Халқымыздың аңқау мінезін пайдаланып, “теспей-сорушылар” тым көбейіп барады. Базар маңын жағалаған қарт ашқыш кемпірлерден бастап, Сергей Мавродий сияқты қаржы пирамидасының серкелеріне дейін ел сеніміне кіріп алып, халықтың қалтасын қағумен келеді. “Аңқау елге арамза молда” демекші, еңбек етіп, маңдай терін төкпей-ақ, көріпкелдердің көмегімен бір мезетте “байығысы” келетіндердің қажеттілігін қанағаттандыратын жандардың бірі – Мария Дюваль. Күн санап осы бір жұлдызшы әйелге хат жазушылар қатары
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
журналист.
“Байлық та, бай да сұрауға болады”
Қызылжар қаласының тұрғыны Мақпал Мәжікенқызы (өзінің сұрауы бойынша есімі өзгертілді) журнал ішінен барлық қиыншылықтарды бір мезетте шешіп тастайтын Мария Дюваль деген әйел туралы жарнаманы көзі шалып қалады. Тағдырдың тәлкегіне түскен жалғыз басты жанның жақыны да, жанашыры да жоқ, сондықтан бір көмектессе, осы әйел көмектесер деген ой санасына сап ете түседі. Және одан бір емес, бірден үш нәрсе сұрауға болатындығын оқығанда, тіптен қуанып кетеді. Көп ойланып жатпастан, телефон нөмірін теруге кіріседі. Ар жағынан байланысқа шыққан адам Мақпал апаны мұқият тыңдағанымен, тұшымды жауап қатпайды. Байланыс үзіле берген соң бірнеше рет хабарласады. Бірақ нәтижесіз. Ай соңында телефонға ақы төлеуге барғанда ғана төбе шашы тік тұрған.
– Телефон нөміріне назар аудармадым. Сөйтсем, ол халықаралық нөмір екен. Қайдан білейін? Қазіргі таңда кімнің басында қиындық жоқ дейсіз? Оны айтып, шер тарқататын адамым да жоқ. Сондықтан жарнама жаныма жақын көрінді. Ақша да, жар да сұрауға болады делінген. Енді, міне, 12 мың теңгені телефонға төлеп отырмын. “Қазақтелеком” бұл әрекет үшін жауапты емес екендігін айтты, – дейді Мақпал Мәжікенқызы.
Мария Дюваль байланыс құралдарының барлық түрін пайдаланып бағуда. Хат жазып үйренген ескілікті адамдар үшін ол хат жазысуға да дайын. Бәрі газет-журнал беттеріндегі жарнамадан басталады. Баспасөз құралдары жарнама мазмұнына жауапты емес екенін білетін олар ең танымал деген басылымдарды пайдаланатын көрінеді. Алдымен атақты көріпкел Мария Дюваль хат жазып, басындағы қайғы-қасіретімен бөліскен жанға өзінің бойтұмарын сыйға тартатынын жазады. Тегін нәрсеге кім қызықпайды, ақ қағазды алады да, өмірін өрнектеуге кіріседі. Апта өтпей, уәде бойынша бойтұмар да келеді. Бойтұмармен бірге салынған екінші хатты ашсаңыз, толықтай бақытты болу үшін “құпия кітап” жетпей тұрғаны айтылады. Алайда, бұл жолы ол тегін емес, пошта арқылы ақша жіберу керек және бір қызығы, қайда және қанша сома жіберетініңіз түгел жазылған түбіртек те хаттың ішінде жүреді.
Келесі келетін хатта отбасыңызды қаралы күндер күтіп тұрғаны жазылады. Оны болдырмау үшін “қасиетті тасты” сатып алу керектігі айтылады. Міне, осылай жалғаса береді, жалғаса береді. Жіберген бойтұмар да, асыл тастар да базардағы қытайлық жылтырақ ойыншықтардан көп ерекшелене қоймайтынын кейін барып білесіз.
Мария деген кім?
Халықты қалай “теспей соратынын” түсіндік. Енді “Мария деген кім?” деген сауал туындайды. Ол ешқандай да ойдан шығарылған кейіпкер емес екен. 1938 жылы Италияда туған Каролина Мария Гамбиа деген әйелдің лақап аты. Ол ұзақ жылдар бойы астрологиялық болжамдар жасау арқылы пайда тауып келген. “Astroforce” атты фирманың да негізін қалаушы. Әртүрлі аңыздарда Дюваль көптеген өнер адамдарының, саясаткерлер мен кәсіпкер-лердің бағын ашқандығы айтылады. Тіпті, Чернобыль апаты, Шешенстандағы соғыс, “Эль-Ниньо” дауылы сияқты әлемдік ма-ңызды оқиғаларды болжа-ған деген де әңгімелер бар.
Мүмкін оның бол-жамдары ертерек-те, шынымен де, дөп келген шы-ғар. Бірақ қа-зір олай емес, өйткені 1997 жылы көріпкелдің “Astroforce” фирмасын Гонконгтың “Health Tips Ltd” компаниясы сатып алған. Содан бері бұл компания Мария Дювальдің есімін пайдалану арқылы әлемнің көптеген елдерінде оңай ақша табумен айналысып жүр. Кезінде көрші Ресейде қарыштап дамыған бұл бизнес қазір Қазақстанда да кең қанат жайып келеді. Жұмыстары өте қарапайым. Халықтың психологиясын мұқият меңгергені көрініп тұр.
Көріпкелдерге әдетте өзгеден көмек күтпейтін және өзіне-өзі сенімсіз адамдар баратыны белгілі. Бұл “кәсіп” экономикасы дамымаған, кедей елдерде көп. Және коммунизм елесімен өмір сүрген, яғни бәрі тегін болатынына және ол күн жақында туатынына әбден сеніп үйренген посткеңестік елдер тұрғындары да пысықайлардың оңай олжасына айналатын көрінеді.
Көріпкелдер көгілдір экранда да жүр
Жұрттың қалтасын қағудың тағы бір түрі, бүгінде Қазақстанға тарайтын Ресейдің спутниктік арналарында белең алып тұр. Алдаудың екі түрі бар: біріншісі, интеллектілік ойындар, екіншісі, тағы сол теледидар арқылы көріпкелдік жасау. Тіпті, отандық телеарналарда да осындай ойын-дар көрсетіліп жүр. Экрандағы әріптерден сөз құрап, тікелей эфир телефоны арқылы хабарласуың керек. Бірақ әлі күнге дейін бұл бағдарламаға ешкім хабарласа алған жоқ. Себебі, ол тікелей эфирдегі ойын емес. Ал әрбір шалған қоңырау ақылы.
Көріпкелдер көгілдір экран арқылы да қызмет көрсететінді шығарды. Тағы сол айла, тікелей эфирге хабарласқан адам-дардың мәселесін сол мезетте шешіп тастағанын көргенде, қоңырау шалмай тұра алмайтындар көп. Ал әрбір телефон қоңырауы арқылы өзгенің қалтасын толтырып жатқанын балгерге сеніп үйренген бейбақ артынан бір-ақ білетіні өкінішті.
Осылай оңай ақша табатын телеойындарға Еуроодақ елдерінде, Ұлыбрита-нияда тыйым салынған екен. Ал Ресей Украина, Қазақстан сияқты елдерде, керісінше, кеңінен қанат жайды. Заңгерлердің сөзінше, бізде де тыйым салуға болады. Ол үшін зардап шеккен адамдар прокуратураға немесе сотқа шағымдануы керек екен. Өкінішке қарай, біздің ел тұрғындары бала сияқты алданып қалғандарына ұяла ма, әйтеуір, құқық қорғау органдарына бармайтын көрінеді.
Түйін орнына:
Соңғы кезде Қызылжарда “Qnet” деген тағы бір қаржылық пирамида кеңінен қанат жайып келеді. Арнайы кеңсе жалдап, жұрттың, әсіресе, жастардың басын айналдырып жатыр. Саусақ қимылдатпай-ақ апта ішінде алты-жеті мың доллар пайда табуға уәде береді. “Көк қағаздар” елесіне ерген көп жастар жоғары пайызбен несие алып, ақшаларын апарып салып жатқанын да көз көрді. Сан соғып қалған жандар да бар көрінеді. Бүгін бір мың доллар беріп, бір аптадан кейін жеті мың доллар қайтарып алу мүмкін емес екенін экономиканың қарапайым шарттарын білмейтін қаржылық сауаты жоқ жұрт түсінер емес. Бұл енді басқа бір мақалаға тақырып.