«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақындықтан құралақан емес еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қариясы бардың қазынасы бар” деп атам қазақ тегіннен-тегін айтпаса керек. Қолымыз қалт еткенде атамыз бен әжемізді айнала қоршап, ол кісілердің әңгімелерін тыңдауға асығатынбыз. Күні-түні алақанын жайып, Алладан біздің амандығымызды сұраудан жалықпайтын атамыздың ақылын, өсиетін естіп өскен біздер қазіргі уақытта бір-бір шаңырақ құрып отырған жандармыз.  

Егер де мен мүсінші болсам, тұлғаңды тастан қалар едім. Егер де мен ақын болсам, өзің туралы бітпес жыр жазар едім. Егер де бойымда суретшілік өнері дарыса, өзіңнің жарқын бейнеңді қағаз бетіне салар едім, ата!

 

Атам – Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тумасы Батпас Некібайұлы 1993 жылдың 28 қаңтарында 86 жасында өмірден өтті. 7-сынып оқып жүрген кезімде өзімнен кіші сіңлім Сайрангүл суық хабарды жеткізгенде өмір осымен тоқтап қалғандай күй кештім. Содан бері жыландай жылжып 20 жыл да өтіпті. Алайда, менің атама деген сүйіспеншілігім мен сағынышым сейілер емес. Атамның 86 жыл ғұмырында басынан кешкен іріліұсақты оқиғалары – бізге, ұрпақтарына ұлағат.

Соңғы жылдары “Сарқытымнан бес ұлым бар, Барқытымнан бір ұл көрсем екен” деп армандаушы еді. Сол сөзі Алла тағаланың құлағына шалынса керек. 1992 жылдың ортасында інім Ерген дүние есігін ашты. Атам дүниеден озғанда Ерген жасқа да толмаған нәресте еді. Әрдайым: “Әкелші, бір иіскейін!” – деп мейірлене кеудесіне қысатын.

Атам көп жылын ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауға арнады. Оның бәрі “Ленин туы” газетінде жарияланып тұрды. Тіпті, “Жұлдыз” журналында да шыққаны есімде…

Ақындық өнерге бір табан жақын болған атамыз балаларына, немере-шөберелеріне, жалпы өлең шығаруға әуес болатын. Солардан қалған кейбір шумақтар мынадай болып келеді:

Ақыл айтам, бала мен келіндерім,

Жазуға жақсы сөзді ерінбедім.

Айтқанымды мүлтіксіз ұғып алсаң,

Қарағым, ұзақ болсын өмірлерің.

Бірлік пенен Құдайым тірлік берсе

Сол уақытта өсіп тұрар көңілдерің.

Балаларым, еңбек ет білекпенен,

Ақыл айтам қартайған тілекпенен.

Көктемнің жарқыраған гүліндей бол,

Масаты кілемдердің түріндей бол.

Әр уақыт мінезіңмен көзге түсіп,

Елдегі жақсылардың біріндей бол.

* * *

Өлмесе қайда кетті ата-бабаң,

Ажал келсе, қалмайды ешбір адам.

Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын,

Оқып жүр деп, Сарқыт-ау, саған жазам.

Әке сөзі балаға болар кесте,

Өтеміз ғой дүниеден ерте-кеште.

Оқысаң бұл дәптерді әр уақыт,

Әкең сонда, Сарқыт-ау, түсер еске.

* * *

Ажал келсе жаныңды алады ғой,

Қарсылық жоқ, кім болса да барады ғой.

Үйдегі дүниеден түк бұйырмай,

Оң жаққа, қу сәкіге салады ғой.

Екі күн тым болмаса түнетпестен,

Қоюға сені алып барады ғой.

Жиналып көп жігіттер елден келіп,

Зиратын терең қылып қазады ғой.

* * *

Әкенің сөзі балаға,

Барып тұрған өсиет.

Қарным тойған екен деп,

Жасамаңыз кепиет.

Жасамаңыз кепиет,

Арты оның қасірет.

Жамандыққа бұрылма,

Жақсылықты нәсіп ет.

Әке сөзін ұқпасаң,

Әкеге ол қасірет.

Бар болсаң, таспа,

Жоқ болсаң, саспа.

Төгіліп кетіп жүрер,

Аяққа оны баспа.

Артыңды байқа шырағым,

Бұл дүние дос па, қас па?!

* * *

Кейбіреу баймын деп есіреді,

Онысы барып тұрған кесір еді.

Одан да қолдағыны қанағат қыл,

Қадірлі Құдай берген несібеңді.

Жинаған Сәндігүл БАТПАСОВА,

немересі.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp