«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕДАГОГТЕРДІҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ біліктілік деңгейіне қарай белгіленеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Елімізде педагогтердің сапалы кәсіби дамуы және біліктіліктерін арттыру жүйесін жетілдіру үшін корпоративтік басқару мен әлемдік тәжірибе негізінде деңгейлік бағдарламалар бойынша оқытудың жаңа жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды. Ол бойынша жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерін үш деңгейлік оқыту жүзеге асуда. Осы мақсатта “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымдарының педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университеті бірлесе отырып, әлемдегі ең үздік білім беру бағдарламалары негізінде ұстаздар біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасын дайындады. Қазақстанда 2012 жылдың сәуір айында бастау алған педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстарынан 7598 адам өткен. Соның ішінде 7143 педагог (94%) біліктілік емтихандарын жақсы тапсырып, сертификаттарға ие болды. Жоба бес жылға шақталған. Сол кезеңде еліміздің 120 мың педагогі курстарда оқып шығады.

 

Еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынған курстар педагогтердің бұдан кейінгі өз тәжірибелерінде пайдалануларына болатын заманауи әдістер мен технологияларды оқытуды көздеген. Қазақстанның осызаманғы білім беру жүйесі үшін оқушылармен қатар ұстаздардың да шығармашылықпен жұмыс істеп, өз әлеуеттерін барынша арттырулары – қазіргі өмір талабы. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасында да мұғалімдердің сапалық құрамын арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

– “Назарбаев Зияткерлік мектебінде” арнайы дайындықтан өткен республикалық “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты жаттықтырушылары курстар өткізді. 2012 жылы 67-і – мектеп директорлары, 106-сы – директорлардың орынбасарлары, 3 колледж басшылары мен олардың орынбасарлары оқып шыққанын атап айтуға болады. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырысты орындау есебінен 3492 педагог біліктіліктерін арттырудан өтті. Мұғалімдер іс-тәжірибелерін жаңа әдістемелермен толықтырып, өздерінің кемшін тұстарын аңғаруға, оқушыларды білім тұңғиығына терең бойлату қабілетін арттыруына мүмкіндік алды. Облыс бойынша екінші базалық деңгейде 15 мұғалім біліктілігін арттырса, үшінші деңгей бойынша – 298 адам оқып шықты. Үстіміздегі жылы 650 педагог үш деңгейлік қайта оқыту курсынан өтеді, – дейді білім басқармасының әкімшілік-кадрлық жұмыс бөлімінің бастығы Гүлнара Кәрменова.

2013 жылы елімізде 15 мың педагогті біліктілік курстарынан өткізу жоспарлануда. Соның ішінде 9700 ұстаз – үшінші деңгей, 2200-і – екінші және 3100-і бірінші деңгейлік даярлықтан өтеді. Курсты бітірген мұғалімдерге біліктілік емтихан тапсырғаннан кейін сертификаттар беріледі, соның негізінде олардың еңбекақыларына бағдарлама деңгейіне сәйкес 30%, 70 және 100 пайыз үстемеақы қосылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp