«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ ҮШІН бәсекеге қабілетті болуымыз керек”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлжан ТӨКЕНОВА:

“БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ ҮШІН бәсекеге қабілетті болуымыз керек”

Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Бәсекеге қа-білетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің аза-маттарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды”, – деген болатын. Осыған орай өңіріміздегі бетке ұстар білім ошағының бірі саналатын Әбу Досмұ-хамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттың директоры Гүлжан Төкенованы әңгімеге тарттық.

 

– Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, 2013-2014 оқу жылынан бастап біз жаңа білім стандартымен жұмыс істейтін боламыз. Бұл білім стандарты негізгі үш аспект: тәрбиелілік, жүйелілік және ғылыми сауаттылық бойынша жүзеге асады. Жаңа білім стандартында оқушының тұлғалық деңгейін қалыптастыру, яғни оқушыны жан-жақты, рухани бай етіп тәрбиелеу міндеті бірінші кезекке қойылады. Баланың тәрбиесі, адамгершілік қасиеті болмаса, құрғақ біліммен одан жеке тұлға қалыптаспайды. Сондықтан тәрбие мәселесіне көп көңіл бөлеміз. Екіншіден, жүйелілік-әрекеттік нәтиже болу керек. Бұл баланы ғылыми ақпаратты талдай, өңдей, жинақтай және қолдана білуіне, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруіне, жоғары деңгейдегі коммуникативтік қабілеттілікке көтереді. Үшіншіден, пәндік нәтижелер оқушылардың білімінің базалық мазмұнын меңгеруі және іс-әрекеттік дайындығы барысында көрінеді.

– Қазіргі күні жас ұрпақтың сапалы білім алуына, заман талабына сай өсіп-өнуіне жағдай жасалуда. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер ашылып жатыр. Бұл жағынан оқушыларыңыз бәсекелестік таныта алып жүр ме?

– Балаларымыз былтырдан бері халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысып жүр. Үш жыл қатарынан ЮНИОР олимпиадаларына өтті. Биыл да сол межеден шығуға талпыныс жасап жатырмыз. Биылғы оқу жылында Динара Шәжімбаева, Айжан Шамғанова – Америка Құрама Штатына, Хаят Шәкірова – Түркияға, Арайна Бақтыбаева – Румынияға, Самал Сәрсенбай – Мәскеуге, Темірлан Серікбаев – Байқоңырға өз жобаларын ағылшын тілінде жазып, дайындалу үстінде. Назарбаев Университетінде оқу үшін ағылшын тілін білу, әлемдік кеңістікке шығу қажет. Қазіргі талап бойынша физика, математика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқыту керек. Бізде бұған дейін бұл пәндерден тек терминдерді ғана ағылшын тілінде беріп келдік, ол қазіргі заман талабына сай келмей отыр. Физика-математикадан білімдері жақсы оқушыларымыз бар, бірақ заманауи талаптарға сай пәндік олимпиада тапсырмаларында осы пәндерден сұрақтар ағылшын тілінде келеді. Сондықтан бүгінгі күні білім ошағына физика-математика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді тартып жатырмыз. Үшінші тоқсаннан бастап физика, математика пәндерін ағылшын тілінде 7-сыныптан бастап дайындық курсы ретінде оқытпақшымыз. Тағы 1-2 мұғаліммен келісіп қойдық. Олармен жаңа 2013-2014 оқу жылынан бастап 7-сыныптарда физика-математика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға эксперимент ашуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар ұстаздарымыз физика, математика, география пәндерін ағылшын тілінде оқыту бойынша бағдарламасын, оқулығын, терминологиялық сөздігін жасау үстінде. Балаларды халықаралық деңгейге шығару үшін жүйелі жұмыс қажет. Жамбыл, Павлодар облыстарында “Дарын” орталықтары бар. Сол орталықтарда халықаралық деңгейге шығаратын оқушыларын оқытып, дайындап, ең білімі мықтыларды іріктеп алады. Өкінішке қарай, бізде ондай орталық жоқ. Сондықтан біздегі дарынды балаларға мамандандырылған білім ошақтарының әрқайсысы өз шамашарқынша әрекет етуде.

– Бүгінгі таңда балаларға ғылыми негізде білім берілуі тиіс. Ол үшін ғылыми атақтары бар жетекшілер керек. Білім ошағында ондай дәрежедегі мұғалімдер бар ма?

– Өзімізде мұғалімдердің әдістемелік бірлестіктері бар. Қазіргі заман талабына сай қазақ әдебиеті, тарих, география, биология пәндері мұғалімдері “Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” жобасы стратегияларын, математика, физика, химия пәндері мұғалімдері “Деңгейлеп-саралап оқыту” технологиясын сабақтарында ұтымды пайдаланып жүр. “Деңгейлеп-саралап оқытуда” оқушының өз бетімен білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылып, баланы дүниежүзілік білім жүйесінде қолданылатын рейтинг-ұпай жинау әдісіне баулиды. Қазір М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғылыми дәрежелері бар оқытушыларын тартуды көздеп отырмыз. Онда қазақ тілінде жетекшілік ететін оқытушылар жоқ деуге болады. Сондықтан бүгінде ғылыми жетекші орыстілді болса да келісуге дайынбыз. Сонымен қатар гимназия-интернаттың орталықтан шеткері орналасқаны да қиындық туғызады. Әсіресе, физикаматематикадан ғылыми жетекшілер табу қиын. Жетекші табылса, оқушыларды өзіміз-ақ апарып тұруға келісер едік.

– Қазақ мектептерінде сапалы білім жоқ деген пікірге көзқарасыңыз қалай?

– Ондай пікір қазір ескірген. Олимпиадаға баратын балалармен жеке жұмыс жүргізіледі. 9-11-сыныптың 33 оқушысы облыстық олимпиадаға өтіп, 15 жүлделі орындарға ие болды. Мұғалімдердің әрқайсысы өз пәні бойынша білім стандартында жоспарланған бағдарламаны бере алады. Мектепте озық тәжірибелерімен көзге түсіп, оны баспасөз беттерінде жариялап жүрген мұғалімдер де баршылық. Еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарына түскен түлектеріміздің үлгерімдері жақсы, Қазақ Ұлттық университеті, Еуразиялық Ұлттық университеті, Астана медициналық академиясы ректорларынан Алғыс хаттар да аламыз. Бұл – бізден барған балалардың білім деңгейлерінің жақсы екендігінің дәлелі. Биылғы ұтып алған грантымызға материалдық-техникалық жабдықтарымызды жаңалап алдық. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Біздің мектепті терең білім беретін заманға сай жұмыс істейтін элиталық білім ошағы деп ұялмай айта аламын. ҰБТ-ның нәтижесі мұғалімнің білім деңгейін көрсетеді. Бір пәннен екі мұғалім болса, олардың арасында бәсекелестік болуы керек. Олардың әрқайсысы бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сонда ғана білім сапасын жақсарта аламыз, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіретін шәкірт тәрбиелеу – біздің міндетіміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp