«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕФОРМАЛАУ НӘТИЖЕСІНДЕ Әділет министрлігі қызметіне елеулі өзгерістер енгізілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік жылдарында құқық қорғау органдары жүйесінің реформалануымен қатар Әділет министрлігі қызметінде де бірқатар өзгерістер енгізілді. Министрлікті қайта жасақтау, өзгерту – солардың бірі.  

Жанболат САМАШЕВ,

Петропавл қаласы әділет басқармасының бастығы.

Мәселен, бүгінгі күні Әділет министрлігіне қарайтын “АХАТ пункті” ақпараттық жүйесі енгізіліп отыр және ол сәтті жұмыс icтeп келеді. Бұл жүйе ТМД елдерінде жоқ. Оның көмегімен АХАТ бөлімдері азаматтық хал aктiлepi мен куәліктерін қолмен толтырып отырмай-ақ, электронды түрде тіркеуді жүзеге асырады. Бағдарлама арқылы берілетін мәліметтер бүгінде мемлекетке қажетті “Жеке тұлғалар” туралы деректер қорын толтырудың бip көзі. Тағы бір ерекшелігі, үйден шықпай-ақ, яғни Интернет арқылы азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтаманы ала аласыз.

 

ҚР “Нотариат туралы” Заңы да өзгеріске ұшырап, жаңа нотариалдық жүйе құрылып отыр. Жеке нотариус ерекше заңгерлік мамандық болып белгіленген, ол құқықтар мен фактілерді куәландыруға, сондай-ақ осы заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Бірақ нотариат атқарушы билік органдарының жүйесіне кірмейді және заңға сәйкес тікелей және дербес кызмет ететін, өзін-өзі реттейтін белгілі нотариаттық бірлестіктер аумағында қызмет атқарады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің нотариаттық қызметін жетілдіру жөнінде көптеген шаралар қабылданғанды, соның бipi жеке нотариатты енгізу мәселесі болатын.

“Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ведомствоаралық комиссияда әзірленді және мақұлданды. Аталған заңды қабылдау жеке нотариустардың мөрінде Елтаңбаны бейнелеуге рұқсат етеді. Сондай-ақ жеке нотариустың қызметі жария-құқықтық әpi жеке-құқықтық сипатқа ие болды. Сөйтіп, өзгерістер мен толықтырулар негізінде бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе енгізіліп, нотариустар іс-әрекеттерін қағаз және электронды тізімдерде тіркеуді жүргізуде.

Әділет министрлігіне қарасты тағы бір сала – адвокатура. Ол – азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуде мемлекеттік тетіктің маңызды бір буыны. Тәуелсіз Қазақстандағы адвокатураны дамыту қажеттілігін анықтаған бірінші құжат, ол – Президенттің “Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы туралы” қаулысы. Қаулыда сот жүйесі тиімді жұмыс істеу үшін жоғары деңгейде мамандандырылған адвокатура керек деп атап көрсетілген болатын. Қорғауда және басқа заң көмегін көрсетуде адвокаттардың қызметіне қолсұқпаушылық, олардың мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен мекемелердегі сот ісін жүргізудің кез келген сатысында кәсіби заң көмегі мен қорғау құқығы айқындалды. Адамдар құқықтарын қорғау мақсатында кеткен шығынды мемлекет есебінен өтеу мәceлeлepі де арнайы реформа жүргізу нәтижесінде шешілді.

Тәyeлciздiк алғалы еліміздің экономика саласында қол жеткізген жетістіктері, Қазақстанның әртүрлі халықаралық ұйымдарға кіруі және нарықтық реформалар барысында заңнаманың өзгерістерге ұшырауы адвокаттардың заманауи талаптарға сай және арнайы білімдерінің болуын талап етуде. Коғамның дамуы адвокатураға жаңа талаптар мен міндеттерді жүктеп отыр. 2010-2020 жылдар аралығындағы кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында адвокатура саласын терең реформалау қажет екендігі ерекше атап өтілген. Адвокатураны одан әpi дамыту үшін стратегиялық жобалау, адвокаттардың тәуелсіздігін күшейту, тәртіптік рәсімдердің ашықтығын бір жолға қою қажет. Ішкі басқару, адвокаттарды дайындау жүйесін және жалпы әдеп нормаларын белгілеу, адвокатура қызметін насихаттау да күн тәртібіндегі маңызды мәселелер.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласы қосымша міндеттермен толықты. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру, жер телімдеріне жекеменшік енгізу және оларды нарықтық қатынастарға тарту, жылжымайтын мүлік саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізудің қажеттілігі жылжымайтын мүлікке құқықтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін енгізумен қатар жүрді.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуді міндеттеу нормасы алғаш рет Азаматтық кодекстің 118-бабында бекітіліп, оған сәйкес, жылжымайтын мүлікке меншік құқығы және басқа да құқықтар, құқықтарды шектеу, олардың туындауы және тоқтатылуы мемлекеттік тіркелуге алынатын болды. Елбасының “Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы” Жарлығына сәйкес, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жөніндегі қызмет шаруашылық жүргізу құқығына негізделген “Жылжымайтын мүлік жөніндегі орталықтар” республикалық мемлекеттік кәсіпорындарына жүктелді.

Ал бүгінде “Электронды үкіметті” құру мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Әділет министрлігі Байланыс және ақпарат министрлігімен бipгe электронды ақпараттық қызметте көрсету тәжірибесін құру және енгізу жөнінде жұмыстар жүргізіп отыр. Егер қағаз нұсқасында жылжымайтын мүліктің бар (жоқ) екендігі туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамалар үш күн ішінде берілген болса, 2010 жылдың мамыр айынан бастап, тұрғындар аталған анықтамаларды XҚКO-да электронды түрде өтініш жасаған сәттен бастап, 30 минут ішінде ұсына алады. Бұдан басқа, кез келген азаматтың электронды сандық қолтаңбасы болған жағдайда бұл анықтамаларды Интернет арқылы алуға мүмкіндік бар.

Әділет министрлігінің бастамасымен 2011 жылы жылжымайтын мүлік құқығын жедел түрде тіркеу үшін алым мөлшері жеке тұлғалар үшін пәтерге, жеке тұрғын үйге, тұрғын үйге жатпайтын құрылысқа, заңды тұлғалар үшін тұрғын үйге жатпайтын құрылысқа тиісті мөлшерде төмендетілді. Бұдан басқа, қазіргі уақытта Әділет министрлігінде жылжымайтын мүлікке нотариаттық куәландырылған жағдайда құқықтарды электронды тіркеу тетігі пысықталуда. Сонымен қатар “Неке және отбасы туралы” жаңа кодекс қабылданып, отбасылық қатынастарды реттейтін нормалар жүйеге келтірілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp