«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАНКТЕН КРЕДИТ АЛҒАН 11 КӘСІПКЕР жәрдемқаржы алатын болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысының орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит алып, өз ісін дамытуға ниет білдіріп жатқан кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі қаралды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылының жеке кәсіпкері Қанат Ысқақов “Қазақстанның Халық банкі” АҚ ОФ арқылы 14 пайыздық үстемемен 1,5 млн. теңге көлемінде кредит алып, асылтұқымды жылқы өсіруге бет бұрып отыр. Енді үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша Қанат Ысқақов 3 жыл бойы кредит сыйақысының 7 пайызын ғана төлейтін болады және бюджет алған соманың 50 пайызына кепілдік береді.

 

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” атты бірінші бағыты бойынша жеке кәсіпкер Сергей Сокирко “БанкЦентрКредит” АҚ ОФ арқылы “Матадан сыртқы киімдер және бас киімдер тігу жөніндегі қызметті кеңейту” жобасын жүзеге асыру үшін 13 пайыздық үстемемен кредит алған. Он екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында 25 адам еңбек етеді. Жаңа жоба 5 адамды қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етпек. Енді бюджет жеке кәсіпкерге 3 жыл бойы 11,5 млн. теңгені қайтаратын болады, сөйтіп Сергей Сокирко алдағы уақытта 6 пайыздық үстемені ғана төлейді.

Гүлнар Рақымжанованың жеке кәсіпорны автобуспен жолаушылар тасымалдаумен айналысады. 12 жолаушылар көлігі бар, еңбек ететіндер саны – 48. Аталмыш өндіріс орнында “Автобуспен жолаушылар тасымалдау бойынша қызметті кеңейту” жобасы жүзеге асырылмақ. Ол үшін “Еуразия банкі” АҚ-ның ОФ-нан кредит алған. Қажетті құжаттар толық әзірленгеннен кейін жеке кәсіпкер Гүлнар Рақымжанова банк кредиті сыйақысының 4 пайызын ғана төлейтін болады.

Петропавл қаласындағы Ләйла Сайдашева басқаратын “VIZaVI Company” ЖШС кондитер бұйымдарын өндірумен айналысады. 127 адам еңбек ететін кәсіпорын “Кондитер бұйымдарын өндіруді жаңғырту” жобасы арқылы тағы қосымша 50 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Оған “Қазақстанның Халық банкі” АҚ ОФ-нан алынған кредит пайдаланылуда. Үйлестіру кеңесі 3 жыл бойы сыйақы ставкасын 7 пайызға азайтуға қолдау көрсетті.

Осы жолы азық-түлік тағамдарын өндірумен айналысатын жеке кәсіпкер Елена Иващенко, жүк және жолаушылар тасымалдауды мақсат еткен бизнес өкілдері Сергей Попов пен Владимир Комлев, алкогольсіз сусын шығаруды бастап кеткен “Acionna” ЖШС директоры Сергей Деймундт үйлестіру кеңесінен қолдау тапты.

Қызылжар ауданындағы Қарғалы аралында демалушылар үшін туристік база ұйымдастырғысы келетін Марат Қасымовқа қажетті құжаттарын толық әзірлеуге ұсыныс жасалды.

Отырыс қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктерден кәсіпкерлер алған 11 кредит үшін 3 жыл бойы бюджеттен 38,2 млн. теңге төленіп, сомасы 5,7 млн. теңгенің 2 бюджеттік кепілдігі берілетін болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp