500 және 1000 метрлік қашықтықта үшінші келіп, бірден екі қола медальді жеңіп алған. Ал Марина Чумаченко бұл жолы жүлдегер атана алмады. Бірақ алда талай жарыстарға қатысып, бағы үстем болатынына сенімді. Осылайша мүмкіндігі шектеулі балалар 100-ден астам ел қатысқан сайыста Қазақстанның абыройын асқақтатып оралды.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp