«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕПТЕГІШ БОЛМАСА, СУ АҚЫСЫ ҚЫМБАТТАП КЕТЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің акт залында жеке су есептегіш құралдарын орнату мәселелері жөнінде “дөңгелек үстел” өтті.  

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Оның жұмысына табиғи монополияларды реттеу жөніндегі облыстық департаменттің директоры Марат Мұстафин, “Қызылжар су” ЖШС-нің бас директоры Аслан Сатин, мемлекеттік органдардың өкілдері және су есептегіші құралдарын орнатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер қатысты.

Бүгінде күн тәртібінде өткір тұрған мәселені көтерген кәсіпорындағы басқосуда табиғи монополияларды реттеу жөніндегі облыстық департаменттің директоры Марат Мұстафин:

– Ел Президенті биылғы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Қоғамымыздағы ойсананы түбегейлі өзгерту қажет. Біздің ең асыл табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтатуымыз қажет”, – деп су мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыс ауқымы кеңи түседі, тұрғындарды суды үнемді пайдалануға ынталандыруымыз керек. Оны шешу жолдарының бірі су тұтынуды қадағалап отыруға мүмкіндік беретін жеке есептегіш құралдарын орнату болып табылады. Бүгінде қаладағы су тұтынушылардың 82 пайызы есептегіш құралдарымен қамтылған. Ендігі басты мақсат – газға және электр қуатына орнатылғаны сияқты су тұтынушыларын да есептегіш құралдарымен толық жабдықтау болып отыр, – деді.

 

Есептегіш құралдарынсыз су бағасының бұдан былай одан әрі қымбаттай түсуі мүмкін екенін тұтынушылардың білгені жөн. Су қорлары мен қуат үнемі мақсаттарында “Қызылжар су” ЖШС-і 2012 жылғы 30 қарашадан бастап тұтыну көлемдеріне және есептегіш құралдарының барына немесе жоқтығына байланысты суға жіктелген тарифтер қолдануға көшті. Мысалы, есептегіш құралдары бар және айына 3 текше метр су тұтынатын тұрғындар су үшін тариф бойынша 41,19 теңге төлейді, яғни ол айына 123,57 теңге құрайды. Ал, есептегіш құралы жоқ тұрғындар айына 7,6 текше метр тұтыну нормасы бойынша суға тариф бойынша 61,78 теңге төлейді, ол айына 469,53 теңгені құрайды. Осы мысалдан байқалып отырғанындай, есептегіш құралы болған жағдайда оның үнемділігі 3,8 есе жоғары немесе 345,96 теңгені құрайды.

Кездесуде “Лары” ЖШС-нің директоры Анатолий Грешешников шағын пәтерлерге есептегіш құралдарын орнатуда қазіргі техникалық талаптардың қатаңдығы қиындық тудыратынын айтты. Оның мәлімдеуінше, есептегіштің алдында және одан кейін 110 мм. кеңістік қалуы керек. Тар үйде оған мүмкіндік жоқ. Сол сияқты есептегішті тек бетін жоғары қаратып орнату талабын да орындау оңай емес. Оны ыңғайына қарай орындауға рұқсат берілгені дұрыс. Бұл мәселе есептегіш құралдарын орнатушы барлық фирмаларды толғандыратын болып шықты. Сонымен бірге “Оспанов” ЖШС-нің басшысы да сөз алып, есептегіштердің қайта тексерістен өту мерзімінің 5 жылдан 4,5 жылға қысқартылуына келіспеушілігін білдірді. Қазір қалада су есептегіш құралдарын орната алмай жүргендердің көбі тұрмысы төмен отбасылар екенін айтып, бұл мәселені бірлесе шешуге назар аударды.

Қойылған сұрақтарға басқосу барысында бірден жауап қайтарып отырған кәсіпорын басшысы Аслан Сатин осынау жауапты кезеңде өздерінің on-linе режімінде жұмыс істейтіндерін, көтерілген мәселелерді жедел шешу үшін қалалық әкімдікпен, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық қызметтерімен тығыз байланыста болатындарын, ал техникалық талаптарға байланысты қиындықтарды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге тырысатындарын айтты.

Жиналғандар су есептегіш құралдарымен тұтынушыларды барынша толық қамтудың қажеттігін бірауыздан атап өтті. Өйткені, осы жылғы 1 маусымнан бастап суға ақы төлеу жоғары шекті тарифтерге көшірілмекші. Бұл – қазіргі қолданыстағы тарифтер тағы біршама өседі деген сөз. Ондай жағдайда есептегіш құралдары жоқ тұтынушылардың су төлемінде айтарлықтай ұтылары сөзсіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp